• RUB:
    5.63
  • USD:
    477.15
  • EUR:
    522.43
Басты сайтқа өту
Қазақстан 01 Наурыз, 2022

Мың алғыс саған, туған ел!

325 рет
көрсетілді

Алғыс айту күніне орай саналуан пікір айтылады. Санамен салмақтап, таразы басына тартсаңыз, көңілдің терең бір түкпірінде жүрген жылы сезімді жарыққа шығарып, алғыс лебізіңді білдірудің ешбір артықтығы жоқ. Мен өз басым ең алдымен қазақтың ғажайып тіліне, әдемі салт-дәстүріне үйреткен, туып өскен топырағымдағы ақсақалды аталар мен мейірбан аналарға, кісіден көмегін аямайтын көрші-қолаңға ақ алғысымды жолдар едім. Мың рахмет саған, туған ел!

Бүгінде Көкшетау қаласында оқып жүр­­геніммен, бүйрегім елге бұрып тұра­­ды. Біздің ел зерлі Зерендінің көр­кем бір пұшпағы, ұядай ғана Ұялы ауы­лы. Та­биғаты қандай тамаша, ақкөңіл аң­қыл­даған адамдары ше?! Зайыры адам көңілі, оның кіршіксіз аппақ ниеті туған жерінің табиғатымен бауырласып жатқандай.

Анам әуел баста қазақ тіліне сәл шорқақтау болыпты. Жергілікті ұлттың тілін жетік білмеген соң ауылдың адамдарымен тонның ішкі бауындай араласып, сырласып кетуге де сәл-пәл тартынып тұрады екен. Ақкөңілді ауыл адамдары болса, анамды жатырқамай, жатсынбай бауырына тартқан. Қыздар тіккен кестедей құлпырып тұратын көркем тілді ғана емес, сан ғасыр бойы жалғасып келе жатқан, әр мезеретіне сыр бүккен, ұлағатын ұқсаң ишарасы мол әдет-ғұрып, салт-дәстүрді де үйреткен. Бір айта кетерлігі, жалпақ жұрт жан дауасына балаған осы салт-дәстүрдің кез келгені кемел кісілікке, асқақ адам­гершілікке, пайымды парасатқа үндейді. Бәлкім қазақы ортаның ибалы да иманды болары осыдан шығар. Тәлімді тәрбиенің уызы да, қойнына жасырған қазынасы да осы жерде. Жалпы менің пайымдауымша, елін, жерін елжірей сүйер елжандылық сезім тіл арқылы қалыптасады. Тілді терең білмеген адам ұлтын сүюі, оның жоғын жоқтап, мұңын мұңдауы неғайбыл көрінетіні бар. Сондықтан қазір жастардың, жергілікті ұлттың ғана емес, өзге этнос өкілдерінің жас буынын тәрбиелеуіміз керек. Тілді терең меңгерсе, осы елдің өркендеуіне ортан қолдай азаматы болып өз үлесін қосар еді.

Кішкентай кезімнен бастап ауылдағы құрбыларыммен тай-құлындай тебісіп өстім. Ана тілім қазақ тілі болды. Ұялы­дағы бесінші сыныпты бітірер кезде мектебіміз өртеніп кетті. Содан соң Ақадыр ауылында орта мектепті бітір­дім. Сол білім ошағындағы ұлағатты ұстаз­дарым Әлия Бекенова, Гүлмира Боран­шиналар тұңғиық тіл білімінің тере­ңіне сүңгітті. Мектепте оқып жүр­генде өзге тіл өкілдері арасында өткізі­летін сайыстарға қатысып, білім ошағы­ның мерейін үстем етуге үлес қостық.

Кейде көшеде құрбыларыммен қазақ тілінде сөйлесіп келе жатсам, назар аударып, таңырқайтын да адамдар кездеседі. Оның ешбір ерекшелігі жоқ. Біз осы жерде туып, осы елде өскеннен кейін бар ырыздығы мен ықыласын аямай тарту етіп отырған туған еліміздің тілін білуге міндеттіміз.  

Қазір Көкшетау қаласындағы Ш.Уәли­ханов атындағы универсиеттің қазақ тілі мен әдебиеті факультетінде екінші курста оқимын. Жоғары оқу орнында Сұлушаш Кәкенқызы, Ләйіс Мусин, Ибагүл Сүлейменова тәрізді білікті ұстаздар дәріс оқиды. Облыс орталығында Ассамблеяның жанынан қазақ тілі кабинетін аштым, бұл жерде «Ерек­ше сөйле» курсы бар. Тіл игеру үшін ке­летін өзге этнос өкілдері өте көп. Қазақ жастары да аз емес. Кейбі­реу­­лер осы бір көріністі қате түсінетін де жайт кез­деседі. Олар кінәлі емес қой, қайта ана тілімізді үйренеміз деп ұм­тылған­дарының өзі құптарлық шаруа емес пе?  

Бүгінде алдымнан кең жол ашқан, болашағымды айқындаған құрбыларым ғана емес, тіл білгенім үшін құрметтейтін аға буынның ықыласына бөленгендіктен сол биікке көтерген өз еліме перзенттік алғысымды айтқым келеді.

 

Милана ТАРАСОВА,

«Ассамблея жастары» РҚБ өкілдігінің мүшесі

 

Ақмола облысы