• RUB:
    5.63
  • USD:
    477.15
  • EUR:
    522.43
Басты сайтқа өту
Қоғам 01 Наурыз, 2022

Ән пернесін шерткізген әсем байқау

178 рет
көрсетілді

Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде 9-сыныптар арасында ән байқауы өтті. «Қазақтың 100 әні» жобасы аясында өткізілген іс-шарада оқушылардың вокалдық қабілеттері емес, қазақ халқының музыкалық өнері туралы білімдері бағаланды.

Алдымен командалар танымал қазақ әндерінің аясында топтық таныстырылымдарын жасады. Жас зияткерлер ақындық өнерімен және музыкалық дағдыларымен ерекшеленді. Екінші кезеңде берілген әуенді тыңдай отырып, атауы мен авторын тауып жарысса, сұрақ-жауап айдарында оқушылар «Қазақтың 100 әні» тізіміне енген шығармалар туралы білімдерін ортаға салды. Топтық жұмыс барысында командалар караокеде ән айтып, халық және эстрадалық әуендердің атауы мен авторларын сәйкестендіруде шапшаңдықтарын байқатты.

«Іс-шарада тізімге енген 100 шығарманың 77-ге жуығы атап өтілді. Оқушылар ұмыт болып бара жатқан мәдени мұраларды қайта жаңғыртып, туған жеріне, тарихына, мәдениеті мен өнеріне деген сүйіспеншіліктерін көрсетті», дейді жоба жетекшісі, педагог-ұйымдастырушы әрі куратор Дина Әшірбаева.

Домбыраның үнінен бойына қуат алып, әуезді әуендерімен айналаға нұр шашуды жанына серік еткен қатысушылар байқаудың берер тәрбиелік мәні зор деп санайды.

«Қазақтың ұлттық музыка мәдениетін дамытуда алғаш із салған – халық этнографы Александр Затаевич. Ол – 1 000 әнді зерттеп, нотаға түсірген алғашқы тұлға. 977 ән мен 23 күйді жинаққа енгізді. Мектебімізде жүргізілетін «100 ән» жобасы бізге ХIХ ғасырдағы Ақан серінің әндерінен бастап, заманауи шығармалармен жақынырақ танысуға септігін тигізеді. Бұл әндер адамның рухын көтеріп, ішкі жан дүниесін байытады», дейді Д.Әшірбаева.

Тартысты өткен сайыс қорытындысы бойынша 1-ші орынды 9«В» сыныбының, 2-ші орынды 9«С» сыныбының, ал 3-ші орынды 9«G» сыныбының оқушылары өзара бөлісті.

 

Елена РЫБИНА,

химия-биология бағытындағы Назарбаев

Зияткерлік мектебінің баспасөз хатшысы

 

ҚЫЗЫЛОРДА