Украина аумағында соғыс өрті тұтанды. Ресей «арнайы әскери операцияға» кірісті. АҚШ бастаған Батыс елдері Ресейге қарсы әзірге санкция салу мәселесін айтып, сөзбен ғана «қарсы шабуыл жасап» отыр. Қазіргі таңда қарулы қақтығыс бірқатар аймақта жүріп жатыр. Украина президенті Володимир Зеленский Ресеймен дипломатиялық қатынасты тоқтататынын мәлімдеді.
Ресей президенті Владимир Путин халыққа үндеуінде Донбаста Украинаны демилитаризациялау және қарусыздандыру мақсатында «арнайы әскери операция» басталатынын хабарлады. Ақпарат көздерінің хабарларына қарағанда, кеше таңғы 5-тер шамасында Украинаның ірі қалаларының, соның ішінде ел астанасы Киевтің маңында жарылыстардың дауысы естілген.
Украинаның ішкі істер министрлігі Ресей әскері қанатты және баллистикалық зымырандармен атқылағанын хабарлады. Негізінен Украинаның Киев, Харьков, Мариуполь және Днепр сияқты ірі қалаларының маңындағы инфрақұрылымдар нысанаға алынған. Бұқаралық ақпарат құралдарына сүйенсек, Ресей әскері бірнеше жерден шекараны кесіп өткен.
Алайда дәл қазір шынайы ақпараттан гөрі қауесет өршіп тұр. Қай тарап болсын өздерінің жеңіске жетіп, қарсыласының қоғадай жапырылып жатқанын мәлімдейді. Мәселен, Ресейдің қорғаныс министрлігі Украина сарбаздары жаппай қашып жатқанын атап өтті. Дегенмен мұны Киев жоққа шығарды. Керісінше, қоян-қолтық ұрыс нәтижесінде Ресейдің бірнеше ұшағы мен тікұшағы, танкісі және жүк көліктері отқа оранғанын айтады.
Украина президенті кеңсесі басшысының көмекшісі Алексей Арестович соғыс басталғалы бері Украина қарулы күштері 40 сарбазынан айрылғанын жеткізді. Сонымен қатар бейбіт тұрғындар арасында да қаза болғандар бар. Мәселен, Умань қаласына жасалған ракеталық шабуылдан көшеде кетіп бара жатқан велосипедшінің қаза болған сәті жарияланды. Әлеуметтік желіге тараған видеода зымыранның бірі жолдың қақ ортасына түседі.
Осы орайда, әлеуметтік желіде түрлі «фейк» ақпараттың да көптеп таралып жатқанын айта кеткен жөн. Әсіресе, «Украинадағы қазіргі жағдай» деп 2014-2015 жылдары түсірілген видеолар жиі жарияланып жатыр. Мұның бәрі ақпараттық соғыстың бір бөлігі екені түсінікті.
Ресей президенті Украина жерінде «әскери іс-қимылдарды» бастау жөніндегі мәлімдемесін жасамастан бұрын БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің шұғыл отырысы өткен болатын. Жиын барысында Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Антониу Гутерриш Украинадағы ахуалға алаңдаушылық білдіріп, оны бейбітшілік пен қауіпсіздік саласындағы ең күрделі жаһандық дағдарысқа теңеді.
«Украинаның Донецк және Луганск облыстарын «тәуелсіз» деп тану туралы Ресей Федерациясының шешімі және одан кейінгі оқиғалар – Украинаның аумақтық тұтастығы мен егемендігін бұзу. Сондай-ақ бұл БҰҰ Жарғысының қағидаттарына қайшы келеді», деді Бас хатшы.
БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында Ресей жағының сынға қалғанын айта кеткен жөн. Аталған елдің БҰҰ-дағы тұрақты өкілі Василий Небензя ақталуға тырысқан-ды. Ол іс-қимылдарды соғыс емес, Донбасс халқын қорғауға арналған «арнайы әскери операция» деп сипаттады.
