Бас прокуратураның кеңейтілген алқа отырысында қаңтар оқиғалары контекстінде қылмыстық процестегі азаматтардың конституциялық құқықтарын сақтау мәселелері талқыланды.
Жиынға Бас прокурордың міндетін атқарушы Берік Асылов, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімова мен Республикалық адвокаттар алқасы төрағасының орынбасары Игорь Вранчев, сондай-ақ құқық қорғау және арнайы органдардың басшылары қатысты.
Б.Асылов Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қайғылы оқиғаның себептері мұқият тергеп-тексеріліп жатқанын атап өтті. «Қазір біз бейбіт митингілерді әртүрлі күштердің пайдаланғанын нақты білеміз. Ұйымдастырушылар деструктивті және қылмыстық топтарды тартып, қаруландырып, олардың әрекеттерін үйлестірген. Тәртіпсіздіктер азаматтарға қарсы зорлық-зомбылықпен, қиратумен және тонаумен қатар жүрген. Олардың мақсаты халықты қорқытып, биліктің жұмысына тосқауыл қою болған», деді ол.
Бас прокуратураның Қылмыстық қудалау қызметінің бастығы Серік Шалабаев өз кезегінде: «Жаппай тәртіпсіздіктер кезінде және одан кейін ұсталған тұлғалардың құқықтарының сақталуын Бас прокуратура ерекше бақылауда. Бүгінде азаптау және қызметтік өкілеттікті асыра пайдалану бойынша 203 қылмыстық іс қозғалған, олардың ішіндегі ең резонанстыларын арнайы прокурорлар тергеуде. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында ұсталғандарға қатысты заңсыз тергеу әдістерін қолданды деген күдікпен 9 қызметкер анықталып, ұсталды», деді. С.Шалабаевтың айтуынша, жедел-тергеу топтары терроризм актілері, кісі өлтіру, қару ұрлау және жаппай тәртіпсіздіктер бойынша 3 502 қылмыстық істі тергеуде. 737 күдікті тергеу изоляторында қамауда.
Сондай-ақ ол бұлтартпау шарасын өзгертумен 307 адам, оның ішінде кәмелетке толмаған 27 адам босатылғанын, одан басқа кәмелетке толмаған 2 адам қамауда қалғаны туралы айтты. Бүгінде бұлтартпау шарасын өзгерту туралы арнайы прокурорлардан тағы 22 адамға қатысты материалдар түскен. «Қаңтар оқиғасына қатысты істер бойынша 1,5 мыңға жуық оқиға орындарын қарау жүргізілді, 1 500-ден астам сот-медициналық сараптамалар тағайындалып, жүргізілуде. Прокуратура органдарына тергеудің заңсыз әдістері мен азаптауды қолдану туралы 283 арыз түсті. Оған кінәлі құқық қорғау органдарының қызметкерлері заң алдында қатаң жауапқа тартылады», деді С.Шалабаев.
Қадағалау органы барлық жағдайда даусыз дәлелдерге негізделген объективті және бейтарап баға беріліп, азаматтардың конституциялық құқықтарының қолсұғылмаушылығы қамтамасыз етілетініне сендірді. Прокурорлар тергеу изоляторлары мен басқа да қызметтік үй-жайларды күн сайын, оның ішінде түнгі уақытта және демалыс күндері тексеруді жалғастырады.
Бұл жұмыс Ұлттық алдын алу тетігінің қатысушыларымен және құқық қорғаушылармен тығыз байланыста жүргізіледі.