Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев Біріккен Араб әмірліктері мен Түркияға барып, бірнеше іскерлік кездесу өткізді. Аталған елдердегі Қазақстан елшіліктерінің қолдауымен өткен кездесулердің мақсаты – өңірде инвестициялық жобаларды жүзеге асыру.
Ғ.Есқалиевтің айтуынша, бұл кездесулер алдын ала жоспарланған.
«Теректі ауданындағы мұнай өңдеу зауыты жобасына инвестор болып табылатын Әбу-Даби әмірлігінің шейхымен зауыт құрылысы кезінде туындаған кейбір мәселелерді талқыладық. Біз жобаны жедел түрде жүзеге асыру бойынша мәселелерді талқылап, міндеттерді айқындадық. Инвестор жоғары өнімділігі бар мұнай өнімдерін өңдейтін және қызметкерлеріне (200-ге жуық қызметкер) еңбек ету мен демалуға ыңғайлы, жақсы жағдай жасалған заманауи зауыт салуды көздеп отыр», деді облыс әкімі сапар қорытындысы туралы.
Айта кетейік, еліміздегі төртінші мұнай өңдеу зауыты Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданының Алғабас ауылына жақын жерде салынатыны жөнінде 2019 жылы хабарланған еді. Жоба құны 420 млн доллар болатыны, жаңа мұнай өңдеу зауытына шикізат Қарашығанақ мұнай-газ конденсаты кен орнынан жеткізілетіні белгілі болған. Зауыт инвесторлары жобаны жүзеге асыруға екі жыл уақыт керектігін, ол 2020 жылдың соңына дейін іске қосылуы керектігін айтқанымен, ол жоспар жүзеге аспай қалған.
Облыс әкімі осы сапарында шетелдік инвесторлармен қой етін өндіру жобасы және араб елдеріне арналған селекциялық жұмыстар бағытын талқылаған. Жақын арада араб инвесторларының мамандар тобы Батыс Қазақстан облысына келмек.
Ғ.Есқалиев сонымен бірге Ыстанбұл қаласында Орал арқылы әуе жүк тасымалы көлемін арттыруға, мал терісін өңдейтін зауытты қалпына келтіруге, сондай-ақ Орал қаласында салынып жатқан 4 жұлдызды қонақүйді басқаруға ниет білдірген компания жетекшілерімен кездесті. Өңір басшысы ықтимал инвесторлардың қаржысынан гөрі олардың осы саладағы көпжылдық тәжірибелері маңызды екенін айтады.
«Араб және түрік кәсіпкерлері біздің елмен өте жақсы таныс. Қазақстан халқына аса құрметпен қарайтынына көз жеткіздім. Мұны пайдалану керек. Өйткені әлем елдері инвестиция тарту үшін бар күштерін салуда. Алдағы бір-екі айда біз бұл кездесулердің алғашқы нәтижелерін көретін боламыз. Бұл кездесулер Батыс Қазақстан облысының дамуына оң серпіліс беретініне сенімдімін», деп жазды Ғ.Есқалиев әлеуметтік желідегі жеке парағында.
Батыс Қазақстан облысы