Қоғамда осы сауалға жауап іздеген адам көп. Оның пайдасы мен зиянын саралап, салмақтап жүргендер де жетіп артылады. Көптің көкейіндегі сауалға біз де жауап іздеп көрдік.
Тұрақты генерация көзі болмақ
Әлбетте, Үкіметтің ұстанымы – атом электр стансасы салынуы керек. Энергетика министрлігі Атом энергетикасы және өнеркәсібі департаментінің директоры Жаслан Қасеновтің пікіріне қарағанда, мұндай станса энергетика мен экологиядағы тұрақтылық үшін керек. Бұл парниктік газдардың шығарындыларын азайтып, электр генерациясының тұрақты көзіне айналмақ.
– Елімізде электр энергиясын тұтыну көлемі ұлғаюда. Тиісінше, қолда бар қуат көздерінің қорлары таусылуға жақын. Тұрақты генерацияның болмауынан алдағы уақытта электр энергиясына деген қажеттілік туындауы мүмкін. Әсіресе оңтүстік өңірлерде. Оңтүстікті энергиямен жабдықтау жүйесіндегі ақаулар саладағы біршама проблеманың бетін ашқандай болды. Қысқасы, алдағы уақытта энергия тапшылығы орын алатындықтан, жаңа базалық қуаттарды енгізу қажет, – дейді Ж.Қасенов.
Әлемдік қоғамдастық соңғы жылдары көміртектің бейтараптығына ерекше көңіл бөлуде. Халықаралық қаржы институттары көмір электр стансаларына инвестиция құюдан жаппай бас тартуда. Қазақстанда атом электр стансасын салу мәселесін күн тәртібіне шығарған көп фактордың бірі осы. Өйткені, жаппай газға көшу мүмкін емес. Оның да қоры шектеулі. Ал жаңғырмалы энергия көздері климаттық жағдайға тәуелді. Демек, ол да тұрақты және базалық генерация көзі бола алмайды.
– Атом электр стансасын салу – істен шыққан қуаттардың орнын толтырудың тиімді шешімі, – дейді министрлік өкілі.
Әлемдік трендтен тыс қалғысы жоқ
Атом энергетикасының энергетиканың дәстүрлі саласына айналғанына да жарты ғасырдан асты. Қазір әлемнің 31 елі атом электр стансасын пайдалануда. Дүние жүзінде жалпы қуаты шамамен 391 кВт болатын 439 энергетикалық реактор бар. Бұдан бөлек қуаты 55 ГВт болатын 52 реактор салынып жатыр. Атом-энергетикалық қуаты мол елдердің қатарында АҚШ, Франция, Қытай, Жапония, Ресей және Кореяны айтуға болады.
– Әлем энергетикалық дағдарыспен арпалысып келеді. Сол себепті бірқатар ел ядролық-энергетикалық бағдарламаны қайта бастау туралы шешім қабылдады. Мәселен, таяуда Франция ядролық энергетиканы жандандыруды қолға алды. 2035 жылға қарай бұл мемлекет жаңа реактор санын 14-ке жеткізуді жоспарлап отыр. Сондай-ақ Түркия, Біріккен Араб Әмірліктері, Беларусь мемлекеттері атом энергетикасын дамытуға көңіл бөле бастады. Қазір бұл елдерде тиісті құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Бұрын атом электр стансасынан бас тартқан Польша да энергетикалық бағдарламасын жаңартпақ. Еурокомиссия Еуроодақ елдеріне 2050 жылға қарай көміртегі бейтараптылығына көшу бағдарламасына атом энергетикасын қосуды ұсынды. Қазақстанда да бұл саланы дамытудың әлеуеті зор. Атом электр стансасын салу мультипликативті әсер бермек, – дейді Ж.Қасенов.
Қазір елімізде атом энергетикасын дамытуға қатысты зерттеулер жүргізілуде. Онда табиғи-климаттық факторлар мен стансаның қоршаған ортаға әсер етуі барынша ескерілмек. Ж.Қасеновтің пікіріне сүйенсек, әзірше 6 әлемдік жеткізушінің ядролық технологиялары зерделену үстінде. Бұлар – америкалық, америкалық-жапондық, кореялық, қытайлық, ресейлік және франциялық технологиялар. Егер Қазақстан атом электр стансасын салатын болса, жоғарыда аталған алты технологияның бірін негізге алады.
