Өз ортаңа, ел-жұртыңа, ата-ана, бауыр, ағайын-туыс, жора-жолдасыңа күн сайын өзіңнің ризалығыңды білдіріп жүргенге не жетсін. Өзің шын ниетіңмен алғыс айтқың келетін адамдар көп, әрине. Сонда да болса, солардың арасынан өзіңе ерекше әсер еткен, өміріңнің жақсы жағына өзгеруіне атсалысқан, себепкер болған жанға ыстық ықыласыңды ерекше жағдайда білдіргің келеді емес пе.
Осы орайда, яғни жыл сайын көктемнің алғашқы күні елімізде мамыражай қалыпта аталып өтетін Алғыс айту күні мерекесі қарсаңында мен білікті дәрігер-массажшы Жұлдыз Сейтбекқызы Өмірәлиеваға шын жүрегіммен алғысымды еліміздің бас басылымы – «Егемен Қазақстан» газеті арқылы жеткізгім келеді.
2019 жылы инсульт алып, денемнің оң жақ бөлігі сал болып қалды. Бұл мен үшін, отбасым үшін ауыр жағдай еді. Мұндай жағдай ешкімнің басына келмесін. Өмірім түнекке айналғандай болды. Дәрігерге жүгіндім, түрлі ем-дом қабылдадым. Дәрігерлер маған негізінен массаж алу қажеттігін баса айтты. Содан Нұр-Сұлтан қаласындағы №8 емхананың дәрігер-массажшысы Жұлдыз Сейтбекқызына бардым. Ол кісі мені жылы қабылдап, мені емдей бастады. 20 жылдық тәжірибесі бар білікті маман мені 10 күннің ішінде аяққа тұрғызды. Қолдарым жұмыс істеп, кәдімгідей жүре бастадым. Бұл мен үшін үлкен қуаныш еді.
Мен Алғыс айту күні мерекесі қарсаңында Жұлдыз Сейтбекқызына риясыз пейілмен алғысымды білдіргім келеді. Елімізде осындай білікті мамандар көп болса екен деймін. Жұлдыз ханымға қажымас қайрат, ісіне береке, мықты денсаулық тілеймін!
Мұрат ИСАХОВ,
Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны