Қысқы жол қашанда қауіпті. Жар басына жасырғаның жарлауыттың астынан сығалағандай көрініп тұрады. Өңірдегі автожолдардан 64 түрлі келеңсіздіктің беті ашылған.
Біздің өңірде әдетте атан түйені алып жығатын ақ боран, үскірік аяз жиі болатын. Биыл қыс қаһарына міне қойған жоқ. Соның өзінде күре жолдардың бойын тау-теңіз қар басып, өкпек жолаушының өкпесін өшіріп тұр. Қыс бойы жүздеген көлік ақ боранның тұтқынында қалып, талай жолаушы құтқарылды. Жол-көлік оқиғасы да орын алуда. Осының барлығы жол бойындағы жөнсіздіктен. Кей тұста жол сілтеп, бағыт бағамдатар белгі де жоқ, барының өзін дауыл жұлмалап, жарамсыз етіп тастаған. Қайсыбірі қарғаның сынған қанатындай болып қалқиып тұр.
Жыл басынан бері күре жолдардың бойына 18 мәрте инспекциялық рейд жүргізілді. Жолаушының қамы. Қар басқан жолда қаңтарылып қалу кімге болсын оңай емес. Бірінші қиындық – көлік өте алмайтын күресіннің көптігі. Өңір жолдарында 227 жерде қар толып қалатын учаскелер бар екен. Әуел баста, жол құрылысын жүргізген кезде желдің бағытын, табиғаттың ерекшелігін ескеру керек еді. Қар түскен сайын қарбалас та көбеймек. Қауіп көбейген соң Көкшетау – Щучье, Көкшетау – Омбы бағыттарындағы тас жолдың бойын бақылау жиі жүргізіледі.
– Бірқатар кемшілік анықталып отыр, – дейді жол активтері ұлттық сапа орталығы облыстық филиалының инженері Игорь Стефан, – мердігер ұйымдарға ұйғарылымдар жіберілді. Егер кемшіліктер уақтылы жойылмаса, тиісті шара қабылдау үшін облыстық полиция департаментіне де хабар жолдаймыз.
Қысқы жолдың қаупі туралы жолаушыларға ескерту аз айтылып жатқан жоқ. Бұл орайда бар мүмкіндік тегіс пайдаланылуда.
– Ең алдымен адамдардың аман болғаны керек. Қысқы жолды күтіп ұстау, қасат қардың құрсауынан тазалау аз шаруа емес, – дейді Aqmola – adaldyq alany жобалық кеңсесінің жетекшісі Самира Тәйтенова, – тұрғындар тарапынан түскен арыз-шағым уақытында тексеріледі. Ел ескертуіне назар аудару арқылы төтенше оқиғалар орын алған жоқ.
Көктем де келіп қалды. Қар құрсауынан құтылғанымызбен, кейбір жол бойын орып кететін қызыл судың да қауіп төндіретіндігін қаперден шығармағанымыз жөн. Сақтық шараларын бұлжытпай орындағанда ғана жолаушының жолы болмақ.
Ақмола облысы