Ernst & Young компаниясы ірі халықаралық Entrepreneur of the Year («Жыл кәсіпкері») байқауын қорытындылады. Cerebra.ai Ltd «Инновациялық стартап» номинациясына ие болды.
Жобаның негізін қалаушысы мен менеджері Досжан Жүсіпов бұл жетістік бүкіл ұжымның еңбегі екенін атап өтіп, компанияның алдында еліміздің барлық инсульт орталықтарында бұл бағдарламаны қосу бойынша үлкен міндет тұрғанын мәлімдеді.
«Біздің командамыз инновациялық өнім жасап қана қоймай, инсультке қатысты қалыптасқан парадигманы өзгертіп жатқанына сенімдімін. Біз адамдардың қиын жағдайларға дайын болғанын қалаймыз. Ол үшін біздің команда «Инсульт» қайырымдылық қорын ұйымдастырды. Біз инсульттан болатын өлімді азайтуға үлес қосқымыз келеді», деді Досжан Жүсіпов.
Биыл EY байқауды пандемия қиындықтарына қарамастан, өз бизнесін дамытуды жалғастырған кәсіпкерлерге арнады. Еске салайық, байқаудың ұлттық кезеңі 2007 жылдан бастау алады. Содан бері байқауға экономиканың түрлі салалары мен еліміздің өңірлерінен 800 отандық кәсіпкер қатысқан.
Еске сала кетейік, Astana Hub – IT-стартаптарға арналған халықаралық технопарк. Astana Hub ТМД елдерінен стартаптар және IT-компанияларды тартумен және локализациялаумен, технологиялық кәсіпкерлікті танымал етумен және жергілікті мамандарды, стартаптар мен IT-компанияларды дамытумен, сондай-ақ отандық IT қызметтері мен өнімдерінің экспортын дамытумен айналысады, дейді Astana Hub баспасөз қызметі PR және маркетинг бөлімінің аға менеджері Алтынгүл Жаңабай.