Мәжілісте Үкімет сағаты өтіп, онда ішкі туризмнің проблемалары мен даму перспективалары талқыланды. Депутаттар алдында Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев баяндама жасады. Ведомство басшысы өз сөзінде Мемлекет басшысы министрлікке туризм саласын ел экономикасын дамытатын драйверге айналдыруды жүктегенін, бізде бұған қажетті рекреациялық, экологиялық, инвестициялық және адами ресурстардың бәрі бар екенін айтты.
«Эпидемиялық жағдай мен шекарадағы карантиндік шектеу шараларының себебінен келу туризмі бойынша көрсеткіштердің айтарлықтай төмендегені белгілі. Дегенмен карантиндік талаптар жеңілдегеннен кейін бірқатар көрсеткіштің, оның ішінде ішкі туризмнің де жақсарғаны байқалып отыр. 2021 жылғы тоғыз айдың қорытындысы бойынша ішкі туристер саны 5,2 миллион адамды құрады, бұл 2019 жылғы карантинге дейінгі көрсеткішпен салыстырғанда 100 мың адамға артық», деді министр.
Сонымен қатар Дәурен Абаев өткен жыл ұлттық парктерге туристердің ең көп келген жылы болып, туристердің саны 2019 жылмен салыстырғанда 300 мыңға көбейіп, 1,5 миллион адамды құрағанын айтты. «Әсіресе Алматы тау кластерінің ұлттық парктеріне келушілердің еселеп өскенін айту керек. Мысалы, Іле Алатауы 212 мыңнан 430 мыңға дейін, Көлсай 83 мыңнан 160 мыңға дейін өскен. Бұны жақсы көрсеткіш деп айтуға болады. Бұл ұлттық парктерге өз жобаларын табиғатқа зиян келтірместен жүзеге асыратын инвесторларды тарту ісінің тиімділігін тағы бір мәрте дәлелдейді», деді Д.Абаев.
Министрдің айтуынша, орналастыру орындары тарапынан көрсетілген қызметтер көлемі өсуде, мысалы, өткен жылдың тоғыз айының қорытындысы 2020 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 66 пайызға өскені байқалады. Орналастыру орындары 182 бірлікке, ал олардың біржолғы сыйымдылығы 9 мыңнан астам бірлікке көбейді. Біз бір жылда 200 мыңға жуық адамды қабылдай аламыз. «Бизнестің инвестициялық белсенділігі жанданды. Дестинациясы ең жоғары 10 өңірде 2019 – 2021 жылдары жалпы сомасы 395 миллиард теңге болатын 276 инвестициялық жоба пайдалануға берілді, 5 мың 200 жаңа жұмыс орны құрылды. Өткен жылдың басынан бері жалпы сомасы 226 миллиард теңге болатын 102 нысан іске қосылды. 2019 – 2021 жылдары жүзеге асырылатын ең ірі жобалардан Түркістандағы Керуен-Сарай, «Rixos Turkistan», «Hampton by Hilton» қонақүйлері, Ақтау қаласындағы Rixos Water World Aktau, Tetys Blu парктері, Нұр-Сұлтан қаласындағы Sheraton, Бурабай-Щучинск курорттық аймағындағы «Байтас» қонақүйі, Swissotel Almaty, осындай жобалар іске қосылды. Инвестицияның жалпы көлемі 1,5 триллион теңгені құрайтын 145 жобаны жүзеге асыру жалғасуда. Біз 7 мыңнан астам жұмыс орны құрылады деп күтіп отырмыз. Бұл жерде тағы жалғасын тауып жатқан Ақтау жақтағы қонақүйлер, сауда орталықтары, Алматы облысында екі-үш жақсы жоба бар», деді Д.Абаев.
