Адам баласының қалыптасып, қатарға қосылуына отбасы жүз пайыз әсер ететіні айдан анық. Шағын ғана шаңырақта дүниеге келген шақалақ өсе келе ширақ бала, шымыр жігіт, шау тартқан қарияға айналады. Қоғамға қолұшын беріп, қоршаған ортаға зиян тигізбей, ата-анасының атына кір келтірмейтін перзенттің өсіп-өнуіне отбасы жан-жақты жұмыс істеуге міндетті. Тәуір бала, тәрбиелі шәкірт, тәлімгер адам, тәжірибелі маман, бәрінің шығу төркіні – отбасы, ошақ қасындағы өсиет пен өнегеге тікелей байланысты. «Әкенің баласына жақсы тәрбиеден артық берер сыйлығы болмас» деген екен бұрынғылар. Осы ретте бүгінгі бала тәрбиесінің бағыты қандай?
«Отан – отбасынан басталатынын» ескерсек, бала тәрбиесінің бастауы осы ортадан басталатыны анық. Шыр етіп дүние есігін ашқан күннен бастап перзенті үшін күйіп-пісетін ата-ананың алғашқы һәм маңызды міндеттерінің бірі жүзін жерге қаратпайтын ұлағатты ұрпақ өсіру болса керек. Жарқ етіп өте шығар жалған дүниеде жолыңды жалғап, көшіңді тоқтатпайтын, орныңды жоқтатпайтын ізетті бала ізіңді жалғау үшін тәй-тәй басқан кезінен тәрбие мен білімді қатар беру – әке-шешенің әуелгі парызы.
Нұр-Сұлтан қаласы Әлихан Бөкейхан атындағы №76 мектеп-лицейдің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ауғанбай Санақұлы ұрпақ тәрбиесі – ұлт мәртебесі екенін алға тартып, қазіргі заман ағымының үздіксіз дамуымен бірге адамдардың мінез-құлқы, психологиясы да күн сайын өзгеріп жатқанын жеткізді.
«Қазіргі оқушылардың қызығатын дүниелері мен көзқарасы мүлдем басқа. Ақпараттық кеңістік дамыған заманда тек пайдалы жағынан қолданып, ұлттық пен жаңашылдықты қоса білім беру маңызды. Бүгінгі жастар өз бетімен, дәлірек айтқанда, интернетпен өмір сүруге дағдыланған. Олардың басты тәрбиелеуші құралы – ұялы телефондары. Сырластары да, мұңдастары да сол. Әрине, барлығы емес. Осы тұрғыда ата-аналар да балаларымен еркін әңгімелесіп, жылулық пен мейірім-махаббаттарын сездіріп, материалдық қана емес, рухани тұрғыда да көп көңіл бөліп, қолдау көрсетуі керек», деді ол.
Сонымен қатар А.Санақұлы білікті маман, білімді ұрпақ тәрбиелеу тек қана ұстаздардың мойнына жүктелмей, қоғам болып қол ұшын созатын ізгілікті іс екенін атап өтті.
«Майлықожа ақынның «Еркелетпе, еркімен өсір балаңды» деген сөзі де ұлт үшін, ұрпақ үшін маңызды. Иә, бұл сөздің құны әлі жойылған жоқ. Біз көбінде еркелету мен еркін өсіруді айырмай қалдық. Тәрбиелі, еркін өскен ұрпақтан нағыз өнертапқыш, еркін ойлы, шығармашыл жастар көп шығары анық. «Тәрбие басы – тіл», дейді Жүсіпбек Аймауытұлы. Ауыздан шыққан әрбір жылы сөздің жанды жадыратары сөзсіз. Қаншама даналықты, асылдық пен тектілікті бабаларымыз осы сөз арқылы жеткізіп келді емес пе? Әлі де жеткізе берер. Қазіргі оқушылардың кітап оқуға уақыты жоқ. Мектептегі «оқу сағатының» пайдасы мен маңызы өте зор деп айтар едім. Түсінбеген сөздерін мұғалімдерінен сұрап, болмаса түсіндірме сөздіктері арқылы өз бетінше ізденеді. Мемлекет басшысы 2022 жылды «Балалар жылы» деп атады. Осы мүмкіндікті пайдаланып, елімізде балаларға қатысты әртүрлі олқылықтардың орнын толтырып, баса мән берсе», деді А.Санақұлы.
