• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Қоғам 01 Наурыз, 2022

Рахмет саған, инспектор!

464 рет
көрсетілді

Адам өмірінің жалғасы баладан артық байлық бар ма? Көп ақша да, дүние-мүлік те байлық бола алмайды. Ал ұрпақтың жөні бөлек. Түн ұйқысын төрт бөлетін әр ана ретінде мен де бауыр етім – балаларымның аман-есен өскенін қалаймын.

Алайда толғауы тоқсан тіршілікке толы мына заманда қауіп-қатердің аяқастында екенін ескере бермейміз. Екі жыл бұрын екі жасар сәбиімді қабаған ит талап, өлімші еткені әлі күнге есімнен кетер емес. Сол сәтте жа­ным­ды қоярға жер таппадым. Балам­ның жарақаты өте ауыр болды. Жедел жәрдем бригадасын шақырдық.

Атырау қаласының шетінен жаңа­дан бой көтерген «Жұлдыз» шағын ауданында тұрамыз. Шағын ауданға жедел жәрдем бригадасының келуін күтетін уақыт болмады. Оқиға болған жерге полиция қызметкерлері жедел жетті. Учаскелік полиция инс­пекторы Қанат Испусинов жедел жәрдемді күтпей, жарақаты ауыр баламды көлігімен облыстық балалар ауруханасына ала жөнелді. Полиция инспекторы осылай жедел әрекет етіп, жарақат алған баламның аман қалуына қолұшын созды.

Қабаған ит баламның бас сүйегін, қолын тістеген. Аурухана дәрігерлері баламның денесіндегі ит тістегеннен қалған жарақатына хирургиялық өңдеу жүргізіп, тиісті ем-домын жасады. Біраз күн аурухананың травматология бөлімінде емделді. Ал полиция қыз­меткерлері жедел іздестіру іс-шарасын қолға алып, қабаған итті де, оның иесін де тапты.

Мен полиция инспекторына, дәрі­герлерге баламның аман қалуы­на көмегін бергені үшін аналық алғы­сым­ды білдіруді жөн санадым.

 

Әйгерім АЙЫНҒАЗИЕВА,

Атырау қаласының тұрғыны