• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Саясат 22 Ақпан, 2022

Донбастағы дүрбелең

470 рет
көрсетілді

Дәл қазір халықаралық саясат ең күрделі жағдайда тұр. Ресей президенті Владимир Путин дүйсенбі күні халыққа үндеу жариялап, Украинаның Донецк және Луганск аудандарында құрылған «ДНР» мен «ЛНР»-дің (Ресейден өзге елдер мойындамаған) егемендігін тану туралы шешімін хабарлады. Кремль басшысының бұл қадамын халықаралық қоғамдастық сынға алды. Осы орайда Украинадағы түйткіл бүкіл әлемге үлкен сабақ болуға тиіс.

«ДНР» мен «ЛНР»-ді мойында­ғаннан кейін Владимир Путин аталған өңір­дегі қауіпсіздікті сақтау деген же­леу­мен әскер жіберу туралы жар­лық­­қа қол қойды. «Донбасс сегодня» сай­ты­ның хабарлауынша, ресейлік сарбаздар мен әскери техника аймаққа кіре бастаған. Кремль басшысының «ДНР» мен «ЛНР»-ді мойындау туралы шешімінен кейін БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде Ук­раина мәселесі талқыланды.

Жиынды жүргізген БҰҰ Бас хатшы­сының саяси және бітімгершілік мәселелер жөніндегі орынбасары Роземари ДиКарло Донецк және Луганск облыстарының жекелеген аудандарының тәуелсіздігін мойындау туралы Ресей шешімі Украинаның аумақтық тұтастығы мен егемендігін бұза­тынын мәлімдеді. «Дәл қазір ауқымды қақтығыстың қаупі туып тұр. Қандай жағдай болсын, бұған жол бер­меуіміз керек. Мұның жаһандық және өңірлік әсері бар. Ресей әскерін бітім­герлік күштер деген сылтаумен Украи­наның шығысына әкелуін айыптаймыз», деді ДиКарло.

Роземари ДиКарло ханымның айтуынша, ЕҚЫҰ-ның Украинадағы мисси­ясы 18-20 ақпан аралығында аталған екі ауданда оқ атпау туралы келісімді бұзған 4304 оқиға тіркелгенін хабарлаған.

АҚШ-тың Біріккен Ұлттар Ұйы­мындағы өкілі Линда Томас-Гринфилд Қауіпсіздік Кеңесінің шұғыл отырысында Ресей әрекетінің салдары «бүкіл Ук­раинаға, Еуропаға және әлемге ауыр әсер ететінін» жеткізді. «Мұны бітімгершілік күштер деп атайды. Бұл бос сөз. Олардың шын мәнінде кім екені белгілі», деді Л.Томас-Гринфилд.

Ұлыбританияның БҰҰ-дағы өкілі Бар­бара Вудворд Мәскеуге қарсы жаңа санкциялар салынатынын хабарлап, Ресейді ахуалды шиеленістірмеуге ша­қырды. «Мұның экономикалық зардабы ауыр болады. Ресей басқа жол қалдыр­ май отыр. Ресейді шешімінен бас тартуға шақырамыз», деді Б.Вудворд.

Бір қызығы, бұған дейін Ресейге жы­лы қабақ танытып келген Кения секілді БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мү­ше елдер Кремльдің бұл қадамын сын­ға алды. Бұл түсінікті де. Украинаның тұ­тас­тығына қол сұғылып жатқанда, оны құп­тау өздеріне де қауіп төндіруі мүмкін. Өйт­кені Кения да – кезінде империяның ота­­­- р­­ында болған, тепкі көрген ел. Сон­дық­­тан өз елінің мүддесін жоғары қойып отыр.

Үндістан, Біріккен Араб Әмірліктері, Бразилия тараптарды келіссөзге шақырды. Қытай да мәселені бейбіт жолмен шешуге үндеді. Бірақ Ресейдің әрекетін ашық айыптамады. Сарапшылардың айтуынша, Бейжің үшін қиын шешім қабылдау қажет. Өйткені «ЛНР» мен «ДНР»-ды мойындаса, Тайваньның да тәуелсіздігін тануға тиіс. Ал мойындамайын десе, Ресеймен қарым-қатынас бұзылуы ық­ти­мал. Сондықтан Бейжің асықпай, әліптің ар­тын бағатын секілді.

Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Антониу Гутерриш «ДНР» мен «ЛНР»-ді тану «Украинаның аумақтық тұтастығы мен егемендігін бұзу және БҰҰ жарғысының қағидаттарына қайшы келеді», деп мәлімдеді.

АҚШ тарапы да жедел шешім қа­былдады. Ақүй АҚШ-тың жоғарыда аталған аймақтарға инвестиция салуға немесе олармен сауда жасауға тыйым салатынын хабарлады. Сондай-ақ Мәскеу қолдайтын аумақтарда әрекет ететін кез келген адамға қарсы санкция жариялады. Мемлекеттік хатшы Энтони Блинкен туиттердегі парақшасында Кремльдің ше­шімін ұятқа балады. «Ресейдің сенімді өкілдері басқаратын рес­пуб­ликалардың «тәуелсіздігін» мойындау – ұят әрекет. Біз оларды қатаң түрде айып­таймыз. Украинаның сыртқы істер минис­тріне айтқанымдай, Украинамен біргеміз», деп жазды Э.Блинкен.

Еуропалық комиссия президенті Урсула фон дер Лейен мен Еуропалық кеңес пре­зиденті Шарль Мишель де бірлес­кен мәлімдеме жасады. «Украина­дағы екі сепаратистік аумақты тану – ха­лық­аралық құқықты, Украинаның аумақ­тық тұтастығын және Минск келісімдерін өрескел бұзу. Одақ осы заңсыз әрекетке қатысы бар адамдарға қарсы санкциялар қолданады», деді олар.

Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсон да Ресейге санкция салынатынын хабарлады. Оның айтуынша, мұндай тыйымның бастапқы легі экономикалық тұрғыда ауыр соққы бермек. «Санкция Ресейге қатты әсер етеді. Алда-жалда Украинаға басып кірсе, бұдан да көп санкция саламыз. Ресей компанияларының Ұлыбритания қаржы нарығында капитал тартуға кедергі жасалса, мүлікке иелік етуіне тыйым салсақ, оның салдары ауыр болатынына күмән жоқ», деді Б.Джонсон.

Түркия президенті Реджеп Тайип Ердоған Ресейдің Донецк пен Луганскіні тануын қабылдауға келмейді деп мә­лім­деді. «Ресейдің бұл шешімін қабыл­дауға болмайды. Біз барлық тарапты пара­сат­тылыққа және халықаралық құқық­ты құр­меттеуге шақырамыз», деді Р.Ер­доған.

Бұдан бөлек Батыс елдерінің бәрі Кремльдің шешімін айыптады. Қазіргі таңда санкция салу мәселесі талқыланып жатыр. Бірақ кей сарапшылар Ресей сарбаздары Донбасс өңірінде ғана қалса, онда аталған елге салынатын санкция ауыр болмайды дегенді алға тартады.

Қалай дегенмен, Батыс елдері әзірге сөз жүзінде ғана жонын күжірейтіп отыр. Алайда қашан іске кірісетіні белгісіз. Еуропалық одақтың Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғары өкілі Джозеф Боррелль ұйымға мүше бүкіл ел бірауыздан шешім қабылдауы қажет екенін алға тартады.

Осы орайда, қарт құрлықтағылардың іс жүзінде кібіртіктеп қалуына негіз бар. Германия қазіргі таңда Ресеймен бірлесіп «Солтүстік ағын-2» жобасын жүзеге асырып жатыр. Сондықтан бертінге дейін Олаф Шольц санкция туралы кесімді пікір айтуға асықпаған еді.

Оған қоса, Еуропалық одаққа мүше мемлекеттер Ресейдің газына мұқтаж. Мәселен, 2021 жылы қарт құрлық тұтынған көгілдір отынның 40 пайызын «Газпром» жеткізген. Еуропа жетіс­пейтін мұнай мен оған жанама өнімдерді Ресейден, сонымен қатар осы елдің аумағы арқылы басқа мемлекеттерден сатып алады. Мұның көлемі де аз емес. Сондықтан Еуропалық одақтың Ресейге санкция салуға аса құлық таныта қоймауы да осыдан.

Кеше Украинаға қатысты мақа­ламызда Будапешт меморандумы туралы айтқан болатынбыз. Атал­ған құжат­қа сәйкес Еуропадағы қауіп­сіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) саммитінде Ресей, АҚШ және Ұлы­британия басшылары Қазақ­стан, Украина, Беларусьтің аумақтық тұтастығын, қауіпсіздігін қорғауға ке­пілдік берді. Осы елдердің тәуелсіздігіне, егемендігіне және қазіргі шекарасына құрмет көрсетіп, аумақтық және саяси тұтас­тығына қауіп төндірмейтіндерін, қару-жарағын оларға қарсы қолдан­байтынын уәде етті.

Сонымен қатар 2014 жылы Украи­надағы ахуалға байланысты Ресей, ЕҚЫҰ және Украина Минск келісіміне қол қойған болатын. Бұл құжат Донецк пен Луганскідегі жағдайды тұрақтандыруға бағытталған еді. Бұл аз десеңіз, Украина мен Ресей 2003 жылы мемлекеттік шекара туралы келісім жасасқан еді. 2004 жылы екі елдің де парламенті құжатты ратификациялады. Дегенмен келісімде Беларусьтен басталып Азов теңізіне дейінгі шекара ғана нақтыланған-ды. Яғни қазіргі Луганск пен Донецк аймақтарының маңындағы шекараға ратификация жасалған болатын.

Осындай маңызды құжаттарға қара­мастан, Кремль басшылығы Украинаның ішкі мәселесіне тікелей араласып, аталған елдің аумағына әскерін кіргізгені туралы ақпарат тарай бастады. Бұл халықаралық қоғамдастықтың әлемдегі тәртіпті сақтауда, тәуелсіз елдердің егемендігін қорғауда қабілетсіз екенін көрсетіп отыр. Батыс елдері Украинадағы жағдайдан кейін сөз жүзінде ғана емес, іс жүзінде де әрекет етуге тиіс.

Жоғарыда айтып өткен құжаттарға ұқсас келісімдерге Қазақстан да қол қойған. Осындайда, Будапешт меморандумы секілді шарттардың маңызы қалмағаны ма деген заңды сұрақ туындайды. Мұндайда қайтпек керек? Халқымызды біріктіретін елдегі тұрақ­тылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ететін, ынтымаққа ұйыстыратын ортақ тіл мен мәдениетіміз секілді құнды­лық­тарға басымдық беріп, еліміздің барлық өңірінде қазақ тілінің кеңінен таралуына жағдай жасауымыз қажет. Ұлттық тұтастықты нығайту, тіл, дін ала-құлалығына жол бермеу бұзық ниет­тілердің оң жамбасына түсіп қалмауы­мыздың басты кепілі екенін ұмытпаға­нымыз жөн. Оңтүстіктегі тұрғындарды қазағы аз өңірлерге қоныс аударуды жал­ғастыру керек. Әйтпесе, Украинаның басына түскен күн бізге де келмесіне ешкім кепілдік бере алмайды.