Ал айтыскер ақын Қуанышбек Шарманов мектеп түгілі үйдегі балалардың әрқайсысының мінезі әртүрлі болатынын және оларды бір формула бойынша тәрбиелеу мүмкін емес екенін алға тартады.
«Бала тәрбиесіне келгенде біздің қоғамның бір қателігі Батыстан бағыт алып, Еуропаға еліктеп жатқаны деп ойлаймын. Сол жақтың кітаптарын оқып, үлгі алып жатқан ата-ана қаншама. Бір ескеретін нәрсе, бала кітаппен тәрбиеленеді деп ойламаймын. Оларды өз бойыңдағы өнегелі қасиеттеріңді көрсету арқылы ғана тәрбиелейсің. Мысалы, біздің үш баламыз бар. Екеуі – ұл, біреуі – қыз. Қыз бала жаны нәзік қой. Ішіндегісін ақтарылып айта бермейді. Көп нәрсені көңілінде сақтайды. Бір затты қатты қалап тұрса да сұрауға ұялады. Сыр алдырмайды. Үнсіз жүре береді. Соны тап баса алмасаң, ішіндегі ойды дәл таба алмасаң, ол да ата-анаға деген өкпеге алып келуі мүмкін. Сыртынан қарап отырсам, үшеуі үш түрлі. Үлкен қызымыз үлкен адам сияқты сырласқанда ғана сырын айтып, ойын ашады. Оны қатты еркелетіп жіберсең, шолжаңдап кетуі мүмкін. Егер қаттырақ айтсаң, өкпелеп, тұйық болып қалуы да ғажап емес. Сондықтан тұңғыш қызымыздың тұла бойындағы тұйық мінезіне асқан сақтықпен қараймыз. Екінші ұлымыздың мінезі өте жұмсақ. Кішкене ұрыссақ, өзін өзі жоғалтып, басылып қалады. Мақтап отырсақ, керісінше талпынып, бәрін істеуге дайын тұрады. Оны мақтап, көтермелеп отырып тәрбиелеуге күш саламыз. Кенже ұлымыз керісінше мақтап жатсаң да мән бермейді. Аса қатты әсер ете қоймайды. Ортаншыға қарағанда салмақты. Әр нәрсеге жан-жақты ойланып барып ойын айтады. Ол баламызды көп мақтамаймыз. Өйткені табиғаты мен болмысына қарсы. Кейде, кейбір гүлдердің тамырына шамадан тыс көп су құйса, шіріп кетуі мүмкін ғой. Бұл да сондай жағдай», дейді Қ.Шарманов.
Нұр-Сұлтан қаласындағы №66 мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Арлан Бағдатұлы бала тәрбиесіндегі ер адамдардың рөлін айта келе, «ер мұғалімсіз мектеп – толық емес отбасы сияқты» деген пікір білдірді.
