• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Қоғам 28 Ақпан, 2022

Zhas Project: Жоба нәтижесі қуантарлық

1916 рет
көрсетілді

Елордада «Жастар корпусын дамыту жобасын жүзеге асыру қорытындылары» бойынша дөңгелек үстел отырысы ұйымдас­тырылды. Жиынға Білім және ғылым, Ақпарат және қоғамдық даму, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктерінің, ҮЕҰ, жастар ұйымдарының өкілдері, Дүниежүзілік банк қызметкерлері және депутаттар қатысты.

Қазақстанда Жастар корпусын дамыту жобасына 10 мыңға жуық жас қатысты. Олар 3 мың гранттық жобаны жүзеге асырды. Жобаны басқару жөніндегі топтың үйлестірушісі Гүлмира Ескендірованың айтуынша, Жастар корпусын дамыту жобасын Білім және ғылым министрлігі мен Дүниежүзілік банк 2016 жылы қолға алып, 2021 жылы аяқтады.

«Жоба үш компоненттен тұр­ды. Олардың ішіндегі ең ірісі – Zhas Project гранттық бағдар­ла­ма­сы. Екінші компонент жас­тарды дамытуға жауапты ведом­ство – Білім және ғылым ми­нистрлігін, Ақпарат және қо­ғам­дық даму министрлігін инс­ти­ту­ционалдық дамытуға бағыт­тал­ды. Министрліктердің жас­тар сая­сатындағы институцио­налды­лығын шешу және нығайту, жас қызметкерлердің әлеуетін арттыру үшін түрлі мақсат қойылды. Жобаны іске асыру барысында гранттық бағдарламаға 10 мыңға жуық жас қатысып, олар 3 мыңға жуық гранттық жобаны жүзеге асырды. Екінші компонент аясында жастар саясаты бойынша стратегиялық құжаттарды дұрыс зерттеуге, әзірлеуге бағытталған 6 тапсырма орындалды», деді Г.Ескендірова.

Спикер атап өткендей, жастар топпен жұмыс істеп және топтың әрбір мүшесі 6 ай бойы 40-60 мың теңге көлемінде стипендия алып отырған. Гранттық қаржыландыру өздерінің әлеуметтік идеяларын ұсынғандарға берілген. Әлеуметтік жобалар түрлі идеяларға бағыт­талған. Жастар спорт клубтарын, тігін цехтарын, аяқ киім салондарын, нан өнімдерінің шағын өндірістерін ашқан.

«Біз олардың алдына идеяны бизнеске айналдыру міндетін қойған жоқпыз. Бұл үшін көптеген басқа бағдарлама бар. Біздің жобамыз бизнесті бастау үшін дағдылары жоқ жастарға бағытталған. Яғни оларға өз дағдыларын шыңдауға мүмкіндік бердік, олар жобалық басқаруды үйренді, менторлармен жұмыс істеді. Өкінішке қарай, қазір жобаны қаржыландыру аяқталды. Бұл бастаманы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне береміз. Министрлік те жобаны жалғастыруды жоспарлап, қарастырып жатқанын естідік», деді Гүлмира Ескендірова.

Білім және ғылым вице-ми­нистрі Қуаныш Ерғалиевтің айтуынша, Zhas Project жобасы мем­лекеттік жастар саясатының қажеттіліктерін қанағаттандырып қана қоймай, оның дамуына, жас­тармен жұмыс істеуде және тә­сілдер мен шаралардың пайда болуына ықпал етті.

«Осы 5 жыл ішінде Zhas Project елімізде кеңінен танылды және бұл кездейсоқ емес деп ойлаймын. Бұл жоба өмірлік маңызды дағ­дыларды меңгерген жастарға ғана әсер етіп қойған жоқ. Жастар өздерінің әлеуметтік жобаларын жүзеге асыруды үйренді, бұл тұтас қоғамымызға оң ықпалын тигізеді. Аталған жобаға 10 мыңға жуық жас қатысты және 9 мыңы оқуды табысты аяқтады. 4 жыл ішін­де екі мыңнан астам әлеуметтік жо­ба жүзеге асырылды, оның 20 пайызы ауылдық жерлерде, 20 пайызы білім беру мақсатында болды. Жобалардың 10 пайызы мәдениетті дамытуға бағытталса, кейбірі әлеуметтік салаға арналды. Сонымен бірге ауылдық жерлерде өте маңызды тілдік курс­тар, компьютерлік клубтар іске қосылды, ет және сүт өндірісі, тамақ өнеркәсібі құрылды, сұлулық салондары, тігін салондары да ашылды, мұның бәрі жастарға өз жобаларын жүзеге асыруға және бизнесін жалғастыруға мүмкіндік берді», деді вице-министр.

Сондай-ақ бұл жобалар қоғам­дас­тық үшін, жергілікті жерлерде жұмыс істейтін мемлекеттік органдар үшін де пайдалы болды.

«Zhas Project мемлекеттің кейбір стратегиялық міндеттерін шешу үшін бірнеше тапсырманы іске асырды. Олар жастарды және олардың волонтерлік қыз­метке қатысуын дамытуға, қо­ғам­дастықтың өмірі үшін жауап­кершілікке және мектепті аяқ­тап, мамандық таңдау кезінде дұрыс шешім қабылдауды үйре­туге бағытталды. Атап айтқан­да, жоба барысында NEET сана­тындағы жастармен жұмыс жө­ніндегі нұсқаулықтар, жастарды дамыту индексі, волонтерлік қызметті дамыту стратегиясы, кә­сіптік бағдарлау жүйесін дамыту жөніндегі әдістемелік ұсыным­дар және басқа да құжаттар әзір­ленген болатын. Биыл біз жалпы білім беретін мектептердің оқу бағдарламаларына өмірлік маңызы бар дағдыларды үйрету курстарын енгізіп жатырмыз. Осы орайда жоба аясында әзірленген дағдылар бағдарламасын қарастырудамыз. Осы жылдар ішінде жоба мемле­кеттік жастар саясатының қажет­тіліктерін қанағаттандырып қана қоймай, оның дамуына, жастармен жұмыс істеуде және тәсілдер мен шаралардың пайда болуына ықпал етті деп айта аламыз», деді Қуаныш Ерғалиев.