• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Қысқы спорт 22 Ақпан, 2022

Жанайқай: Абзал Әжіғалиев Қазақстанда спортшыларға кедергі көптігін айтты

4680 рет
көрсетілді

Қытай астанасы Бейжің қаласында өткен Қысқы Олимпиада ойындарында ұлттық құрама сапынан ең жоғары нәтиже көрсетіп, төртінші орынға табан тіреген Шорт-трек шебері Абзал Әжіғалиев ащы шындықтың бетін ашты, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Мені қолдаған және Олимпиадада бізге шын жүректен жанкүйер болып, алаңдағандарға тағы да шексіз алғыс айтамын. Дәл осы мәселе қазір өзекті болып тұрғанда мүмкіндікті пайдаланып, шорт-тректі мысалға ала отырып, біздің спортшыларымыздың Олимпиадаға дейін қандай кедергілерге тап болатынын айтқым келеді.

1. Мұз айдыны. «Алау»  - қазірде шорт-трекшілердің жаттығуына сай келетін Қазақстандағы жалғыз мұз айдыны. Бірақ бізге онда тұрақты дайындалуға мүмкіндік берілмейді, біз сондықтан амал жоқ Еуропаға немесе Ресейде жаттығуға  шығамыз. «Алауда» барлығы тамаша болғанымен ол ұлттық құрамаға арналмаған. Бізге кемінде күніне таңертең және кешке екі сағаттан керек. Бірақ мұз сарайы жекеменшік болғандықтан барлығы ақшаға келіп тіреледі. Ал ұлттық құрамаларда ондай ақша жоқ. Бізде онда арнайы орын қарастырылмаған, тіпті жаттығу кезінде заттарымызды тастап кететін арнайы киім ауыстыратын жер де табылмайды. Пекин Олимпиадасының алдында біз «Алауда» дайындалдық. Бірақ бізге мұз айдыны тек Олимпиада алдында емес, үнемі керек.

Айтпақшы, мұз айдыны тек ұлттық құрамада емес, жастар мен жасөспірімдерде де қарастырылмаған. Біздің спортымыз үшін басты проблема осы. Барлығы медаль сұрайды. Ал бізде тіпті қысқы спорт түрлеріне арналған база да жоқ. Ал жанкүйерлер мұндай спорттың барынан тіпті хабарсыз.

2. Әр өңірде мұз сарайлары салынған. Бірақ олардың ешқайсысы шорт-трекшілердің жаттығуына жарамайды. Тіпті, Алматыдағы да. Маттың орнына барлық жерге борт орналастырылған. Мұндайда біздің жарақат алып қалу қаупіміз өте жоғары. Алматының мұз алаңдарындағы жағдай да «Алаудағыдай». Бос уақыт жоқ, ақша жоқ…

3. Бізге керекті құрал жабдықтарды тек заңда рұқсат етілген шамада ғана алып береді. Инвентарь алуды біз үшін мұздан кейінгі үлкен мәселе деп айтар едім. Дәл осындай проблемаға Токионың алдында садақшылар да тап болды. Осы проблема барлық спортшының басынан өтеді және спортшылар әрдайым осыны айтып келеміз. Бірақ оған министрлік немесе басқармалар мән беріп отырған жоқ. Көңіл аударса да тек Олимпиаданың алдында есіне алады. Кәсіби спортқа тек Олимпиада кезінде емес, үнемі, тұрақты назар аударып, жұмыс істеп отыру керек. Біздің спорт үшін вело жаттығулар өте маңызды. Оған велостанок, велосипед, конькиімізді қарайтын гейч пен күш өлшейтін техникалар керек. Барлық елдің командалары аталғандармен толық қамтамасыз етілген, біз оларды онсыз да жеңіп жүрміз. Бірақ бізге берілген уәде, уәде күйінде қалады. Әрдайым әңгіме инвентарьға келіп тірелгенде мемлекеттік сатып алудың процестеріне байланысты кешіктіріліп жатыр деп сылтауратады. Халықаралық жаттығулар біздің жабдықтарымыз жоқ деп тоқтап тұрмайды ғой. Нәтижесінде біздің механиктер өз қалталарынан ақша шығарып, конькиге арналған бөлшектерді сатып әпереді. Немесе біз «заңда рұқсат етілмеген» деп айтқан соң кейбір құралдарды өз ақшамызға жинап алуға тура келеді. Себебі, біз инвентарь жоқ немесе жетпейді деп бір жарысқа қатыспай қоя алмаймыз. Біздің жарыстар тендер қашан өтетінін күтіп отырмайды. Бұл тек биыл емес, жылда қайталанатын нәрсе.

