Елімізде мектеп жасындағы балаларды бұқаралық спорт және шығармашылық үйірмелерімен толықтай қамту мақсаты күн тәртібінде тұрғаны рас. Осы бағыттағы нақты істің басталғанына да көп уақыт өте қойған жоқ. Бұл бастама Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылы жарияланған «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауын іске асыру негізінде қолға алынған еді.
Жария болған сәтінен бастап халық қолдауына ие болған жоба шынымен де өскелең ұрпақ үшін жасалған игі іс еді. Нәтижесінде, мемлекет есебінен қаржыландырылатын үйірмелер көптеп ашылып, ауыл балаларын спорт пен өнерге баулитын орталықтар құрылды. Бұл бағыттағы жұмыстың бәрі Мәдениет және спорт министрінің 2021 жылғы 28 сәуірдегі «Балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармашылық үйірмелерді жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру қағидаларын бекіту туралы» №123 бұйрығының аясында жүргізіліп отыр.
Яғни былтырдан бері елімізде балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармашылық үйірмелер және спорт секцияларын жан басына қаржыландыруды көздейтін нормалар енгізілді. Ал бастаманың баянды болуына Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саин күш салған екен. Жалпы, осы бағыт бойынша Мәдениет және спорт министрлігінің, жергілікті атқарушы органдар мен басқа да мемлекеттік мекемелердің бірлесе әрекет етуінен кейін нарықта қызмет көрсетуші тараптың пайда болуына жол ашылуы тиіс болатын. Қазіргі дерек бойынша ел аумақтарында мыңдаған жеке кәсіпкерлік нысандары құрылып, жаңа жұмыс орындары ашылған да екен.
– Жұмыстың нәтижелі болуы үшін бірқатар құқықтық акті бекітіліп, қабылданды. Атап айтқанда, бірінші – балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармашылық үйірмелерге мемлекеттік шығармашылық тапсырысты орналастыру және олардың жұмыс істеу қағидалары. Екінші – балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармашылық үйірмелерге жан басына нормативтік қаржыландыру қағидалары. Үшінші – мемлекеттік тапсырысты жан басына нормативтік қаржыландыру әдістемесі. Төртінші – балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармашылық үйірмелердің және спорттық секциялардың рейтингін анықтау қағидалары. Мемлекеттік шығармашылық және спорт сексиялары бойынша тапсырыс 4 жастан 18 жасқа дейінгі балаларға, оның ішінде ерекше қабілеттері бар балаларға қолданылады. Шығармашылық үйірменің 59 түрі қарастырылған. Әр баланың қызығушылығына қарай мемлекеттік шығармашылық, спорт және қосымша білім беру тапсырыстар аясында көзделген 2 үйірмеге тегін қатысуға болады, – деп түсіндірген еді жобаға қатысты жұмыс барысын сол кездегі Мәдениет және спорт министрі А.Райымқұлова.
Жалпы, тұрғындар балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармашылық үйірмелер және спорт секцияларын жан басына қаржыландыру бастамасын өскелең ұрпақ тәрбиесіне жасалған бетбұрыс ретінде қабылдады. Әсіресе, ауылдағы ынталы бала бос уақытын тиімді пайдалануға жұмсап, өнер мен спорт жаттығуларына қатысуға мүмкіндік алды. Бұған қоса қызмет көрсетуші ретінде тіркелген жеке кәсіпкер табыс тауып, тиісті үйірмелерде тәлім беретін жаттықтырушылар үшін де тұрақты жұмыс көзі қалыптасты. Мысалға, бір ғана Алматы облысында 231 жеке кәсіпкер жаңадан тіркеліп, шығармашылық үйірмелердің 58 бағыты бойынша қызмет көрсете бастапты. Мерзімді уақыт аралығында аймақта 1 892 үйірме ашылып, 54 210 бала тек қана шығармашылық бағытта тәлім алып жатыр екен.
Алайда бұл бағыттағы жұмыстан да шу шығып жатыр. Және жұртты елең еткізген жағдай дәл осы Алматы облысында орын алды. Өкінішке қарай, аймақта қаржы жетіспеушілігіне байланысты жоба тоқтап қалуы мүмкін.
– Жоба басталған бір жылға жуық уақыт аралығында көп жұмыс істелді. Президент тапсырмасы негізінде еліміздегі 4,5 млн бала тегін үйірмелермен қамтылуы тиіс болатын. Өкінішке қарай, бұл міндет орындалған жоқ. Оның үстіне, бағдарламаны жүзеге асыратын жергілікті әкімдіктер бұл жұмысқа салғырт қарап отыр. Балалардың сұранысын орындауда әділетсіздіктер орын алып жатқаны, кейбір аймақтарда бөлінген қаржының жетіспеушілігі мен дұрыс игерілмеуіне қатысты арыз-шағымдарды жиі естиміз. Қазір бұл мәселе аймақтарда шегіне жетті. Оның дәлелі ретінде Алматы облысының тегін үйірмелерді қаржыландыруды тоқтататыны жөнінде тараған хабарды оқыңыз. Бұл мәселе бойынша біз ата-аналардың өтінішімен таныстық. Олардың талап-тілегін жоғарыға жеткіземіз. Жағдаймен Президент әкімшілігі таныс, күні кеше басшының орынбасары Аида Балаеваның қатысуымен жиын өтті, оңтайлы шешім қабылданады деген үміттеміз, – дейді еліміздің бала құқықтары жөніндегі уәкілі Аружан Саин.