– Қазақстанда атом энергетикасын дамытуға мүмкіндік мол. Біз уран өндіру бойынша әлемде бірінші орындамыз. Ядролық отын компоненттерін өндіретін өз өндірісіміз бар. Яғни жылу бөлетін құрамаларды таблеткалау және өндіру өз жерімізде жүзеге асырылады. Сондай-ақ біздің елде уранды изотопты байыту қызметтері қолжетімді. Былтыр Үлбі металлургия зауытының базасында Қытай атом электр стансалары үшін дайын ядролық отын шығаратын зауыт ашылды. Атом электр стансасын салу Қазақстанның энергетикалық жүйесін тұрақтандырып қана қоймай, жалпы атом саласы мен экономиканың өзге де салаларының дамуына үлкен серпін бермек, – дейді ол.
Артық қуатты атомнан алады
Энергетика министрлігі Электр энергетикасын дамыту департаментінің директоры Айдос Дәрібаевтың айтуынша, бүгінде Қазақстанның бірыңғай энергетикалық жүйесі өзін өзі теңгерімдеу режімінде жұмыс істейді. Бұл ретте жүйедегі жүктеме тым көбейген уақытта электр энергиясының жетіспеушілігі сезіледі. Осының салдарынан энергия өндіруші ұйымдардың негізгі жабдықтары жиі тоқтап қалады. Былтыр электр энергиясын тұтыну 113,9 млрд кВт/сағатты құрады. Бұл 2020 жылғы көрсеткіштен 6 пайызға артық. Оған дейінгі жылдары тұтыну көлемі орта есеппен 2 пайызға ғана өсетін. Көрсеткіш былтыр бірден 3 есе ұлғайған. Бұл дұрыс емес, әлбетте.
– Инвестициялық келісімдер шеңберінде 2025 жылға қарай 1 760 МВт қуаттылықты жаңғырту жоспарланған. Сондай-ақ ұлттық электр желісін жаңғырту, оның ішінде батыс және оңтүстік аймақтардың энергия жүйесін күшейту, батыс аймақты бірыңғай электр энергетикасы жүйесіне қосу жұмыстары жүргізілуде. Биыл шамамен 1 240 МВт маневрлік қуатты салуға аукциондық сауда-саттық өткізу көзделген. Энергетика – экономикадағы жүйе құраушы сала. Сондықтан басқа салаларға қарағанда әлдеқайда ілгері дамып отыруы керек, – дейді А.Дәрібаев.
Президент тапсырмасына сәйкес еліміздің 2035 жылға дейінгі энергетикалық балансы әзірленгені белгілі. Аталған құжатта жаңа тұтынушыларды енгізу ескерілген. Болжамға сәйкес 2035 жылға қарай электр энергиясын тұтыну шамамен 153 млрд кВт/сағатты құрамақ.
– Біз энергия балансына сәйкес жұмыс істеп, энергетикалық қуаттарды енгізе алмасақ, жұмыс істеп тұрған энергия көздері халықтың және экономиканың қажеттілігін өтеуден қалады. Сондықтан 2035 жылға қарай жиынтық қуаты 17,5 ГВт болатын жаңа қуаттарды іске қосу керек. Аталған қуаттың шамамен 10 ГВт-ы – көміртекті генерация көздерінен, 6,5 ГВт-ы жаңғырмалы энергия көздерінен алынады деп жоспарлануда. Алайда қаржы институттары көмір стансаларын қаржыландырудан жаппай бас тартуда. Сол себепті көмір генерациясының мүмкіндігі шектеулі болмақ. Осыған орай базалық генерацияның жаңа көзі ретінде атом электр стансасы қарастырылып отыр, – дейді А.Дәрібаев.
Сонда 2035 жылға қарай іске қосылуға тиіс жаңа энергетикалық қуаттардың құрылымы келесідей болмақ: 6,5 ГВт – жаңғырмалы энергия көздері, 5 ГВт – газ генерациясы, 2 ГВт – су электр стансалары, 1,5 ГВт – көмір генерациясы, 2,4 ГВт – атом генерациясы. А.Дәрібаевтың пікіріне қарағанда, дәл осы құрылым базалық және реттеу қуатының тапшылығын өтеуге жеткілікті. Сондай-ақ бұл көлем энергия жүйесінің тәуелсіздігін қамтамасыз етеді.
