Өкінішке қарай, Украинадағы қанды қырғын жалғасуда. Батыс елдері мен халықаралық ұйымдар Ресейдің «арнайы әскери операциясына» тойтарыс беру үшін бірқатар батыл қадам жасап, экономикалық салдары ауыр санкциялар легін жаудырды. Қарулы қақтығыстар ел астанасы Киевті қоса алғанда, бірнеше өңірде жүріп жатыр.
Украинада тұтанған соғыс өрті әзірге басылар түрі жоқ. Үрейленген халық елдің батыс шекарасына ағылып, көршілес елдерден пана іздеді. Польшаның өзіне екі күнде 100 мыңнан аса адам келген. Румыния Украинадан 43 мың азаматтың елге кіргенін мәлімдеді. Одан бөлек азаматтар Молдова, Мажарстан мен Словакия шекараларынан асқан. Соғыстан қашқандардың көбі – әйелдер мен балалар, өйткені Украина басшылығы 18-60 жас аралығындағы ер адамдарды елде қалып, қолына қару алуға шақырды. БҰҰ үйін тастап қашқан босқындардың көбейетініне алаңдаушылық білдірді.
Санкцияға ілікті
Соңғы күндері әлем жұрты, әсіресе Батыс елдері Ресейдің әрекетін қатаң сынға алуда. Бұл агрессияны тоқтату үшін түрлі санкция жарияланды. Алғашқыда АҚШ, Ұлыбритания, Еуроодақ елдері Ресейдің жекелеген тұлғаларына санкция салып, қаржы секторын тежейтін шешімдермен шектелген-ді. Батыс елдерінің бұл әрекеттері «әлсіз» екені айтылып, әлем жұрты Ресеймен таразы басын теңестіріп тұрған мемлекеттерден батылдау шешім талап етті. Байден әкімшілігі бастапқыда Ресейдің екі ірі банкін Сбербанк пен ВТБ-ны, сондай-ақ бірнеше ірі компанияны Батыс қаржы нарықтарынан ажырататынын мәлімдеді. Одан бөлек технологияны импорттауға шектеу қойылып, Ресей элитасының активтерін бұғаттайтын болады.
Еуроодақтың қара тізіміне Путин мен Лавровтан бастап, Ресей шенеуніктері, депутаттар мен қауіпсіздік қызметкерлері, сондай-ақ Беларусь армиясының командалық құрамының өкілдері кірді. Санкцияға Ресейдің 64 негізгі мемлекеттік және өнеркәсіптік құрылымдары, атап айтқанда қорғаныс және энергетика салалары, сондай-ақ төрт банк ілікті. Осылайша, санкция салынған жеке тұлғалардың саны 670-ке, ал заңды тұлғалардың саны 113-ке жеткен.
Сонымен қатар Еуропаның бірқатар елі Ресей авиакомпанияларына әуе кеңістігіне кіруге тыйым салды. Бұл мемлекеттер қатарында Ұлыбритания, Германия, Польша, Болгария, Чехия, Эстония, Литва, Румыния, Латвия және Словения бар. Соңғылардың бірі болып жексенбіде Финляндия, Ирландия да қосылды. Ресей де өз кезегінде аталған елдердің ұшақтарына өз аймағында ұшуға тыйым салды. Ұлыбритания премьер-министрі алғашқылардың бірі болып ресейлік «Аэрофлотқа» санкция салған еді. Ал бұл шешімге жауап ретінде Ресей тарабы British airlines ұшақтарын, кейінірек Ұлыбританияға қатысы бар барлық әуекомпания ұшақтарына өз әуежайларында қонуына тыйым салып, ел аумағында ұшырмайтынын мәлімдеді. Осылайша, Батыстың Ресей әрекетіне қарсылығы түрлі салада көрініс тауып жатыр.
Осыған дейінгі санкциялардың жеткіліксіз екенін айтқан белсенділер Ресейді SWIFT (Дүниежүзілік банкаралық қаржылық телекоммуникация ұйымы) жүйесінен ажырату мәселесін көтере бастады. Дегенмен Ресейдің шикізатына тәуелді кейбір елдер бұл қадамға баруға асықпаған еді. Қарулы қақтығыстың үшінші күні Батыс елдері Ресей экономикасына ауыр соққы болатын шешімді талқылай бастады. Еурокомиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйен Еуропа одағы, Ұлыбритания, Канада және АҚШ жетекшілері Ресейдің бірқатар банктерін SWIFT жүйесінен ажыратуды және Ресей Орталық банкіне сыртқы резервтерін алуға шектеу қою жөнінде уағдаласқанын мәлімдеді. Әлемнің 11 мыңнан астам қаржы ұйымы өзара құжат алмасып, қаржылық операция орындайтын SWIFT жүйесін ресейлік кейбір банк пайдалана алмайтын болады. Ал шетелдік резервтегі ақшасына қол жеткізе алмаса, рубль бағамын ұстап тұру қиынға түспек. Соңғы күндері қарастырылған ең ауыр экономикалық соққылардың бірі осылар болатыны анық.
Сондай-ақ Ресей БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің Ресей Федерациясының Украинаға қарсы агрессиясын қатаң айыптайтын және Ресей әскерлерін Украина аумағынан дереу шығаруды талап ететін қарарына тыйым салды. АҚШ пен Албания бірлесіп дайындаған бұл құжаттың жобасын 25 ақпан, жұма күні Нью-Йоркте өткен отырыста Қауіпсіздік Кеңесінің 15 мүшесінің 11-і қолдады. Қытай, Үндістан және Біріккен Араб Әмірліктері қалыс қалды. Мәскеу БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты мүшесі ретінде вето құқығына ие.
Осылайша, Ресейдің әрекетін қатаң айыптаған әлем елдері күн сайын жаңа санкциялар легін жариялап, осы арқылы Ресей президентін Украина аймағынан әскерін шығаруға мәжбүрлеуге тырысып бағуда.
Тойтарыс берді
Украинадағы жағдай күн өткен сайын ушыққанын бүкіл әлем бақылауда. В.Зеленскийдің айтуынша, ұрыс ел астанасы Киевте, сондай-ақ оңтүстікте Одессада және солтүстік-шығыста Харьковта жүріп жатыр. Харьков әкімшілігінің басшысы Олег Синегубов, Украина ішкі істер министрінің орынбасары Антон Геращенко Ресей әскерінің жексенбіде Украинаның екінші ірі қаласы Харьковке кіргенін хабарлады. Қала ішінде кескілескен ұрыс жүріп жатқаны айтылып, қала тұрғындарының сыртқа шықпай, үйде немесе жертөледе отыруы сұралған.
Ресей Қорғаныс министрлігінің ресми өкілі Игорь Конашенков Ресей әскері Херсон мен Бердянскке тосқауыл қойып, Украинаның әскери инфрақұрылымына тағы бір зымыран соққысын тигізгенін хабарлаған. Херсон Украинаның оңтүстігінде, Қырымның солтүстік-батысында орналасқан, ал Бердянск – Қырымның шығысындағы портты қала.
Дегенмен Украинаның Қорғаныс министрлігі Украина 72 сағат бойы тойтарыс бергенін және ешқандай ірі қаланың Ресей әскерінің бақылауына өтпегенін айтты. Ұрыс әлі де тоқтаған жоқ.
НАТО-ға мүше елдер Украинаға әскери көмек жіберуге келісті. Чехия Қорғаныс министрлігі шамамен 8,6 млн доллар көлемінде пулемет, шабуыл мылтықтары мен тапаншаларды оқ-дәрілермен бірге жіберетінін мәлімдеді. Ал Нидерланд Украинаға қосымша 200 «Стингер» зениттік зымыранын жеткізетін болды. Соңына дейін қару бермейтінін айтып келген Германия өзге елдерге неміс қару-жарағын беруге рұқсат етті, сондай-ақ танкке қарсы 1000 қару мен 500 «Стингер» зымыранын жіберу туралы шешім қабылдады. Ал АҚШ президенті Джо Байден қару-жараққа, соның ішінде танкке қарсы Javelin зымыранын сатып алуға тағы 350 млн доллар беруді ұйғарды. Украинаға әскери техника мен қару-жарақ беруге келіскендер қатарында Франция, Аустралия және өзге де елдер бар.
