Алматыдағы «Орталық клиникалық ауруханасы» АҚ-да аритмология орталығы ашылды. Айта кету керек, жаңа орталықта аритмияға жасалатын күрделі операциялар қымбат тұрады. Шамамен мұндай отаға 5 миллион теңгедей қаржы қажет. Дегенмен дәрігерлер бұл отаны МӘМС арқылы тегін жасатуға болатынын айтады. Сонымен қатар ОКА-да алғаш рет паркинсонға да ота жасалды. Бұл – аталған кеселге Алматыда жасалған алғашқы операция. Ондай операциялар бұрын елорда мен Қарағанды қаласында ғана жасалатын еді.
Ендігі жерде жаңа орталықта аритмияның азабын көріп жүрген жандарға заманауи көмек көрсетіліп қана қоймай, онда отандық, шетелдік кардиологтер жаңа технологияларды меңгереді. Осыған ұқсас орталықтар Қазақстанда бар, алайда «Совминкада» ең күрделі жағдайларға ем жүргізілмек. Өйткені аритмия мәселесі де көкейкесті сипатқа ие. Статистика бойынша әлемде кенеттен келетін ажалдың 3-4 пайызы осы аритмиядан болады. Өкінішке қарай, қартаюмен қатар жүретін мұндай аурулардың саны жыл сайын өсіп барады.
Аритмия орталығының директоры, Грузиядан келген кардиолог Роин Реквава жағдайды ковид та күшейтіп жібергенін айта келе: «Қазіргі таңда бүкіл әлемде жүрек-қан тамырлары ауруларынан болатын өлім-жітім жағдайлары бірінші орында тұр және болжам бойынша, алдағы 20 жылда жағдай өзгере қоймайды. Коронавирус инфекциясы кесірінен жүрек-қан тамырлары кеселдерінің асқынуы көбейді, бұл да жалпы статистикаға әсер етеді. Алматыдағы Орталық клиникалық аурухана базасындағы аритмология орталығы қазақстандықтар үшін маңызды. Бұл осындай аурулардан қиналып жүрген пациенттерге, қан шығармай, кеудені ашу арқылы жарақаты аз және жоғары технологиялы операциялар жасауға мүмкіндік береді. Себебі 3D-режімде тамырлар арқылы аритмия ошағын тауып, қатыру және күйдіру арқылы дертті жоямыз. Бұл – бүгінгінің және болашақтың технологиясы», дейді.
Аритмология бағытының өзі бүгінгі таңда карталау мен рентгеноскопиялық түсірілімдер, жүрекшеаралық қалқа пункциясы мен жүрек қабына қол жеткізу, криоаблация және сол жақ жүрекше алу процедурасы әдістерін қоса алғанда аритмиясы бар пациенттерді диагностикалау мен емдеудегі ең жаңа технологияларын ұсына алады.
Сондай-ақ аритмологиямен байланысты тұқым қуалайтын кеселдерімен қосылып жүрек ырғағы бұзылған науқастардың дерттерін анықтауда молекулалық генетика жетістіктері қолданылады.
Ең қуаныштысы, осы жаңа технологиялар бір орталыққа жинақталып отыр. Мұның да маңызы зор, осы орталықта алдағы уақытта Қазақстан кардиологтері жаңа орталықта білімдерін жетілдіріп, медициналық машықтарын басқа клиникаларда қолдануға мүмкіндік алып отыр.
Алматыда паркинсон ауруын алғаш рет емдеді
Оқырманның есіне Қазақстанда паркинсон ауруына операция алғаш рет 2013 жасалғанын сала кету керек, бірақ осы уақытқа дейін мұндай операция тек астана мен Қарағандыда жасалып келді. Енді мегаполистегі Орталық клиникалық ауруханасында да ТМККК пен МӘМС квотасы арқылы паркинсон дертіне душар болған науқастарға алғашқы операция жүргізілді. Әрі ОКА базасында паркинсон ауруын хирургиялық жолмен емдейтін орталық ашылды. Операцияны атақты нейрохирург, медицина ғылымдарының кандидаты, бас пен жұлынға нейростимуляторларды импланттауға маманданған Шыңғыс Шашкин жасады.
– Әрине, операция толық сауықтырып жібермесе де, осындай науқастардың өмір сапасын едәуір жақсартады. Себебі бұл науқастардың бұлшық еттері жұмыс істемейді. Ол үшін пациенттің миына жіңішке электродтар жібереміз, олар нейростимуляторлармен байланыстырылады да, бұғана астына, кеуде бөлігіне, тері астына имплантталады. Алматыда тегін квота бойынша операция жасалған алғашқы пациент 70 жаста, ол 8 жыл бойы осы кеселдің дірілдейтін түрінен зардап шеккен. Қазақстанда паркинсон дертіне душар болған 30 мыңдай науқас бар, олар негізінен қартайған кісілер болғанымен, менің тәжірибемде 25 жастағы пациент те кездесті, – дейді Ш.Шашкин.
Айтқандай, паркинсон кеселімен Гитлер, Мұхамед Әли, Оззи Осборн, Иоан Павел ІІ, Вячеслав Зайцев, Валентин Гафт, Сальвадор Дали, Мао Цзедун сынды танымал тұлғалар да ауырған. Әлемде биостимуляторды енгізуде алғашқы операция 1987 жылы жүргізілген екен. Ал қазір нейростимуляция әдісі АҚШ, Еуропа, Азия елдерінде сәтті қолданылады.
– «Совминка» базасында паркинсон ауруын хирургиялық жолмен емдеу орталығын ашу оңды шешім болды. Себебі еліміздің оңтүстігінде халықтың 62%-ы тұрады, олардың өз өңірлерінде тегін ем алу мүмкіндігі жоқ. Операцияның өзі қымбат тұрады, енді бұл операция квота бойынша орталық ауруханада жүргізілетін болады. Тек осы жылы біз 50 стимулятор орнатуды жоспарлап отырмыз, – дейді дәрігер.
Қазақстанның алғашқы функционалды нейрохирургі Шыңғыс Шашкин паркинсон ауруын меңдетпеу үшін профилактика ретінде саламатты өмір салтын ұстанып, көбірек қимылдауға, дұрыс тамақтануға, бір іспен әуестенуге кеңес береді. Дәрігер өзі жұмыстан бос уақытта байк жүргізеді, бұл да шаршағанды басуға көмектесетін көрінеді.
АЛМАТЫ