Сонымен қатар жауапты мемлекеттік орган басшысының атап өткеніндей, 2025 жылға қарай туризм саласында 60 мыңға жуық жаңа жұмыс орнын ашу көзделіп отыр. Инвестициялық және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру, сондай-ақ экономиканың түрлі салаларында халықтың жұмыспен қамтылуына жол ашатын турбизнес қызметінің жандануы да осыған ықпал етеді. Бұл білікті кадрларға деген сұранысты арттырады. «Оған қоса, бағалау сомасы 1,5 трлн теңгені құрайтын 46 инвестициялық жоба пысықталып жатыр. Мемлекеттік бағдарлама қабылданған сәттен бастап турдестинация инфрақұрылымының алғашқы ондығының жалпы қажеттілігінен 97 жобаны жүзеге асыруға түрлі бағдарлама мен жоспар бойынша 140,4 млрд теңге бөлінді. Оның ішінде 2021 жылы 50 жобаға 63,5 млрд теңге бөлінді. Бүгінгі таңда 47 инфрақұрылым жобасы аяқталды. Мысалы, былтыр Ақтау қаласындағы Жылы жағажайды игеру бағытында тіке автожолмен, электр қуатымен және сумен қамтамасыз ету жұмыстары қарқынды жүргізілді. Сондай-ақ Алакөл көлінің оңтүстік бөлігіндегі жағалауды бекіту жұмыстарына, туристік маусымға дейін аяқталуы жоспарланған Үшарал және Үржар әуежайларын қалпына келтіру жұмыстарына да қаржы бөлінді», деді министр.
Ведомство басшысы келтірген деректерге сүйенсек, бөлінген қаражат 573,7 шақырым автожолды, 321,4 шақырым су тарту, кәріз желісін, 291,3 шақырым сумен жабдықтауды, 108,6 шақырым электр энергиясын беру желілерін және басқа да жобаларды жол-көліктік әрі инженерлік инфрақұрылым тұрғысынан дамытуға мүмкіндік береді. Министр атап өткендей, экотуризмді, атап айтқанда, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды дамыту мәселелеріне ерекше көңіл бөлінеді. Ұлттық парктерді дамыту тұжырымдамасы әзірленіп нақтыланды. Бұл бас жоспарларды түзету кезінде негізге алынып, Мәдениет және спорт министрлігі мен Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің бірлескен жұмысы нәтижесінде Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Алматы облысының ұлттық парктеріне төрт стратегиялық инвестор тартты. Олар жалпы сомасы 24 миллиард теңгені құрайтын жобаларды жүзеге асырып келе жатыр.
Одан әрі «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы Туризм индустриясы комитетінің төрайымы Юлия Якупбаева баяндама жасап, соңғы екі жылда Қазақстанның туризм саласы көптеген сынақтан өткеніне тоқталды. Спикердің айтуынша, қазіргі жағдайда ішкі туризм белсенді сұранысқа ие бола бастаған. Осы орайда Ю.Якупбаев осы сектордың дамуын тежейтін бірқатар мәселелерді алға тартты.
Үкімет сағаты барысында депутаттар мемлекеттік орган басшысына сұрақтарын қойып, пікір алмасты. Өз кезегінде Мәжіліс депутаты Елдос Абақанов Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің өкілдеріне қазіргі таңда Жамбыл облысындағы екі ірі шипажай – «Т. Рысқұлов атындағы шипажай» мен «Меркі» шипажайы» АҚ минералды жерасты суларын арнайы суды пайдалануға рұқсат ала алмай отырғанын айтып, шипажайларға Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі тарапынан келісімшарт мерзімі біткенге дейін рұқсатты қайта жаңғырту қажеттігі туралы хабарламалар келіп түскенін айтты. Осы себепті салалық Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі мен Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі туристік нысандардың қызметін тоқтатпау үшін қандай кешенді шараларды жоспарлап отырғанын сұрады.