4.Маған облыстық спорт басқармасы осыған дейін бірнеше рет велосипедті алып береміз деп уәде берді. Қазір енді сұрасам тым қымбат дейді, енді тым болмаса станок алып берулерін сұрадым. Өзім демеушілерге осы өтінішімді айтып көріп едім, ол да жауапсыз қалды. Бізде спортты дамыту керек деп көп айтады. Бірақ ана жолы айтқанымдай, қысқы спорт үнемі жазғы спорттың тасасында қалып қалады. Қысқы спорт ешкімге қызық емес. Жағдай тек өзім үшін жақсарсын деп емес, жалпы жастар да бұл спортпен айналысса, осы спорттың еліміздегі болашағының бар екенін көрсеткім келеді.

5. Жалпы шорт-трек туралы көп адам біле бермейді, көп жазылмайды. Осы спортымызды Олимпиада кезінде ғана емес, жалпы барлық кезде білсе екен дейсің.

Білесіз бе, шорт-тректі түсінетіндер аз, ал қазір көбі Олимпиада ойындарын көріп, бұл спорт түрімен танысқандарын жазады. Бірақ біз көп жылдар бойы әлем кубогы жарысына қатысып, әлемнің үздік ондығына кіреміз, Олимпиада чемпиондарымен бірдей жүгіріп, олардан озып та жатамыз. Жеңеміз. Бірақ медаль алған кезде ешқандай қолдау болмайды, кішкене болса да осы мәселеге назар аударылып, сыйақы тағайындалса. Бұл да заң бойынша қарастырылмаған. Ал спортшылардың жалақысы, айлығы Қазақстандағы орташа жалақыға жете бермейді. Жеңіске жеткенде ел намысын қорғаймыз, бірақ оның жемісі ретінде назар да аударылмайды. Бізде басқа елдердегідей демеушілік жоқ, тек мемлекетке ғана сенеміз. Осылай айтқаным дұрыс па, жоқ па білмедім. Бірақ Олимпиададан басқа кезде ешкімге керек емес спорттан қалай нәтиже күтуге, сұрауға, талап етуге болады?

6. 2018 жылғы Олимпиададан кейін жарақат алып, ұзақ уақыт денсаулығымда мәселе болды. Осы уақытта құрамадан шеттетілдім, өз қаражатыма емделдім. Бізде жарақат алсаң ешкімге керек емессің. Ал кәсіби спортта жарақат көп кездеседі. Өзіңді, өміріңді спортқа арнап, осындай жағдайға тап болғанда соңында жалғыз қаласың.

7. Қазір Олимпиада бітті. Иә, білемін, ешкім нәтижесіне мәз емес. Біздің кішкентай командамыз үшін бұл өте үлкен және тарихи көрсеткіш еді. Келесі Олимпиадада нәтиже жоғары болуы үшін жарты жыл қалғанда емес, қазірден бастап қимылдау керек. Бізде жазғы спортқа назар көп аударылған соң талап та жоғары. Соңында бәрі, жанкүйерлер де қысқы спорттан да келіп сондай нәтиже күтеді.

Менің ең үлкен арманым - еліміздің көк байрағын әлемдік ареналарда желбірету, ауылдардағы, өңірлердегі балалардың барлығы бірдей спортпен айналыса алса, олар да таңдау жасай алса, Қазақстанда спортшының, спортшы болудың мәртебесін және оның қандай еңбек екенін білсе.

Қазір бізде егер сенде медаль болса, сені жақсы көреді, сосын барып саған жағдай жасайды. Бірақ медаль болуы үшін бірінші жағдай жасалынуы керек қой. Базадан бастап, қарапайым күнделікті жаттығу да осы жағдайға кіреді.

Сөз соңында мен өз командама, жаттықтырушыларыма көп рақмет айтқым келеді. Біз мұнымен тоқтап қалмаймыз. Осы уақытқа дейін талай қиындықты еңсеріп, мойымадық. Әрі қарай да биік белесті бағындыруға барымызды саламыз. Жақсы нәтижеге қол жеткізу үшін аянбаймыз. Бізді үнемі қолдап, жанашыр болып отырған әрқайсыңызға алғыс.

Еліміздегі спортты өсіретін де, өшіретін де өзіміз. Сондықтан менің осы айтқандарым тиісті жерге жетеді деп ойлаймын», деп жазды спортшы әлеуметтік желілердегі парақшаларында. Спортшының сынынан спорт саласына жауапты шенеуніктер нәтиже шығарса, қане.