Алматы қаласы әлі де індеттен толық арылған жоқ. Дегенмен күн сайын індетке шалдыққандар қатары азайып келеді. Мегаполисте пандемияны ауыздықтауда ақ халатты мамандардың еңбегі ерен екендігін мойындау керек. Екі жыл бұрын елімізде індет басталғанда айлап, апталап үйінің бетін, бала-шағасын көрмей еңбек еткен де инфекциялық дәрігерлер.
Жуырда Алматы қаласындағы И.Жекенов атындағы клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасында Дәмеш Қаратаева жүзге толғанын да атап өтіп, індеттен де айығып, дәрігерлерге алғысын жаудырып, үйіне қайтты. Ғасыр жасаған кейіпкеріміз 5 ақпан күні ауруханаға ауыр халде түскен болатын. Дәрігерлердің айтуынша, әлсіз науқас бірден интенсивті терапия бөлімшесінде ем ала бастағаннан кейін беті бері қараған.
«Мені емдеп, қолдау білдірген барлық ақ халатты абзал жандарға рахметімді айтамын, айналайындар! Өмір жастарың ұзақ болсын! Менің жасымды берсін, әумин! Еліміз тыныш болып, көркейе берсін», деп батасын берді үйіне қайтып бара жатқан 100 жастағы кейуана Дәмеш Қаратаева.
«Науқасқа коронавирустық инфекция диагнозы қойылып, өкпесі зақымданған кезде ауруханаға түсті. Ауруды жеңудегі басты жайт – әжейдің өмірге деген құштарлығы болды», дейді И.Жекенов атындағы клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасының 1-санатты дәрігері Дания Насырбекова.
«Әжеміз бір апта бойы жөтеліп қоймаған соң, уайымдап, КТ аппаратына түсірдік. Өкпесі 25% зақымданған. Өзім дәрігер болған соң басқа дәрігерлермен кеңесіп, жедел түрде ауруханаға жатқыздық. Телефонмен сөйлескен кезде жағдайының жақсарғанын байқадым. Әжеміздің қаншама немересі, шөбере, шөпшегі бар, бәрі де ақ халатты жандарға алғыстарын айтып жатыр», деді Дәмеш Қаратаеваның немересі Нұрбол Жұмабеков.
Айтқандай, Дәмеш әже өзінің 100-ге келген туған күнінде ауруханадан шығып отыр. Қос қуанышы қатар келген кейуананы аурухана мамандары гүл шоқтары мен сыйлықтарын беріп, шығарып салды. Ал асыл әжелерінің шаңырақтарына аман-есен оралғаны үшін жақындары аурухана әкімшілігіне зор алғыстарын айтады.
АЛМАТЫ