Бүгін Шымкентте Білім және ғылым министрлігінің «Дарын» Республикалық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен ғылыми жобалар конкурсының қорытынды кезеңі өтуде, деп хабарлайды Egemen.kz.
Қала әкімі Мұрат Әйтенов жас зерттеушілер байқауына барып, қатысушылардың ғылыми жобаларымен танысты.
Мұндай байқау жастардың жаратылыстану ғылымдарына қызығушылығын арттырып, жоғары сынып оқушыларын ғылым мен техниканың әр түрлі салаларына бағыттаудың алғы шарты.
Дәстүрлі байқау бұл жолы алғаш рет халықаралық стандартқа сай көрме түрінде ұйымдастырылды. Қорытынды кезеңде 749 жас өнертапқыштың авторлығымен 596 ғылыми жоба ұсынылды.
Байқау төрт бағыт бойынша өткізілуде: «Ғылыми-техникалық прогресс – экономикалық өсудің негізгі буыны», «Экономикалық және әлеуметтік процестерді математикалық модельдеу», «Таза табиғи орта», «Қазақстанның тарихи ескерткіштері және болашағы бар саяхат бағдарлары».
Конкурс қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер Білім және ғылым министрлігінің I, II, III дәрежелі дипломы табысталып, алтын, күміс және қола медальдарымен марапатталады.
Жеңімпаздардан тұратын құрама команда жыл сайынғы ISEF-2022 (АҚШ) оқушыларының халықаралық ғылыми жобалар конкурсына өз жұмыстарын ұсынады.