Бірақ жиында Ресей тарапына қатты-қатты сөздер айтылды. Украинаның тұрақты өкілі Сергей Кислиц сөз сөйлеуден бас тартып, оның орнына Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысын көрсетіп, ондағы бір тарауды оқып берді. Сөйтті де «Ресей мұндағы міндеттемелердің ешқайсысын орындай алмайды», деді.
Қауіпсіздік Кеңесінің отырысы өтіп жатқанда Ресей президенті Владимир Путиннің Украинаға әскер кіргізу туралы үндеуін жариялағаны белгілі болған. Сондықтан оған дейін сөз сөйлеп өткен мемлелекеттердің тұрақты өкілдері қайта микрофон сұрап, Кремль басшысының әрекетін қатаң түрде айыптады.
«Біз бейбіт өмірді қалпына келтіру туралы жиында бас қосып жатқанда Путин Кеңестің жауапкершілігіне немқұрайдылықпен қарап, соғыс ашу туралы мәлімдеді. Бұл ауыр төтенше жағдай», деді АҚШ-тың тұрақты өкілі Линда Томас-Гринфилд.
Ұлыбританияның елшісі Барбара Вудворд бұл күнді «Украина үшін және Біріккен Ұлттар Ұйымының принциптері үшін ауыр күн» деп жариялады. Сонымен қатар Сергей Кислиц қайта сөз сөйлеп, «Әскери қылмыс жасағандар тікелей тозаққа барады», деді.
Айта кетерлігі, қазіргі таңда БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне Ресей төрағалық етеді. Сондықтан жиынды Василий Небензя жүргізіп отырды. Осындай сынның астына қалғаннан кейін ол Қауіпсіздік Кеңесінің отырысын жабық деп жариялады.
АҚШ президенті Джо Байден бүкіл әлем Украина халқымен бірге деп мәлімдеді.
«Президент Путин адам өлімі мен қайғы-қасірет әкелетін, алдын ала жоспарланған соғысты таңдады. Осы қақтығыс салдарынан болатын адам өлімі мен қиратылуларға тек Ресей жауапты. Америка Құрама Штаттары мен оның одақтастары және серіктестері бірлесіп, бұған нақты жауап береді. Әлем Ресейді жауапқа тартады», деді Ақ үй басшысы.
Әлемнің басқа көшбасшылары да әскери іс-қимылды айыптады. Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсон Украинадағы жағдайға байланысты НАТО-ның төтенше саммитін шақыратынын айтты.
«Бұл біздің құрлықтағы ең үлкен апат. Мен халыққа үндеуімде Ресейдің Украинаға басып кіруіне тоқталамын. Сонымен қатар G7 көшбасшыларымен сөйлесіп, НАТО-ның барлық көшбасшыларын тез арада кездесуге шақырамын», деді Б.Джонсон туиттердегі парақшасында.
Еуропа комиссиясының басшысы Урсула фон дер Ляйен мен Еуроодақтың сыртқы саясат және қауіпсіздік саясаты жөніндегі өкілі Жозеп Боррель Еуроодақтың Мәскеуге қарсы ауыр санкция салатынын мәлімдеді. «Ресей бұрын-соңды болмаған деңгейде оқшауланады», деді Жозеп Боррель.
НАТО бас хатшысы Йенс Столтенберг те Ресейдің Украинаға қатысты әрекетін айыптап, тез арада қақтығысты тоқтатуға шақырды.
«Ресейдің Украинаға қиянатшыл шабуылын түбегейлі айыптаймын. Шабуыл өте көп адамның өмірін қауіпке тігеді. Бұл – халықаралық құқықты өрескел бұзу, Еуроатлантикалық қауіпсіздікке төнген қатер. Ресейді тез арада әскери қимылын доғарып, Украинаның егемендігі мен территориялық тұтастығын сақтауға шақырамын», деді Столтенберг.
