• RUB:
    5.63
  • USD:
    477.15
  • EUR:
    522.43
Басты сайтқа өту
Қазақстан 01 Наурыз, 2022

Айбыны асқақ атажұрт

277 рет
көрсетілді

Алғыс айту күні Қазақстанда тұрып жатқан өзге этнос өкілдері үшін ғана емес, еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезеңде тарихи Отанына оралып, қасиетті ата жұртында ұрпақ тәрбиелеп, өсіп-өніп, бүгінде әрқайсысы үлкен бір әулетке айналып отырған қандастар үшін де қастерлі мереке деп санаймын.

Менің ата-анам 1992 жылы Ресейдің Қорған облысынан Тобыл өңіріне қоныс ауда­рып, мінеки, отыз жыл болды, Қос­танай облысында тұрып жатыр­мыз. Қазір Қазақстанның толық­қанды азаматымын және өз елімнің шынайы патриотымын деп сеніммен айта аламын.

Ата-анам алғаш Қостанай облы­сының Ұзынкөл ауданын­дағы шағын бір елді мекенге көшіп келді. Ол кезде біз жастау­мыз. Әлі есімде, ауыл халқы бізді шын жүректерімен, шынайы ыстық пейілдерімен қуана қарсы алып, жатсынбай бауырға тартты. Ата-анаммен танысып, қонаққа шақырысып, етене араласып жергілікті жұртпен дәм-тұзымыз жарасып кетті.

Ресейде малымыз көп еді, әкем төрт түліктің бәрін ұстады. Қо­ныс аударарда соның бәрін алып келді. Келе салысымен бізге тегін үй берілді. Екі-үш сағат­т­ан кейін, сырттан машина гүрілі естіліп, ауламызға кіріп келе жатқандай болды. Үйден шықсақ, ауыл тұрғындары шөбін де, сабанын да, бидайы мен жемін де әкеп төгіп жатыр екен. Өстіп, көшіп келе салысымен, бір қысқа жететін мал азығын жинап алып, бір қарық болып қалдық. Әке-шешемнің бұл жақтың қазақтары қандай керемет! Өз еліңе, өз жеріңе ештеме жетпейді екен деп таңғалғаны бар.  

Өзім кейін көрші ауылға, үлкен әулетке келін болып түсіп, 15 жыл бойы ата-енемнің тәрбиесін алдым. Осы әулетке келін болып жүріп, ана тілімді үйрендім. Жолдасым екеуміз 29 жыл бойы жарасымды отбасын құрып, бүгінде бала-шағамызды тәрбиелеп отырмыз. Қазір Тобыл қаласындағы Нұржан Наушабаев атындағы гим­назия­­да мұғалім болып ең­бек етіп жатырмын.

Ресей мектебінде оқып жүріп, Пушкин мен Лермонтовтың кі­тап­тарын басыма жастап оқитын­мын. Қазір Абай, Ыбырай, Нұр­жан аталарымыздың өлең­дерін оқып, танып-біліп, балаларға да ұлттық рухта тәрбие беріп жатырмын. Мектеп жұмысынан тыс уақытта облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының жанынан жұмыс істеп жатқан Аналар кеңесінің жұмысына атсалысып тұрамын.

Өзімнің үш ұлым бар. Туған ұлдарымның сыр­тында, жолдасым екеуміз тағ­дыр тәлкегіне түсіп, ата-ана­ларының қамқорлығынан айы­рылған үш баланы тағы асырап алдық. Қазір төрт ұлым, екі қызым бар. Бәрі қазақ мектебінде білім алады. Бақытты анамын, өзім ұнатып істейтін жұмысым бар. Өнеге көріп, бесігінен түзу өсіп келе жатқан алты балам бар. Жаратқанның осы бер­геніне шүкір деймін. Бүгінде нәпа­қа­мызды адал еңбекпен тауып, тату-тәтті үлгілі отбасы болып отырмыз. Осындай бақытқа жет­кізген еліме, жеріме алғысым шексіз. Ең бастысы, еліміз аман, жұрты­мыз тыныш, аспанымыз ашық болсын. Ана ретінде айтарым, тыныштық пен бейбіт өмірге ештеңе де жетпейді. 

 

Айтжан КІШКЕНТАЕВА,

Н.Наушабаев атындағы гимназия мұғалімі

 

Қостанай облысы,

Тобыл қаласы