Жетісуда да ірі майнинг фермасы табылды. Жамбыл ауданында орналасқан заңсыз криптовалюта өндірісін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметі Алматы облысы бойынша департаментінің қызметкерлері аймақтық экономикалық тергеу департаментімен бірлесіп әшкереледі.
– Заңсыз әрекетті ынталы топ шетелдік инвесторлардың қолдауымен бұрын мақта-мата фабрикасы болған «Қарғалы» акционерлік қоғамының аумағында жүзеге асырып келген. Белгілі болғандай, ұйымдастырушылар майнинг фермасы тұтынған электр қуаты үшін жеңілдетілген тариф бойынша ақы төлеген. Яғни жұмсалған энергияны тоқыма өндірісі атынан тұтынылатын электр қуатының құнымен есептеп, жауып отырған. Тінту кезінде мамандар құны 1 млрд теңгеден асатын криптовалюта өндіруге қабілетті ірі шифрлау кешенінен тұратын 2 800 бірліктен астам жабдықты тәркіледі. Қазір тергеу амалдары басталып, сараптама тағайындалды. Өзге ақпарат тергеу мүддесіне сай жария етілмейді, – дейді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметі Алматы облысы бойынша департаменті баспасөз қызметінің өкілі.
Осылайша, ауылдағы майнинг фермасы мемлекетке 131 198 909 теңге мөлшерінде залал келтірген көрінеді. Әрі бұл алдын ала бағалау бойынша белгілі болған шығын ғана. Тексеру барысында аймақтың энергетикалық қауіпсіздігіне келген зиянның көлемі мен көлеңкелі экономикаға жұмсалған қаржының мөлшері өсуі мүмкін. Айтпақшы, майнинг фермасын ұйымдастырушылар Алматы облысын қуат көзімен қамтамасыз етіп отырған ірі монополист мекеме – «Алатау Жарық компаниясы» акционерлік қоғамының лауазымды тұлғалары мен Жамбыл ауданы электрмен қамту жүйесі торабының бақылаушы қызметкерлеріне 50 мың теңгеден бастап, 1,5 млн теңгеге дейінгі сомада пара беріп отырған екен. Бұған дейін «Алатау Жарық» компаниясын 2011 жылдан бері басқарып келген Мұхит Үмбетов өз еркімен қызметтен кеткен болатын.
Жалпы, Алматы облысы еліміздегі электр қуатын аса ірі көлемде тұтынатын аймаққа жатады. Әрі өңірдің энергетика өндіру мүмкіндігі ішкі қуат нарығындағы сұраныстың 60 пайызын ғана орындауға мүмкіндік береді. Ал жетісулықтар жарық жетіспеушілігін көршілес Жамбыл облысы мен Қырғызстаннан тасымалданатын энергия көздері арқылы шешуге мәжбүр болып отыр.
Алматы облысы