«Тәрбие абстрактілі ұғым болғандықтан ер адам мен әйел азаматтардың бала тәрбиесіне әсерін нақты сандарға салып, сапаға шағу қиын болуы мүмкін. Дегенмен бұл сұраққа психо-педагогикалық, әсіресе этнопедагогикалық аспект тұрғысынан қарасақ, проблеманың шынында да салмақты екені сезіле бастайды. Әлбетте, нәзік жанды аруларымыздың саналы тәрбие, сапалы білім бере алатынында күмән жоқ. Дей тұрғанмен, еліміздегі оқу-тәрбие үдерісінің барлық деңгейінде әйел адамдардың үлес салмағының едәуір басым болуы – айтарлықтай олқылық. Бала үшін әке қаншалықты қажет болса, білім беру мекемелеріндегі ер мұғалімдердің де сондай маңызы бар деп есептеймін. Неге десеңіз, мектеп жасындағы балалар уақытының көп бөлігін мектепте өткізеді. Ал әкелердің көпшілігі жұмысбасты екенін, сәйкесінше, балаға да тиісті көңіл бөлінбейтіні түсінікті жайт. Оның үстіне бұл жауапкершілікті көптеген жалғызбасты аналар арқалап жүргені – жығылған үстіне жұдырық. Бұл ретте, меніңше, мектептегі ер адам белгілі бір деңгейде балаға үлгі болады, қажетті мінез-құлық моделін көрсетеді, бұл әсіресе ұлдар үшін маңызды», деді А.Бағдатұлы.
Сондай-ақ ол ер баланың есейіп, жетілуінде әкелер институтының алар орны айрықша екенін жеткізді.
«Үйдегі әке мен мектептегі ер мұғалім рөлін аналогиялық тұрғыда қатар қою арқылы қазақ тәрбиесіне бір көз жүгіртейікші. Мысалы, Бұқар жырау «Әкелі бала – жаужүрек, жиын тойға барады, төрден орын алады, бітіреді жұмысын, тастан да өткізер жебесін» дейді. Өзіне қорған болған әкесінің арқасында алшаң басып, еңсесін тік ұстап, алдына кездескен қамалды алуға дайын болады. Кем дегенде үлкен моральдық дайындықтан өтеді. «Әкесіз бала – сужүрек, жиын тойға барады, босағада қалады» дейді. Яғни жасқаншақ болатынын меңзеп тұр. Қазақ даласында әсіресе, ер балаларды ерлікке, батырлыққа, кеңдікке, бір сөзділікке, төзімділік пен сабырға баулитын әкелер институты болған. «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» дейтініміз соның айғағы. Мен әйел азаматтарға үлкен құрметпен қарайтыныма және тамаша әріптестермен жұмыс істейтініме қарамастан, бұл объективті факт: мектепке ер адам керек. Ер мұғалімсіз мектеп – толық емес отбасы сияқты. Кез келген маман өзі жетік білетін тақырып шеңберінде ғана кесімді пікір айтуға құқылы деп есептеймін. Қызмет барысында бір байқағаным – мектеп жасындағы, өтпелі жастағы оқушыларымыз үп етсе үзілуге дайын боркемік психологиялық күйде жүргенде өзіне рухани үлгі іздейді. Сол сәтте ұл балалар үшін мәдениетті де білімді ер мұғалімдердің қажеттілігі сезіліп-ақ тұрады», деді мұғалім.
Иә, жоғарыдағы азаматтардың пікіріне қарап тұрып бала тәрбиесінің қаншалықты күрделі екенін және оған тек бір тарап жауап бермейтінін байқауға болады. Бұл ретте психолог маман, PhD доктор, Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының жетекші эксперті Балабек Сақтағановтың пікірін білдік.
