• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Әлем 03 Наурыз, 2022

Түркияның Ахлат қаласында Қазақстанның Құрметті консулдығы ашылды

221 рет
көрсетілді

Түркия шығысындағы Ахлат қаласында Қазақстанның Құрметті консулдығы ашылды, деп хабарлайды Egemen.kz ҚР Сыртқы істер министрлігіне сілтеме жасап.

Құрметті консулдықтың ашылуына Битлис провинциясының губернаторы, депутаттар, қала мен аудан мэрлері, провинцияның алдыңғы қатарлы өкілдері және бұқаралық ақпарат құралдары қатысты.

Өкілдіктің тұсаукесер салтанатында Елші Абзал Сапарбекұлы бүгінгі ерекше іс-шара бауырлас елдер Қазақстан мен Түркия арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың мерейлі 30 жылдығы қарсаңында өтіп жатқанын атап өтті.

Сондай-ақ стратегиялық әрі сенімді нысанда қалыптасқан екіжақты ынтымақтастыққа назар аударды.

Осы ретте, тарихи маңызы бар Ахлат қаласында Құрметті консулдықтың ашылуы екі елдің рухани-мәдени, экономикалық қарым-қатынастарының дамуына оң септігін тигізетініне сенім білдірді.

Битлис провинциясының губернаторы Октай Чагатай өз сөзінде іс-шараның ерекшелігін, яғни Қазақстанның Құрметті консулдығы осы аймақта тұңғыш шетелдік өкілдік болып саналатынын жеткізіп, бұл қадам Қазақстан мен Түркия арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға үлес қосатынын айтты.

Құрметті консул Муаз Ергезен екі елдің президенттерінің құптауымен жоғары лауазымға лайық деп танығандығы үшін шексіз ризашылығын білдіріп, екіжақты байланыстардың дамуына өз үлесін қосатынын атап өтті.

Айта кетейік, Түркияда Қазақстанның сегіз Құрметті консулдығы бар. Олардың округтары ретінде Аланья, Конья, Мерсин, Бурса, Коджаели, Хатай, Денизли және Битлис провинциялары деп белгіленген. Алдағы уақытта Хатай, Конья және Денизлиде ҚР Құрметті консулдықтары ашылатыны жоспарланған.