• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 23 Ақпан, 2022

Көк Ту қалай дүниеге келді?

1520 рет
көрсетілді

Отанды сүю деген сөз – оның әр түйір тасын, өзені мен көлін, орманы мен шөлін сүйе білу деген сөз. Осындай шексіз махаббаттың, сүйіспеншілік пен адалдықтың тұмса тұнығынан ұлы туындылар өмірге келеді. Ұлттың мақтанышына, мемлекеттің нышанына айналған мұндай құнды дүние – көкте желбіреген Көк Байрағымыз. Бүгінгі әңгімеміздің арқауы Мемлекеттік Тудың авторы, қазақ халқының бір туар ұлы Шәкен Оңласынұлы Ниязбеков туралы болмақ.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бір сөзінде «...Шәкен Оңласынұлы жұ­мыстарын негізінен патриоттық тұрғыда жазды, оның Қазақстан Респуб­ликасының Мемлекеттік Туының авторы болуы – тума талантымен қатар, Отанын шексіз сүйгендігі деп білеміз. Тәуелсіздігіміз баянды болған сайын Шәкен Оңласынұлының рухы халқымен бірге мәңгі өмір сүре бермек», деген болатын. Шәкен Ниязбеков тума таланты мен Отанға деген шексіз сүйіспеншілігінің арқасында елдігіміз бен тәуелсіздігімізді айғақтайтын, бүгінде әлем жұртшылығы анық танитын айшықты туындыны ұсына білді.

Қазақстан Республикасының Мем­лекеттік Туы – ортасында шұғылалы күн, оның астында қалықтап ұшқан қы­ран бейнеленген тік бұрышты кө­гіл­дір түсті мата. Тудың сабының тұсын­да ұлттық өрнек тік жолақ түрінде нақышталған. Күн, оның шұғыласы, қыран және ұлттық өрнек бейнесі алтын түстес болып келеді.

Көкте желбіреген байрағымыз туралы Шәкен аға журналистердің «Мемлекеттік Тудың авторы болдыңыз деген хабарды естігенде, қандай сезімде болдыңыз?» деген сұрағына «Ең алдымен, Парламент бекіткен Тудың осы үлгісі халқымызға ұнай ма екен, халқымыздың таңдауына, талғамына сәйкес келе ме екен деген қобалжу сезімі басым болды. Бойымды бір түрлі қорқыныш сезімі билегендей күй кештім», деп жауап берген еді.

Шәкеннің жақын туысы болып келетін інісі, медицина ғылымдарының докторы Сайлаубек Шалқаров Шәкен ағаның Ту­дың дүниеге келген сәті туралы бы­­лай дейді: «Ағаның үйі бұрынғы Ком­мунисттік даңғылы бойындағы «Қа­ракөз» кафесінің үшінші қабатында болатын. Алматыдағы жұмыс орнымды Түркістан қаласына ауыстырғанға дейін Шәкен ағамен жиі араласып тұрдым. Аға бір күні мені үйіне шақырып алып, Президент Әкімшілігінде Ербол Шаймерденов деген інішек Мемлекеттік Туды әзірлеу үшін конкурсқа түсуімді қалап отырғандығын айтты. Осылайша, конкурсқа қатысуға бел байлағанын жеткізді. «Мына жоба-сызбаларымды қарашы», деп салған бірнеше туындысын көрсетумен болды. Бір суреті бір суретінен артық салынғандай көрінеді. Шәкен аға бұл суреттер жайлы емес, қазақ тарихына ойысып кете бергені есімде. Күнде үйіне шақырады. Әр салған жобалары күннен-күнге өзгеше болып шығады. Суреттерінде жалпы тарих баяндалады. Мен соны көріп білгендей болдым. Күніге пікірін тыңдату үшін шақырады. Мен қарсы болмаймын. Барамын. Көп ұзамай көк тудың нағыз нұсқасы дүниеге келді. Сондағы ағаның жүзіндегі қуанышты айтып жеткізудің өзі бір бақыт екен!»

Қазақстандық патриотизм – бұл  мемлекетіміздің рухы. Көрнекті тұлға­ның бірегей туындысы саналатын Туымызды ел тізгінін ұстаған азаматтар сүйіп, халық алдында ант береді. Қастерлеп, айрықша бағалайды. Жігер мен намысқа арқа сүйеп, биік тұғырдан көрінген спорт саңлақтарымыз жаһанды жалт қаратқан сәтте Көк Байрағымыз желбірейді. Патриотизм – идеологиямыз бастау алатын күш-қуат көзі болса, Мемлекеттік Туымыз – рух пен жігердің қозғаушы күші іспетті.

Тағы бір айта кететін дүние – Қазақ­станға айбар мен қайрат беріп тұрған үш терек бар. Үш терек деп отырғанымыз – Ту, Елтаңба және Әнұран. Бұл үшеуін біріктіретін байланыстың эле­менттері дара һәм еркін. Олар орга­никалық жағынан біртұтас. Олар рухани сұлулықтың, әділеттілік пен сабырлылықтың бейнесін білдіріп, бір-бірін үйлесімді толықтырып тұр. Оған Шәкен Оңласынұлының қосқан үлесі – ұшан-теңіз.

 

Ғалымжан МЫРЗАЛЫ,

Қазақстан Республикасы

Білім беру ісінің

құрметті қызметкері