Түркияның Ыстанбұл қаласында күрес түрлерінен өткен Яшар Доғу, Вэхби Эмре және Хамит Капланның мемориалын жерлестеріміз 9 жүлдемен қорытындылады.
Еліміздің грек-рим күресі шеберлері 1 алтын, 1 күміс және 3 қола медальді олжалағаны жайында біз бұған дейін жаздық. Осы нәтиженің арқасында Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте төртінші орынға тұрақтады. Бұл жарыста жергілікті балуандардың қарқыны өте күшті болды. Түркия балуандары жеңіс тұғырының ең биік сатысына бес рет көтерілді. Екінші орындағы Өзбекстанда үш алтын бар. Үздік үштікті Әзербайжан қорытындылады.
Грек-рим күресінен өткен жарыстың жеңімпаздары
55 кило – Адем Бурак Узун (Түркия), 60 кило – Ернар Фидахметов (Қазақстан), 63 кило – Исломжон Бахрамов (Өзбекстан), 67 кило – Махмуд Бахшилоев (Өзбекстан), 72 кило – Селжук Кан (Түркия), 77 кило – Юнус Эмре Башар (Түркия), 82 кило – Бурхан Акбодак (Түркия), 87 кило – Ислам Аббасов (Әзербайжан), 97 кило – Руслан Ассақалов (Өзбекстан) және 130 кило – Ислам Йылдырым (Түркия).
Әйелдер күресінен өткен жарыста 72 кило салмақтағы Жәмила Бақбергенованың жарқын жеңісіне куә болдық. Былтыр Ослода әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанған қазақ қызы Түркиядағы турнирде Еуропа біріншілігінің қола жүлдегері Дануте Домикайте (Литва), жасөспірімдердің Дүниежүзілік Олимпиадасының жүлдегері Гок Вахиде Нур (Түркия), Ярыгин Гран-приінің жеңімпазы Ксения Буракова (Ресей) және әлем мен құрлық чемпионаттарының жүлдегері Анна Шелл (Германия) сынды кіл мықтыларды жеңіп, алтыннан алқа тақты.
78 кило салмақта күрескен Гүлмарал Еркебаева да қола медальді иеленді. Жартылай финалда әлем және Еуропа чемпионатының жүлдегері Мартина Кюнцтан ұтылған ол үшінші орын үшін бәсекеде америкалық Виктория Кристина Фрэнсистен айласын асырды.
Әйелдер күресінен өткен жарыстың жеңімпаздары
50 кило – Полина Лукина (Ресей),
53 кило – Болотуя Бат Очир (Моңғолия), 55 кило – Джакара Винчестер (АҚШ), 57 кило – Эвелина Николова (Болгария), 59 кило – Анастасия Нишита (Молдова), 62 кило – Церенчимед Сухее (Моңғолия), 65 кило – Феррест Молинари (АҚШ), 68 кило – Блессинг Обородуду (Нигерия),
72 кило – Жәмила Бақбергенова (Қазақстан) және 76 кило – Айпери Медетқызы (Қырғызстан).
Еркін күрестен өткен турнирде алыптармен айқасқан үш балуанымыздың арасынан тек Юсуп Батырмурзаев қана ел сенімін ақтады. Шешуші тұста ресейлік Ацамаз Теблоевты тізе бүктірген отандасымыз қола медальді иеленсе, Олег Болтин мен Әлішер Ерғали қалың топтың арасында қалып қойды. 97 кило салмақтағы Мамед Ибрагимов та сол межеден көрінді. Үшінші орын үшін тартыста ол жергілікті спортшы Мустафа Сессизден басым түсті. Өкінішке қарай, өзге балуандарымыз тегістей ұтылды.
Еркін күрестен өткен жарыстың жеңімпаздары
57 кило – Алмас Сманбеков (Қырғызстан), 61 кило – Рави Кумар (Үндістан), 65 кило – Шамил Мамедов (Ресей), 70 кило – Амир Мухаммед Яздани (Иран), 74 кило – Сонер Демитрас (Түркия), 79 кило – Джордан Борроуз (АҚШ), 86 кило – Осман Гечен (Түркия), 92 кило – 97 кило Мухаммадхоссейн Мухаммадиан (Иран), Ахмед Юсуп Базригале (Иран) және 125 кило – Таха Акгюл (Түркия).