• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Аймақтар 23 Ақпан, 2022

Ауыз суға зәру

406 рет
көрсетілді

Шал ақын ауданының аумағы негізінен Есіл өзенінің бойында орналасқан. Бірақ соған қарамастан таза ауыз суға әлі де қол жеткізе алмай отырған ауылдар бар. Мәселен, Ступинка, Семиполка ауылдарына ауыз су жетеді деген әңгіме көптен айтылғанымен әлі де шешілмеді. Ең бастысы, жобалық-сметалық құжаттары әлдеқашан дайын болған, бірақ соны іске асыратын қаржы бөлінбеген.

Жуырда облыс әкімі Қ.Ақсақалов Nur Otan партиясы облыстық филиалының төрағасы ретінде тұрғындармен кездескенде осы мәселе алдынан шығып, ауылдықтар Преснов топтық су құбырына осы ауылдар қашан кіреді деп сұрады. Сөйтсе бұл жобаны іске асыру үшін 2 млрд теңге қаражат керек екен. Ондай қаражат болмаған соң ауыл тұрғындары таза ауыз суға қол жеткізе алмайды. Кездесуге қатысқан облыстық энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығының басшысы Павел Шилов жобаның орталық мемлекеттік органдарға жіберілетінін айтты. «2023 жылдың наурыз айына қарай біз қаражатқа тапсырыс береміз», деді ол.

ЖСҚ дайын болса, неге осы уақытқа дейін оның орталық мемлекеттік органдардың қарауына берілмей жатқаны түсініксіз. Осының өзінен сылбырлық көрініп тұр. Таза ауыз су мәселесін шешу – басым жобалар болу керектігі жөнінде Мемлекет басшысы талай айтқанымен жүріске шабан шенеуніктер бәрін де ертеңге ысыра беретін секілді...

Сонымен қатар облыс әкімімен кездесуге келгендер Сергеевка қаласының ішіндегі жолдардың сапасыздығы туралы айтты. Аудан орталығы саналатын шағын қалаға кіреберіс жолдардың өзі жайрап жатыр. Тек былтыр ғана жеті шақырымдық жол жөнделген. Ал бірнеше бас­ты көшенің жолдарын жөндеуге ЖСҚ әзірленгенімен ол да ұзын арқан, кең тұсаумен әлі күнге іске аспай тұрған көрінеді. Облыс әкімі Құмар Ақсақалов бұл мәселенің мәнісі тереңде екенін айтты. «Қазір біздің ауылдардағы үлкен жөндеу жұмыстары «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасының шеңберінде іске асырылуда. Ал Сергеевка қаласы қала мәртебесі болған соң бұл бағдарламаға кірмейді. Бірақ мәселе шешусіз қалмауы керек. Оған «Аймақтардың дамуы» бағдарламасының шеңберінде қаражат қарастырамыз. Бірақ бір жылда ЖСҚ-дағы 4 млрд теңгені бір-ақ бөлеміз деп айта алмаймын. Дегенмен мүмкін болған жағдайды қарастырамыз», деп жауап берді.

Ал жуырда өңірге Мәжіліс депутаттары келіп, шешілмеген көптеген проблема барына көз жеткізді. Мәселен, депутат Ерлік Тайжанов облыста көмір тапшылығын шешуге бұрын атсалысқанын баяндай келіп Айыртау ауданындағы бір топ ауылдың жер пайдалану үлесінен айрылып қалғаны туралы айтты. «Мен осы ауылдарға барып, халықпен кездесіп, осы проблеманы қалай шешу керектігін зерттеймін», деді депутат.

Халық қысылғанда қорғанышы болып табылып жатқан әкім-қаралар мен депутаттардың болғаны да жақсы-ау.

 

Солтүстік Қазақстан облысы