Сонымен қатар депутат Жұлдыз Сүлейменова Білім және ғылым министрлігінің өкіліне балалар туризмін дамытуға байланысты сауалын қойды. Депутат атап өткендей, ең үлкен проблеманың бірі балалар туризмін дамыту бүгінгі таңда тек қана ата-аналардың комитеті есебінен немесе кейбір мұғалімдеріміздің бастамасымен ғана жүзеге асырылып келеді. Бұл нарықты дамыту тек ата-аналардың қаражаты есебінен жүзеге асырылып отырғаны да бұл салада көптеген проблеманың бар екендігін көрсетеді. Осыған байланысты Ж.Сүлейменова балалар туризмінің жаңа бағыттарын білім беру мен тәрбие бағдарламаларына енгізу қалай және қашан жүзеге асырылатынын сұрады. Өз кезегінде Білім және ғылым министрлігінің вице-министрі Қуаныш Ерғалиев бұл мәселеде тиісті жұмыстар атқарылып жатқанын атап өтті. Оның келтірген деректеріне сүйенсек, қазіргі таңда 30 мыңнан астам бала жас туристер стансалары мен орталықтарында білім алады. «Мектептерде жан-жақты туристік өлкетану үйірмелері де ұйымдастырылып жатыр. 2 мың 229 мектептің үйірмесінде 30 мыңнан астам бала білім және тәрбие алып жатыр. Бұл жұмыстардың маңызы өте зор. Бұл балаларды отансүйгіштікке, патриоттық сезімге баулуға көмектеседі», деді Қ.Ерғалиев.
Депутат Сырым Ертаев мемлекеттік бағдарламалар бойынша туризм саласын дамытуға қанша кәсіпкерге грант пен мен несиелер берілгенін сұрады. «Оның қаржысы қанша? Туристік сала жобаларын қолдау бойынша функцияларды жеке кредиторға беру қажет деп санайсыз ба? Халықпен кездесуімізде көтерілген мәселелердің бірі, мысалы, Түркістан қаласының әуежайынан Fly Arystan авиакомпаниясымен Ташкентке ұшу бағасы 25 мың теңге шамасында. Ал Ташкенттен Түркістанға қайтып ұшып келу – 250 мың теңгенің көлемінде, яғни 10 есе жоғары. Бұл неліктен? Оны кім қадағалауда? Бұл туристердің бізге келулеріне үлкен кедергі және Қазақстан азаматтары үшін Ташкентке барып-келу неге сонша қымбат?» деді депутат.
Осы сұрақтар бойынша Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Берік Камалиев Fly Arystan лоукостер компания екенін айтып, қазіргі уақытта Түркістан әуежайында аптасына 40 рейс орындалатынын, оның алтауы халықаралық және екі бағытпен біздің 34 маршрут бойынша ұшақтар ұшатынын жеткізді. «Өздеріңіздің қолдауларыңызбен Түркістан қаласынан барлық облысқа субсидия бөлініп, барлық облыс Түркістан қаласынан SCAT, Qazaq Air авиакомпанияларының ұшақтары ұшады. Біз оларды субсидиялап отырмыз. Республикалық бюджеттен негізгі субсидияның көлемі 5 миллиард 800 миллион теңге. Бірақ Fly Arystan компаниясы Air Astana компаниясының еншілес компаниясы болғандықтан олар коммерциялық рейстермен ұшады. Бұл компания арқылы Ташкент қаласына 25 мың теңгеге ұшып, ал Ташкент қаласынан 250 мың теңгемен ұшады деген ақпаратты тексерейік. Бұл лоукостер компания болғандықтан, олар бағаны он есе қымбаттатуға құқығы жоқ. Сонымен қатар қазіргі уақытта біз Ұлттық экономика министрлігімен бірге Үкіметтің антиинфляциялық бағдарламасының ішіне бағалардың рентабельділігі бойынша шектеу қою мәселесіне ұсыныс енгізіп, оны Жол картасы бағдарламасына енгіздік. Сондықтан бұл мәселе бойынша біз Fly Arystan компаниясымен жұмыс жүргіземіз», деді.
Ал депутат Айбек Паяев Маңғыстау облысындағы Кендірліні дамыту, Жаңаөзенде жұмыспен қамту проблемасын шешу мәселелерін қозғады. Сондай-ақ ол Бурабайда құтқарушы болып сегіз адам ғана жұмыс істейтінін, жазда Бурабайда 1 миллион 200 мың турист болатынын, әлгі сегіз құтқарушыда техникалық жабдықтар, көлік құралдар жоқ екенін, бұл келушілердің қауіпсіздігін сақтауға мүмкіндіктің төмендігін көрсететінін сөз етті.