Франция президенті Эммануэль Макрон Ресейдің Украинадағы әскери қимылын кең көлемдегі соғысқа балап, бұл шешімді үзілді-кесілді айыптайтынын айтты. Сондай-ақ әскери операцияларды дереу тоқтатуды талап етті. Елисей сарайы таратқан мәлімдемеге сүйенсек, Э.Макрон Францияның Украинамен бірге екенін, соғысты тоқтату үшін серіктестерімен және одақтастарымен тізе қосатынын хабарлаған. Француз президенті таң атпастан Володимир Зеленскиймен сөйлесіп, содан кейін Елисей сарайында премьер-министр, қорғаныс министрі және министрлер кабинетінің жоғарғы мүшелерімен шұғыл қорғаныс кеңесін өткізді.
Кремльдің Украинадағы әскери іс-қимылдарын халықаралық қоғамдастық, әлем елдерінің басшылары ғана емес, Ресейдің өнер адамдары да сынға алды. Алғашқылардың бірі болып Валерий Меладзе мен Максим Галкин пікір білдіріп, соғысты тоқтатуды, келіссөздер үстеліне отыруды сұрады. Сондай-ақ тележүргізуші Иван Ургант, актриса Екатерина Варнава, футболшы Федор Смолов, әнші Сергей Лазарев, мәнерлеп сырғанаушы Евгения Медведева секілді Ресейдің танымал азаматтары да наразылықтарын әлеуметтік парақшаларында бөлісті.
Сонымен қатар көптеген журналист петиция жариялап, әскери іс-қимылдар жүргізбеуге үндеді. «Новая газета» басылымының бас редакторы, Нобель сыйлығының лауреаты Дмитрий Муратов та өз пікірін айтты.
«Бүгін бәріміз редакцияға ерте жиналдық. Қайғылымыз. Еліміз президент Путиннің бұйрығы бойынша Украинамен соғыс бастады. Соғысты тоқтататын ешкім жоқ. Сондықтан қайғыра отырып, біз де, мен де ұяттымын. Бас қолбасшының қолында қымбат көліктің кілті секілді «ядролық түйме» тұр. Енді келесі қадам – ядролық шабуыл бола ма? Мен Владимир Путиннің кек алу қаруы туралы сөзін басқаша түсіндіре алмаймын. Бірақ біз «Новая газетаның» бүгінгі санын екі тілде – украин және орыс тілдерінде шығарамыз. Өйткені біз Украинаны жау, украин тілін жау тілі деп мойындамаймыз», деді Д.Муратов.
Осылайша, жергілікті уақыт бойынша 24 ақпан күнгі таңғы 5-те басталған соғыс қазіргі таңда белсенді кезеңге өтті. Әскери іс-қимылдар жедел түрде өрбіп жатқандықтан, бір сағат бұрынғы ақпарат ескіріп қалып жатыр. Сондықтан соғыс барысын емес, оған қатысты айтылған пікірлерді беруге тырыстық.
Өкінішке қарай, бұл соғыстан зардап шегетін Украина тарапынан да, Ресей тарапынан да қарапайым халық. Бірі бейбіт тұрғындарынан айрылып, еліне опат келсе, екіншісі әскерге кебенек кигізіп жіберген ұлдарын табытпен күтіп алады. Ата-ана баласынан, әйелдер сүйікті жарынан, балалар әкесінен айрылады. Зұлматтың салдарынан туындайтын экономикалық қиындықты былай қоя тұрайық. Айналып келгенде, соғыстың зардабын тартатын тағы да қарапайым халық.
XXI ғасырда өркениеті дамыған Еуразия құрлығында соғыс өрті тұтанды дегенге сену қиын. Бұған дейін әлемдегі бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау мақсатында көптеген халықаралық құжаттарға қол қойылды. Осындайда «Украинадағы ахуалға қарап, бұған дейін қабылданған келісімдердің құны бес тиын ба?», «БҰҰ мен Батыс елдері әлемдегі бейбітшілікті сақтауда қауқарсыз ба?» деген сауалдар туындайды. Халықаралық шарттар жымысқы ниеті бар державаларды тұсап ұстай алмаса, одан пайда бар ма? Қысқасы, Украинадағы жағдай әлемді үрейлендіріп отыр.