• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Үкімет 24 Ақпан, 2022

Әлихан Смайылов Михаил Мишустинмен келіссөз жүргізді

178 рет
көрсетілді

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Еуразиялық үкіметаралық кеңес отырысы кезінде Ресей Федерациясы Үкіметінің басшысы Михаил Мишустинмен екіжақты келіссөздер өткізді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Тараптар бірқатар өзекті мәселелерді, атап айтқанда, сауда-экономикалық және транзиттік-көліктік ынтымақтастық, өнеркәсіптік және отын-энергетикалық кешен, цифрландыру және ғарыш саласы салаларына қатысты мәселелерді талқылады. 2021 жылы екі ел арасындағы тауар айналымының өсуі 29%-ды құрады.

Ә.Смайылов агроөнеркәсіп кешеніндегі қарқынды өсуді атап өтті.

«Өткен жылы АӨК-дегі өзара іс-қимыл 32%-ға өсті. Сонымен қатар, бұл салада үлкен әлеует бар. Өзара сауданы ұлғайту, оның құрылымын ұлғайту, жеткізілетін тауарлар номенклатурасын кеңейту жөніндегі жұмысты жалғастыруды ұсынамыз. Ресейлік агроөнеркәсіптік бизнесті тығыз ынтымақтастыққа шақырамыз», деді ҚР Премьер-Министрі.

Транзиттік-көліктік ынтымақтастық мәселелерін талқылай отырып, Қазақстан Премьер-Министрі «Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік бағытын дамыту жөніндегі ауқымды жобаны атап өтті. Қазақстандық және қытайлық құрылыс учаскелері аяқталды. 

Қазақстан тарапы «Меридиан» автомобиль жолының жобасын жалғастыру ретінде Ақтөбе қаласынан Ресей шекарасына дейін Орал қаласы арқылы Самараға дейінгі автожол учаскесін қайта жаңартуды көздеп отыр. Қозғалыс қарқындылығының артуына қарай уақыт өте келе 2025-2030 жылдары жол санатын 4 жолаққа дейін кеңейту жоспарлануда.

Сондай-ақ, Қазақстан мен Ресей арасындағы әуе қатынасын жолға қою мәселесіне ерекше назар аударылды. Қазіргі уақытта көрші елдер арасында 21 бағыт бойынша аптасына 54 рейс орындалып жатыр. Жалпы рейстердің біртіндеп қалпына келуі байқалады. Алайда, қолда бар сұраныс толығымен қанағаттандырылмаған.

Сонымен қатар, Ә.Смайылов пен М.Мишустин Қазақстанның солтүстік және шығыс өңірлерін, оның ішінде Ресей Федерациясын газдандыру нұсқаларын талқылады.

«Газпром» және «QazaqGaz» компаниялары жылдың бірінші тоқсанының соңына дейін Қазақстанның солтүстік және шығыс өңірлерін газдандыру жобасына бағалау жүргізуі тиіс. Тараптар газ құбырларын салу бағыттары мен тұтыну көлемін анықтайды. Ә.Смайылов қысқа мерзімді перспективада нақты шешім қабылдау үшін осы саладағы жұмыстарды жандандыруға мүдделілік білдірді.

Өз кезегінде Михаил Мишустин Еуразиялық экономикалық Одақ форматындағы интеграциялық байланыстардың нығаюына және өзара мүдделерде сауда-экономикалық ынтымақтастықты қамтамасыз етуге үміт білдірді.

«Ресей мен Қазақстан арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастығымыз айтарлықтай табысты дамып келе жатқанын қанағаттанушылықпен атап өткім келеді. 2021 жылы тауар айналымы 2020 жылмен салыстырғанда үштен бірге ұлғайды және $25 млрд асты, бұл біздің бүкіл тарихымыздағы өзара сауданың рекордтық көрсеткіші», деді Ресей Үкіметінің басшысы.

Кездесу соңында қазақстандық және ресейлік тараптардың өкілдері Ресей Федерациясының Үкіметі мен Қазақстан Республикасының Үкіметі арасындағы 2021-2025 жылдарға арналған экономикалық ынтымақтастықтың кешенді бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарына қол қойды.