Болжамға сәйкес 2035 жылға қарай электр энергиясын өндіру құрылымында көмірдің үлесі 40 пайызға дейін төмендемек. Қазір оның үлесі 70 пайызға тең. Жаңғырмалы энергия көздері 23 пайызға дейін артады деп күтілуде. Сол секілді газ генерациясы 18 пайызға, су электр стансаларының үлесі 7 пайызға, атом электр стансасының үлесі 12 пайызға жетпек.
Қысқасы, базалық қуаттылықты толықтай һәм тұрақты қамтамасыз ету үшін атом электр стансасын салу керек. Өйтпеген жағдайда елдегі электр стансалары жерге қаратуы мүмкін.
– Бүгінде елімізде 214 электр стансасы бар. Оның дені 30 жылдай үздіксіз қызмет етіп келеді. Сол себепті стансалардың тозу деңгейі 53 пайызға жетіп отыр. Жыл сайын қаржы жұмсап құрылғыларды жаңартпасақ, жағдайдың нашарлай түсері анық. Маневрлік режімде жұмыс істейтін стансалардың аздығына байланысты бұлардың барлығын кешкі уақытта толық жүктемемен пайдалану мүмкін емес. Оның үстіне, күн энергиясын пайдаланатын электр стансалары кешкі уақытта жұмыс істемейді. Сондықтан жетпей жатқан қуатты кешкісін Ресейден алып, түнде қайтарып беруге тырысамыз, – дейді ол.
Энергетикалық тәуелсіздікті нығайтады
Елімізде атом электр стансасы салынды дедік. Алайда стансада жұмыс істейтін мамандар бар ма? Оның қалыпты жұмысын кімдер қадағаламақ? «Самұрық-Энерго» АҚ Өндіріс және активтерді басқару жөніндегі басқарушы директоры Серік Төтебаевтың пікіріне сүйенсек, мұндай мәселе туындамауы керек.
– Кезінде Алматы энергетика және байланыс университетінде атом стансасы бойынша мамандар даярланатын. Атом стансасының жылу бөлігі Екібастұз стансасындағы турбиналармен бірдей. Біз оларды ұзақ жылдар бойы пайдаланып келеміз және аса бір мәселе туындаған емес. Сондықтан маман тапшылығына қатысты мәселе туындамайды деп ойлаймын, – дейді С.Төтебаев.
Оның айтуынша, ядролық қондырғылар барынша қауіпсіз болуы керек. Париж келісімі бойынша көміртек деңгейін төмендету керек. Бірақ бүгінде жаңа нысандарды енгізуге байланысты көміртегі шығарындыларының ішінара өсуі байқалып отыр. Көмірді неғұрлым көп жаққан сайын көміртегі шығарындылары да соғұрлым көбейе түсуде.
Энергетика саласының сарапшысы Алмаз Әбілдаевтың айтуынша, атом электр стансасы Қазақстанның энергетикалық тәуелсіздігін нығайта түспек.
– Атом энергетикасы – электр энергиясын өндірудің әлеуетті түрі. Бұл сала әлемде сұранысқа ие. Әсіресе Парсы шығанағындағы мұнай өндіретін елдер осыған ден қоя бастады. Бұл тегін емес, әрине. Өйткені атом энергетикасы экология мен энергетиканың теңгерімін реттейді. Еурокомиссия сарапшылары да реакторларда өндірілетін электр энергиясының зияны күн панельдеріне қарағанда төмен деген қорытындыға келген, – дейді А.Әбілдаев.
Сарапшы атом энергетикасы кез келген уақытта және кез келген жерде қауіпсіз энергиямен қамтамасыз етуге қауқарлы екенін алға тартты.
– Сондықтан атом энергетикасына көшу керек. Еліміздің оңтүстігінде пайда болған энергия тапшылығы энергетикалық қауіпсіздік мәселесін күн тәртібіне шығарды. Мұны мойындауымыз керек. Ал атом энергетикасына қатысты проблемалар әзірше идеологиялық сипатқа ие. Ойдан шығарылған фобиялар көп. Қазақстанда атом электр стансасының құрылысына кем дегенде 10 жыл кетеді, – дейді ол.
Атом саласы Қазақстанның ғылымын ілгерілетуге жол ашады деген пікір де айтылып жүр. Бұл өз кезегінде техникалық жоғары оқу орындарының деңгейін көтермек. Мұны уақыттың еншісіне қалдырған дұрыс, әлбетте.