Билеуші партияның атқарушы хатшысы Асхат Оралов партияның жаңа атауын түсіндірді, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Бүгін онлайн режимде біздің партияның кезектен тыс 22-ші съезі өтті, оған еліміздің барлық өңірлерінен 393 делегат қатысты.
Бүгін біз партия төрағасының тапсырмасы бойынша дайындалған партияны жаңғырту бағдарламасын талқыладық. Съезд делегаттары мен таныстырған бағдарламаны бірауыздан қолдады. Жаңғырту аясында Парламент Мәжілісіндегі «Nur Otan» фракциясының жетекшісі Ерлан Жақанұлы Қошанов партияға «AMANAT» жаңа атауын ұсынды. Президент, партия Төрағасы Қасым-Жомарт Кемелұлы өз сөзінде бұл бастаманы қолдады. Съезд делегаттары да толық қолдау білдірді. Осыны ескере отырып, Съезд партия Жарғысын өзгерту туралы шешім қабылдады, жаңғырту бағдарламасын, партияның жаңа атауы мен логотипін бекітті», деп жазды Асхат Оралов Facebook-те.
Асхат Оралов партияға неліктен «AMANAT» атауы берілгенін түсіндірді.
«Біріншіден, «AMANAT» - мемлекеттің мүддесін қорғайтын және елдің дамуы үшін тарихи жауапкершілікті өз мойнына алған партия. Тәуелсіз Қазақстанның орасан зор аумағы мен берік мемлекеттілікті бізге ата-бабаларымыз мұра етіп қалдырған. Бұл ежелден қазақтар арасында аманат деп аталған қасиетті құндылық. Оны сақтау және болашақ ұрпаққа жеткізу – бұл еліміздің басқарушы партиясына жүктелген зор жауапкершілік.
Екіншіден, «AMANAT» партиясы – халықтың тарихи-мәдени мұрасын сақтаушы. Біздің ұлттық мәдениетіміз, тіліміз және ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүрлеріміз де бізге аманат ретінде жеткен. Сондықтан, біз бұл мұраны сақтаймыз және дамытамыз. Ұлттық құндылықтарымызды ел игілігі үшін көздің қарашығындай қорғау, ұлттық және мәдени байлығымызды баға жетпес сый ретінде, бірлігіміздің негізі ретінде сақтау – партияның басты міндеттерінің бірі.
Үшіншіден, «AMANAT» - мемлекет мүддесіне адал және қоғам игілігі үшін қызмет ететін партия. Халық «Аманатқа қиянат жасалмайды» дейді. Бұл ең алдымен адал болу дегенді білдіреді. Біздің партиялықтар – өз елінің адал патриоттары, бірінші кезекте халық пен мемлекеттің мүддесіне адал жандар.
Төртіншіден, «AMANAT» - халықтың дауысын еститін партия. Сайлау кезінде сайлаушылардың қалауы мен тілектері - халықтың дауысы. Олар сайлауалды бағдарламаның негізін қалайды. Сайлаушылардың өтініштерін немесе аманаттарын орындай отырып, партия халықтың еркін орындайды. Қоғамдық қабылдаулар мен қоғамдық кеңестер арқылы партия халықтың мәселесін тыңдайды, оларды билікке жеткізеді және оларды шешу жолында практикалық қадамдарға қол жеткізеді.
Бесіншіден, «AMANAT» - қоғамдағы әлеуметтік әділеттілікті және барлық азаматтар үшін тең мүмкіндіктер жасауды жақтайтын партия. Біз өзара көмек идеясын, әлсіздерге қолдау көрсетуді ілгерілетеміз, қоғамның осал топтарының мүдделерін қорғаймыз. Осылайша, партия тату көршілік, сенім мен мейірімділік орнаған, сондай-ақ халықтың әл-ауқаты өсіп келе жатқан әділ қоғамның қалыптасуына ықпал етеді.
Алтыншыдан, «AMANAT» - отбасы және қоғамның бірлігі сияқты дәстүрлі құндылықтарды насихаттайтын партия. Жас ұрпақты тәрбиелеу – елдің тәуелсіздігі мен мүдделерінің ертеңгі қорғаушылары, барлық адамгершілік, прогрессивті және жасампаздықтың тасымалдаушылары - ата-аналарға, қоғам мен мемлекетке жүктелген жалпыға ортақ аманат. Сондықтан партия отбасы институтын нығайтуға, балаларды тәрбиелеу жүйесін жетілдіруге, елдегі ана мен бала құқықтарын қорғауға ерекше көңіл бөледі.
Жетіншіден, «AMANAT» - бұл халықтың мемлекетті басқарудағы сенімі. Парламент пен мәслихаттарда Конституциялық көпшілігі бар, Үкіметті құратын билеуші партия ретінде біздің партия азаматтардың өмірін жақсарту, елдің өркендеуі және дамыған елдердің қатарына кіру үшін барлық жағдайды жасайды. Бұл жолда біз Президенттің мемлекеттік бағытын және оның бастамасымен қолға алынған қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық реформаларды толық қолдаймыз. Өз сайлаушыларының сенімін жеңіп алу, сақтау және ақтау – біз үшін аманат.
Бұдан басқа, «AMANAT» термині қазақ, орыс, ағылшын және басқа да тілдерде бірдей оңай оқылады, ең бастысы, оның киелі мәні бар. «AMANAT» - тарихи және саяси сабақтастықтың символы ретінде, ең алдымен өзгерістер мен жаңаруды білдіретін мүлдем жаңа бастама. Жаңартылған партия жаңа атауға сай келетініне сенімдімін.
Баршаңызды Алғыс айту күнімен құттықтаймын! Халық пен мемлекет игілігі жолындағы еңбектеріңіз үшін рахмет!», деп жазды Асхат Оралов.