Сондай-ақ НАТО Украина аумағындағы ұрысқа байланысты шығыс блогын нығайту туралы шешім қабылдағанын айта кеткен жөн.
Ұрыс екі майдандажүріп жатыр
Ақпараттық кеңістік жайлы да айта кету керек. Шетелдік басылымдар мен Украинаның ресми тұлғалары ұрыс алаңдарынан жедел ақпарат таратып жатқанын көріп отырмыз. Ресей мен Украинаның ресми деректеріндегі алшақтық өте үлкен. Ресей тарабынан ақпараттық ваккум бар екені анық. Күрделі жағдайда Facebook, Instagram желісіне ие Meta, Twitter, Google секілді алпауыт технологиялық корпорациялар да сырт қалмады. Олар желіде тараған жалған ақпаратпен барынша күресетінін айтқан. Мәселен Instagram Ресейдің Sputnik, RT, Риа Новости секілді мемлекеттік басылымдарының парақшаларында «Ресей мемлекеті басқаратын медиа» деген белгі қойды.
XXI ғасырдағы соғыс әрекеттерінің ерекшелігі ақпараттық технологияның дамуында екені сөзсіз. Ұрыс әрекеттері екі майданда да жүріп жатыр. Anonymous тәуелсіз хакерлер тобы Ресейдің мемлекеттік органдарының сайттарын шабуылдап, олар уақытша істен шыққаны хабарланды. Ресейдің цифрлық даму министрлігі мұны Ростелеком желісіндегі ақаулармен байланыстырды. Ал Роскомнадзор Twitter, Facebook әлеуметтік желілерінің жұмысын шектейтіні туралы мәлімдеді.
Десе де, мұндай әскери қақтығыс кезінде жарияланған кез келген ақпаратты ресми деректермен салыстырып, тексеріп алуға кеңес беріледі.
Тараптар келіссөзге дайын, дегенмен...
Келіссөзге келер болсақ, Украина президенті Володимир Зеленский бірінші болып келіссөз жүргізуге ашық екенін айтқан, алайда Ресей тарабының ұсынысына келіспейтінін, ел қауіпсіздігін қамтамасыз ететін тиімді келіссөздер керек деген сөзінен айнымады. Жексенбіде Ресей президентінің баспасөз хатшысы Д.Песков Ресей делегациясы украин тарабымен келіссөз жүргізу үшін Беларуське келгенін хабарлады. Алайда Зеленский Ресейге көмек көрсеткен Беларусь жерінде кездесуден бас тартты. Жексенбі күнгі үндеуінде ол Украинаға агрессия танытпаған басқа жерлерде сөйлесуге дайын екенін жеткізді.
Сондай-ақ жексенбідегі үндеуінде В.Путин Ресейдің Украинаға басып кіруін «Донбасс халық республикаларына көмек көрсету үшін жасалған арнайы операция» екенін қайта айтып, шептегі жауынгерлердің ерлігіне алғыс білдірді.
Келіссөз Беларусьтен өзге қайда өтуі мүмкін? Осыған дейін Әзербайжан және Түркия көшбасшылары Илхам Әлиев пен Реджеп Ердоған келіссөздер ұйымдастыруды ұсынғаны белгілі болған еді.
Украинада тұтанған соғыс өрті Еуразия кеңістігінде Екінші дүниежүзілік соғыстан бері қызғыштай қорғалып келе жатқан халықаралық бейбітшілік келісімдері беретін кепілдікке қауіп төндіре ме? Мұны уақыт көрсетеді.