2025 жылға қарай жалпы өңірлік өнімдегі туризмнің үлесін 6%-ға дейін арттыру жоспарланған. Бұл туралы Алматы облысының әкімі Қанат Бозымбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Өңір басшысы атап өткендей, Алматы тау кластері аясында жалпы сомасы 546,7 млрд теңгеге 8 жобаны жүзеге асыру жоспарланған, Осылайша, 6 мыңнан астам жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
«Туризм саласына дұрыс көзқараспен қарайтын болсақ, оны экономиканың толыққанды драйверіне айналдыруға болады. Алматы тау кластерін, Алакөл және Балқаш көлдерінің жағалауларын, ұлттық табиғи саябақтардағы экологиялық туризмді дамыту басымдық болып табылады», деп атап өтті Қанат Бозымбаев.
Еске сала кетсек, бүгін Алматы облысының әкімі Қанат Бозымбаев журналистермен баспасөз конференциясын өткізді. Күн тәртібінде өңірді дамытуға қатысты бірқатар өзекті мәселелер тұрды.