Яғни облыстағы тегін үйірмелердің жұмысын үйлестіріп отырған кәсіпкерлердің алаңдауына негіз бар көрінеді. Өйткені Алматы облысының мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы барлық орталықтарға осы жылдың 1 наурызынан бастап мемлекеттік тапсырыс бойынша шығармашылық үйірмелерді қаржыландырудың уақытша тоқтатылатыны туралы хат жолдаған екен. Ал балалар омбудсмені облыс тарапынан қабылданған шешімнің асығыстық екенін, оның ата-аналар мен кәсіпкерлер арасында түсінбеушілік туғызатынын айтады.
– Облыстың «Артспорт» бағдарламасын тоқтатуына қатысты ұстанымы мүлдем түсініксіз. Олардың айтуы бойынша биылға бөлінген 2,4 млрд теңге толықтай игерілген. Ал бағдарлама ережесі бойынша жүйеге тіркеліп, тегін үйірмеге қатысу құқығын алған бала жыл соңына дейін, яғни 2022 жылдың желтоқсанына дейін ол қызметті алуға тиіс, – дейді А.Саин.
Алайда даулы мәселенің нысанасына айналған Алматы облысы әкімдігінің бұл тарапта өзіндік ұстанымы бар. Дерек бойынша, былтыр облыста тек мәдениет үйірмелеріне 1 млрд 540 млн теңге қаражат бөлініп, 48 516 бала қосымша өнер түрімен қамтылған екен. Ал биыл бұл шараға 2 млрд 400 млн теңге қаржы бөлініпті. Ал 1 ақпанға дейінгі есепке қарасақ, 231 жеке кәсіпкер шығармашылық үйірмелердің 58 бағыты бойынша 1 892 үйірме ашып, 54 210 баланы оқытып келген екен. Яғни өткен бір жарым ай аралығында ғана облыс бюджетінен 1,3 млрд теңге шамасындағы қаржы қызмет көрсетуші кәсіп иелерінің шотына аударылған көрінеді.
Жалпы, аймақтағы тегін үйірмелерді бюджеттен қаржыландырудың тоқтатылуына байланысты мәселеге түсінік берген облыс әкімінің орынбасары Арслан Дәндібаев өңірде 2021 жылдың маусым айынан бастап шығармашылық және спорттық үйірмелерге 2 млрд 540 млн теңге бағытталғанын айтады. Оған қоса операторлық қызметтерді орындауға жергілікті бюджет есебінен 8 штаттық бірлік бөлінген көрінеді. Соның нәтижесінде, көпбалалы және аз қамтылған отбасынан шыққан балалардың үйірмелерге тегін қатысуына мүмкіндік жасалған. Сондай-ақ індет салдарынан бизнесі тұралаған кәсіпкерлерге де қолдау көрсетілген. Жұмыстың нәтижесінде 95 мыңнан аса бала үйірмемен қамтылып, 4 мыңдай жаңа жұмыс орны ашылған көрінеді. Ал облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының мәліметі бойынша, бүгінгі таңда спорт және шығармашылық бағытындағы мемлекеттік тапсырыстарды жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландырудың artsport.edu.kz порталында 419 жеке кәсіпкер тіркеліп, жұмыс істеп отыр. Қазірге дейін 10 658 өтініш қаралып, 3 703 өтініш мақұлданып, тіркелгендер саны 95 389 балаға дейін жеткен. Мұнан бөлек тағы да 2 мың өтініш қаралуы керек.
– 2022 жылдың бекітілген бюджетінен бөлінген 4 млрд 400 млн теңгенің бүгінге 3,1 млрд теңгесі игерілді. Ай сайынғы жұмсалатын шығынның 2 млрд 632 млн теңге екенін ескерсек, жұмыс істеп тұрған үйірмелердің қызметін одан әрі қолдауға осы жылдың соңына дейін қосымша 20 млрд теңге қажет. Осыған байланысты биыл 14 ақпанда Мәдениет және спорт министрлігінің келісімімен ваучер беру уақытша тоқталды, ал 2022 жылдың 1 наурызынан бастап өңірде шығармашылық үйірмелерді ұйымдастыру жұмыстарымен айналысатын кәсіпкерлерге бюджет қаржысының болмауына байланысты қаржыландыру тоқтатылғаны туралы хабарлама жіберілді. Бұл мәселені шешу үшін Президент Әкімшілігінің, тиісті министрліктер мен жергілікті атқарушы органдар басшыларының және жұртшылықтың қатысуымен жедел жиын өткізілді. Жиында балалар спорты мен шығармашылығын қаржыландыру тетіктерін енгізу ережелерін жетілдіру туралы өзекті мәселе талқыланды. Бұл саланы жергілікті бюджеттен қаржыландырудың қиындығына байланысты республикалық бюджеттен қолдауды қажет етеді. Және бұл проблема – барлық облыстарға ортақ мәселе. Мұны өзіміз шеше алмайтын болғандықтан, мәселені бірінші болып көтердік. Өйткені біздің өңірдің демографиялық өсімі жоғары, жыл сайын 20 мыңдай бала өмірге келеді. Қазіргі кезде облыста 4 пен 18 жас аралығындағы 574 831 бала тұрады. Қалыптасқан жағдайды сараптай отырып, біз өз ұсынысымызды 10 наурызға дейін Президент Әкімшілігінің қарауына жолдаймыз, – дейді облыс әкімінің орынбасары А.Дәндібаев.
Алматы облысы