• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
28 Наурыз, 2014

Маңызды теміржол құрылысы мерзімінде бітеді

524 рет
көрсетілді

Арқалық – Шұбаркөл және Жезқазған – Сексеуіл телімдерінде теміржол төсемін төсеу бойынша негізгі жұмыс аяқталды. Бірақ, бұл желі құрылысы бітті дегенді білдірмейді. Бұдан кейін де атқарылатын жұмыс көп. Оқырмандарымыздың есіне өткен жылдың желтоқсан айында салынып жат­қан Жезқазған – Сексеуіл және Арқалық – Шұбаркөл желілерінің теміржол төсем­дерінің түйістірілгендігі туралы сала ке­тейік. Осындай маңызды оқиғаның «Жол жөн­деуші» компаниясы» ЖШС әлеуметтік-эко­номикалық көрсеткіштеріне қалай әсер етті? – Өткен жыл біз үшін өте табысты бол­ғаны ешқандай шүбә келтірмейді. Екі желінің де төсемін тұрғызып, оны түйіс­тірумен аяқтауды қол жеткен жетістігіміз ретінде атап өткім келеді, – дейді «Жол жөндеуші» компаниясы» ЖШС бас директорының орынбасары Виктор Богачев (суретте). – Жоспарланған жұмысты мерзімінде бітіру біздің табысты компания ретінде күрделі ғана емес, тіпті аса күрделі міндеттерді орындай алатындай абыройымызды арттыра түсті. Біліктілікпен құрылған ғылыми-техникалық шешім, озық менеджмент өз дегеніне жеткізді – біз ұжымымыздың қол жеткен табысымен мақтана аламыз. Жезқазған – Сексеуіл және Арқалық – Шұбаркөл теміржол желісі құрылысына барлығы 11 мың адам мен өте көп арнайы техника тартылды. Жезқазған – Сексеуіл желі бойындағы ең үлкен және ең күрделі телім. Осы аралықтағы жұмыстың 70%-ын «Жол жөндеуші» компаниясы» ЖШС атқарды. 16 айда жұмыс барысында 30 млн. текше метр топырақ үйіліп, 244 су өткізетін құбыр төселіп, 12 көпір салынып, 547 шақырым жол төсемі тұрғызылды. Екі желі бойындағы осындай орасан зор жұмысты мерзімінде бітіріп, сапалы орындап шығуда «Жол жөндеуші» компаниясы» ЖШС-нің Қызылорда, Қарағанды, Павлодар, Қостанай, Алматы филиалдары жол жөндеу дирекцияларының еңбегі ерекше. Жұмыстың сауатты ұйымдастырылуы мен кадрлардың біліктілікпен іріктеліп алынуы маңызды рөл атқарды. Қызметкерлердің айтуына қараған­да, 2013 жылды компания жақсы көрсет­кіштермен аяқтаған. Әрине, жұмыс болған соң кейбір кемшілік те бар. Бірақ, ол жұмыстың жалпы жағдайына бәлендей бір кері әсер етпейді. – Компаниямыздың қол жеткізген жетіс­­­тігі туралы өткен материалдарда айтқан мәлі­меттерді қайталап жатқанымыздың жөні жоқ деп ойлаймын, – деп әңгімесін жалғастырды Виктор Николаевич. – «Жол жөндеуші» компаниясы белгілі бір жұмысты белсенді түрде жүзеге асыра отырып ұйымдастыру мен бақы­лау қызметін қатар атқарғанын атап өткім келе­ді. 33 мердігерлік ұйымның жұмысын талапқа сай ұйымдастырудың өзі неге тұрады десеңізші. «Жол жөндеуші» компаниясы» ЖШС теміржол жөндеу мен оның құрылысы нарығында біраз жылдан бері сан салалы қызмет атқарып келеді. «Жол жөндеуші» техниканы үнемі жаңалап және жаңғыртып отыруы нәтижесінде едәуір өндірістік қорды иеленіп отыр. Компанияның барлық филиалдары кірме жолдармен, қуатты өндірістік-қойма базаларымен, рельс-шпал өрімін құрастыру мен тарқатуға, жүк түсіру-тиеу жұмысын жүзеге асыруға қажетті механизмдердің толық кешенімен қамтамасыз етілген. Рельс-шпал төсеуде пайдаланылатын крандар, моторлы платформалар, түзеткіш-нығыздағыш, әрлегіш машиналар, электрбалластер және басқа да жол машиналары мен механизмдерінің қажетті толық кешені бар. Бұдан басқа, теміржолды пайдалануға бергенге дейінгі технологиялық үрдісті толық орындауға мүмкіндік беретін арнайы қозғалмалы құрам (сәйкестендірілген алмалы-салмалы құрал-жабдықпен жабдықталған платформалар, хоппер-дозаторлық және қызметтік-техникалық вагондар), автомобильдер мен тракторлар, механикаландырылған және жол жөндеушінің күнделікті құрал-жабдығымен жеткілікті қамтылған. Ұжым Жезқазған – Сексеуіл жә­не Арқалық – Шұбаркөл теміржол құры­лысында бас мердігер қызметін атқаруда біліктілігін дәлелдеп, өзін жақсы жағынан көрсете білді. Осының өзі өткен жылда қол жеткен басты табыс болып табылады. 