«Қазіргі қоғамдағы әлеуметтік, экономикалық, идеологиялық жағдайдың тұрақсыздығы адамдар арасында психологиялық стрестің көбеюіне әкелуде. Бұл жалпы рухани және физикалық денсаулыққа әсер етеді. Сондықтан адамның айналадағы ортаны түсінуі, қай әлемде, қандай кеңістікте және қандай қоғамда өмір сүретінін және оның дамуының жаңа жағдайы оған қандай талаптарды қоятынын түсіну – өткір мәселе. Егер осыдан 20 жыл бұрын бала негізінен шағын немесе белгілі бір қоғам жағдайында дамып, отбасы, сынып, қоршаған орта, ауладағы достардың қарым-қатынасын түсініп өссе, бүгінде ол түбегейлі жаңа жағдайға тап болды. Бала туғаннан бастап есейгенге дейін ата-аналардан, тәрбиешілерден, мұғалімдерден алған білімдерімен бірге, ұялы телефоннан, теледидардан, интернеттен алған ақпараттың бала санасына еніп, дүниетанымының қоғамдық талаптарға сай дамуына кедергі келтіріп отыр. Сонымен қатар құрылымдық-мазмұндық логикалық байланысы жоқ, жүйесіз, бейберекет берілген бұл ақпараттар баланың өміріне, даму процесіне сәйкес келмейді. Ғалымдардың зерттеуі бойынша, ата-ананың балаға деген ынтасының төмендігі, балалармен қарым-қатынас дағдыларының әлсіздігі, бала өмірінің тұрмыстық жағы, үйдегі уақыт тәртібі нашар ұйымдастырылатыны байқалып отыр. Қоғамның тарихи маңызды өзгерістерінің қазіргі жағдайында баланың нақты өзгерістері айқын көрінеді. Біріншіден, балаларда танымдық дамудың әлсірегені, креативті ойлаудың төмендегені. Екіншіден, балалардың энергиясы, олардың белсенді әрекет етуге деген ынтасы төмендеді. Бұған қоса эмоцияға тез берілу артқан. Балалар аз қозғалғандықтан, іште жиналған энергия гиперактивті мінез-құлыққа айналу арқылы көрініс беруде. Үшіншіден, балалардың әртүрлі рөлдік ойындарды аз ойнауы, оларда қатыгездік пен зорлық-зомбылық қасиеттерінің дамуына жол ашуда. Әлеуметтік ортаға қажетті мінез-құлық дағдыларын дамыта алмайды. Төртіншіден, мектепке балалар логопедиялық қиындықтармен келеді. Бұл жерде тек дыбысты айтудағы ақаулар туралы ғана емес, сөйлеудің грамматикалық құрылымының бұзылуы, лексиканың кедейлігі және т.б. туралы айтып отырмыз. Сондықтан осы компоненттердің бірінің дамымауы екіншісінің дамымауына әкеледі. Бесіншіден, бастауыш мектеп жасындағы балалардың әлеуметтік дағдыларының дамымауы, олардың құрдастарымен қарым-қатынастағы дәрменсіздігі, қарапайым қақтығыстарды шеше алмауы байқалады», деді психолог маман.
Балабек Кеніштайұлы баланың саналы адам, толық тұлға болып қалыптасуы үшін ұсынылатын алғышарттар барын да жеткізді.
«Біріншіден, сабақтан келген баладан үйге қандай тапсырмалар бергенін сұрау және бірге отырып үй тапсырмасын орындауды қадағалау, екіншіден, үйде балалармен бірге отбасылық ойындар ойнау және оларды өз қызығушылықтары бойынша әртүрлі үйірмелер мен спорттық секцияларға беру. Үшіншіден, отбасында және мектепте балалармен өмір туралы, өзінің жеке көзқарасы, мақсаты және болашағы туралы жиі әңгімелесу және пікірін тыңдау. Төртіншіден, бала бойындағы ерекшеліктер мен бұзылыстарды ертерек анықтап, мамандармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеу. Бесіншіден, балаларға өз бетімен шешім қабылдауға және тұрмыстық қарым-қатынастарға бейімдеуге ұмтылу», деп сөзін түйіндеді ол.
Жылдар жылжып, заман ауысқан сайын бала тәрбиесіндегі әдіс-тәсілдердің де жаңарып, жаңғырып отыруы заңдылық. Тәрбие беру формасы өзгергенімен, адам қылып өсіру, маман қылып шығару мазмұны тамырын сақтап қалуы қажет. Бұл ретте міндетті мемлекет пен мектепке жүктеп қоймай, қоғам болып қолға алған жағдайда ғана күрделі мәселенің күрмеуі шешіледі.