Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы тұрғын үй мәселесін шешуге жергілікті кәсіпкерлерді тарту жөнінде тапсырма берген болатын. Осы іс Батыс Қазақстан облысының Бәйтерек ауданында қолға алынып, қазір нәтижесін бере бастады.
Бәйтерек ауданының орталығы Переметный ауылында әрқайсысы 2 пәтерлі 4 тұрғын үй салынды. «Сүндетов» шаруа қожалығының басшысы, Бәйтерек аудандық мәслихатының депутаты Есен Сүндетов салған әр үйдің аумағы – 69 шаршы метр. Үйлер инфрақұрылыммен толықтай қамтылған, ауласы қоршалған жаңа үйлердің құрылысы аяқталған соң жергілікті әкімдік оны тиімді бағаға сатып алды. Сөйтіп, үй кезегінде тұрған әртүрлі санаттағы – көпбалалы, мүмкіндігі шектеулі, асыраушысынан айырылған, апатты үй иелері, т.б. тұлғалар мен аса қажет мамандық иелеріне жалға берілді.
– Тәуелсіздік алған 30 жыл ішінде ел үкіметі азаматтардың барлық жағдайын жасауға және лайықты баспанамен қамтуға күш салып келеді. Былтыр ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық тойына аудан үлкен жетістікпен жетті. Аудан тұрғындарының әл-ауқатын көтеру, Президент тапсырмасын іске асыру жолында біраз жұмыс атқарылды. Негізінен, ауыл тұрғындарын толғандыратын жол, газ, су мәселелерін реттеуге күш салдық. Осы мәселелерді шешуге көмек көрсеткен аудан кәсіпкерлері мен мердігерлерге ризашылығымыз шекіз. Жаңа үйдің әр бұрышы қуаныш пен шаттыққа және бақытқа толсын, – деді жаңа үйлерді тапсыру салтанатында Бәйтерек ауданының әкімі Марат Тоқжанов.
Бұл күні жаңа үйге кіріп, қоныс тойын тойлаған Ақманар Ғалиева баспана кезегінде 2007 жылдан бері тұрған екен. Жаңа пәтерге ие болған зейнеткер баспана салып, оны қажет еткен отбасыларға берген аудан басшылығына ризашылығын білдірді. Мердігер Есен Сүндетов үй иесіне су жаңа кілем тарту етті.
Айта кетейік, жаңа баспанаға ие болғандардың қатарында өңірге өте қажетті мамандық иелері де бар. Мысалы, осы күні аудандық аурухананың жалпы тәжірибедегі дәрігері Елена Марат та жаңа үйдің кілтін алды. Ауданға келгеніне көп болмаса да, баспаналы болған жас дәрігер енді ата-анасын көшіріп алмақ.
– Өте қуаныштымын! Енді еш алаңсыз қызмет етіп, елге пайдамды тигізуге күш саламын, – дейді жас маман.
Батыс Қазақстан облысы