ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Марат Қарабаев жеңілдетілген автонесие тақырыбы төңірегіндегі бірнеше жалған ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Халық арасында 4% жеңілдікпен автокредит құны 10 млн теңгеге дейінгі модельдерге ғана беріледі деген ақпарат тарады. Бұл жалған ақпарат. Бұл автомобильдің құнына емес, несиенің өзіне қатысты. Яғни, 10 млн теңгеге дейін несие беріледі. Егер машинаның құны осыған сәйкес келсе, сіз осы несиенің артықшылығын пайдалана аласыз. Ал егер сіздің көлігіңіз қымбатқа түсетін болса, онда сіз өз қалтаңыздан қосымша қаражат төлейсіз», деді Марат Қарабаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Сонымен қатар вице-министр атап өткендей, кейбір БАҚ-тар автонесиелеудің жаңа бағдарламасы автомобильдің 2-3 моделіне ғана берілетінін хабарлады.
«Бұл олай емес. Жеңілдетілген автонесиелеу іс жүзінде барлық автомобиль модельдеріне қолданылады, бірақ бағасы қымбат модель де бар. Бұл оған қолданылмайды. 25 миллион төлеуге мүмкіндігі бар адамдар оларды қалтасынан төлесін. Біздің міндетіміз – мұндай қаражаты жоқ халықты қолдау», деп қорытындылады спикер.