Бүкіләлемдік бокс ұйымы (WBO) орта салмақта бақ сынап жүрген қазақ оғланы Жәнібек Әлімханұлы мен мексикалық Хайме Мунгия арасында жекпе-жек өткізу туралы шешім шығарды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Әлемнің уақытша чемпионы атағы үшін өтуі тиіс кездесуге мексикалық боксшы келісім бере ме? Әй, қайдам. Golden Boy промоутерлік ұйымы Хайме Мунгияны Геннадий Головкинмен кездестіргісі келетіні о бастан мәлім. Содан да болар, Хайме бірінші орта салмақтан орта салмаққа ауысып, чемпион Деметриус Андраденің міндетті қарсыласы атанған кезде де оны АҚШ боксшысына қарсы шығармады. Әйтпесе Мунгия бір жарым жыл бұрын әлем чемпионы атағына таласушы еді. Енді әлем чемпионына қарсы рингке көтерілуге құлықсыз болған мексикалық боксшы уақытша чемпион атағына таласуға ниеттене қоймас. Алайда Хайме Жәнібекпен шайқастан бас тартса, жанкүйерлер тарапынан сынға ұшырайтыны мәлім. Сондықтан амалдың жоқтығынан келісім беруі де мүмкін. Кім білсін? Ол Головкинмен кездесіп, үлкен шайқастан әжептеуір қаржы тапқысы келеді. Ал Геннадий оны елей қояр ма екен?