2012-2013 жылдарда «Жол жөндеуші» компаниясы» ЖШС мен оның әріптестері «Базис», «BI Group» және «Найза Құрылыс» компаниялары құрылысы жүріп жатқан екі теміржол төсеміне 44,1 млн. текше метр топырақ үйіп, 20 көпір салды, 405 су өткізетін құбыр орнатты, 757 шақырым рельс-шпал өрімін құрастырып, жол бойына төсеп шықты, сонымен қатар 258 шақырым электр желісін тартып, 227 шақырымға талшықты-оптикалық желі жүргізді. Бұл өте жақсы көрсеткіш. Мерзімінде салынып біткен желі бұдан кейінгі құрылыс жүргізуге қажетті материалды қыс кезінде жеткізуге мүмкіндік беріп отыр. Дегенмен, биылғы жылдың қары қалың түсіп, аязды болған қысы жұмыс барысына өзіндік ықпал етті. Жезқазған – Сексеуіл және Арқалық – Шұбаркөл желісі бойында кей жерде тереңдігі 17 метрге дейін жететін көптеген ойықтардың болуына байланысты жұмысшы пойыздардың қозғалысын ұйымдастыруда қиындық туды. Қарлы боран нәтижесінде ойықтарды қар басып қалды. Сондықтан да құрылысқа қажетті материал жеткізу наурыз айынан басталды. Өткен жылы негізгі күш пен қаржыландырудың басым бөлігі негізгі жолды түйістіруге бағытталғандықтан, қардан қорғайтын қорғаныштар құрылысы 2014 жылға жоспарланған болатын. Жалпы алғанда, теміржол салу барысында кездесетін ойықтар үлкен кедергі болады. Оларды қар көшкінінен қорғайтын жоба да бар және ол биылғы жылы жүзеге асырылады. Қазіргі кезде ұжым маңызды жұмыс атқарып жатыр. Біріншіден, еріген қар суы толып қалмауы үшін ойықтар қардан тазартылуда. Екіншіден, көктемгі тасқынның алдын алып, жолды су шайып кетпеуі үшін су өткізетін құбырлар ашылып, көпірлердің асты тазартылуда. Теміржолшылардың тілімен айтқанда, еріген қар суының селге айналып кетпеуінің алдын алу шаралары жүргізілуде. Сонымен, жаңа салынған желінің беріктігін сынап байқаған алғашқы қыс та аяқталды. Үшіншіден, бағыттамалық бұрмалар орнатылуда, балласт призмасы қалыңдығы нормаға сәйкестендірілуде, байланыс және белгі беру, энергиямен жабдықтау дистанцияларының қызметкерлері қажетті аппаратура қондырып, электр желісін тартып, жұмысын тоқтатқан жоқ. Рельс-шпал өрімін тоқу жалғасуда. Олай болса, жұмыс қарқынды жүріп жатыр. Теміржолда жұмыс қашан да көп. Соның өзінде қазіргі кезде жаз бойы атқарылатын жұмыстың қамы жасалуда. Ал, алдағы уақытта атқарылатын жұмыс қыруар. 2014 жылы тапсырыс беруші – «Қазақстан темір жолы» ұлттық ком­па­ниясы екі теміржол желісі бойын­ша да жылдың аяғына дейін жүк тасы­малы қозғалысын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін кешеннің бірінші кезегін пайдалануға беру міндетін қойып отыр. «Жол жөндеуші» компаниясы» ЖШС ұжымы қазіргі кезде жоспарлау және инженерлік дайындық жұмысын жүзеге асырумен айналысуда. Тағы да арнайы техника мен адам күшін тартып, қосымша ресурстарды жұмылдыруда. Компания алдына қойылған міндетті орындауға тас түйін дайын отыр. Ұзындығы 762 шақырымдық жол бойындағы топырақ үйіндісі мен жасанды құрылыстарды тұрғызуды бітіріп, станция тарамдарын төсеп, байланыс және белгі беру, орталықтандыру және блоктау құрылғыларын орнатып, ЭЦ қосындарын салуда. Бұдан басқа желі бойын тұтастай электр энергиясымен қамтамасыз етіп, өндірістік ғимараттар мен имараттар салу қажет. «Жол жөндеуші» компаниясы» ЖШС үшін Жезқазған – Сексеуіл және Ар­қалық – Шұбаркөл теміржол желісі құры­лысының жобасын жүзеге асыру үлкен жауапкершілікке айналған. Ұжым үлкен тәжірибе жинап, менеджментін жақсартып, қызметкерлерінің біліктілігін арттырып, өсіп, өркендеп дамыды. Бұрын да айтылып келгендей, аталған жобаны жүзеге асыру Орталық Қазақстаннан және Қытаймен шекаралас Достық стансасынан Ақтау теңіз порты және одан ары Еуропа елдеріне тура шығуды қамтамасыз етеді. Оның басты артықшылығы – ең төте жол екендігінде. Қытайдан Еуропа елдерінің порттарына дейін тасымалданатын жүктің жолдағы уақыты 40 күннен 12 күнге дейін қысқарады. Бұл өз кезегінде Достық стансасы мен Ақтау порты аралығында тасымалданатын жүк көлемін үш есеге дейін арттыруға мүмкіндік береді. Отандық жолаушы және жүк тасымалдайтын құрамдар үшін арақашықтық бірден 1100 шақырымға қысқарады. Бүгінгі күні Қытай шекарасындағы Достық стансасы мен еліміздің батысында орналасқан Ақтау портына дейінгі арақашықтық 4165 шақырым болса, Қорғас стансасынан Ақтау портына дейінгі арақашықтық 3594 шақырым. Жаңа салынып жатқан теміржол пайдалануға берілгеннен кейін осы арақашықтық алғашқы маршрут бойынша – 3027, екінші маршрут бойынша 3110 шақырымды құрайды. Любовь ГОВОРУХИНА, «Транс-Экспресс Қазақстан» журналының редакторы.