ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлінің кеңейтілген алқа мәжілісінде жоғары оқу орындарын түлектерді жұмыспен қамтуға міндеттеу туралы тапсырма берді, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Жоғары оқу орындарының жанынан түлектерді жұмысқа орналастырумен айналысатын мансап орталықтарын ашуды тапсырамын. Біздің мақсатымыз – кем дегенде түлектердің 70 пайызын жұмысқа тұрғызу», деді вице-Премьер.
Сондай-ақ ол «Бақытты отбасы» жобасын бүкіл өңірлерге таратуды тапсырды.
«Бақытты отбасы» жобасын көпбалалы және мүмкіндігі шектеулі бала бағып отырған аналарды қолдау және жетектеу орталығы ретінде дамытуды тапсырамын. Мұндай жобалар қазір Нұр-Сұлтан қаласында, Павлодар, Қарағанды облыстарында іске асырылып жатыр. Соның басын біріктіріп, мұқият қарастыру керек. Орташа есеп жасап көрдік. Бұл бізге жыл сайын бүкіл өңірлерде 20 мың көпбалалы ананы жұмысқа орналастыруға мүмкіндік береді», деді Ералы Тоғжанов.