• RUB:
    5.63
  • USD:
    477.15
  • EUR:
    522.43
Басты сайтқа өту
Пікір 04 Наурыз, 2022

Аманат орындалуымен құнды

793 рет
көрсетілді

Қазақта «Аманатқа адал бол» деген сөз бар. Бұл – «мен саған міндет жүктедім, сен соны адал қолмен іске асыр» деген лұғат. Әке сөзі балаға – аманат. Қай әке бол­сын перзентім айтқанымнан шығып, ел-жұрт­тың алдында абыройымды асырса екен деп армандайды.

Өзіміз бетіне күйе жағып шығарып салған социа­лизм кезеңіндегі баспасөзде халық қалаулылары – депутаттарға арналған «Аманатқа адал бол» деген айдар бар еді. Сол айдармен жарияланған материалдарда әр депутаттың атқарған ісі мен жеке адамға жасаған қамқорлығы туралы айтылатын.

Енді Nur Otan партиясының атауы Amanat болып өзгерді.

Әлеуметтік желіде осы атау Otan боп қала беруі керек еді деген пікірталас өрбуде. Ежелгі қоңсымыз – орыстар «Родинаның» алдына сөз қойған жоқ, біз ғана Отанның алдына түсіп кеттік. Олар «Родина-Мать» деп Ананы Отаннан кейін қойды. 1905 жылы шыққан М.Горькийдің «Ана» повесінде тұңғыш рет «Жұмысшылар 8 сағаттық жұмыс күнін талап етеді!» деген сөйлем жазылды. Осы талап орындалып, қоғам осы күнге дейін 8 сағаттық жұмыс күніне ауыс­ты. Әр партияның өтпелі емес, өмірлік бағдарламасы болу керек. Мәселен, «Ауыл» партиясының талабы орындалып жатыр ма? Партия қоғамымызға өзгеріс енгізуге ынталы ма? Онда неге ауыл шаруашылығы құлдырап кетті?

Аманат − символдық ұғым. Әкенің балаға аманаты – әкеден оқ бойы озық болу, генерал Панфиловтың 28 гвардияшыларға аманаты – Мәскеуді қорғап қалу. Қазақстандық панфиловшылар сол аманатты орындады. Ал ұрпақтары тіл мен жерді сақтап қалу деген аманат үшін жанталасып жүр.

Аманат – тарихи ұғым. Бұл – аузына қымыз тамызып жатқан батырдың соңғы сөзі, тіпті шежіре шерткен кітап­­тар­дың атауы да – аманат. Болсын дейік. Бірақ сол ама­­нат жерде қалмасын. Мына «Аманатты» естігенде бел­­ді бекем буып, ерге қайта қонып, жауға аттандай шап­қан әсер­демін. Солай-ақ болсын. Тек қолды таза ұстап, адам­затты алаламай, жаңа іске кадр таңдауда аманатқа адал болу керек. Партия болашағы – халықтың болашағы. Бізде білімі терең, бірақ жолы қысқа боп жүрген жігіттер жетер­лік. Партия осындай болашаққа жасыл бағдаршам боп жануы керек.

 Тарихшы Әлкей Марғұлан, геолог Қаныш Сәт­баев, диқан Ыбырай Жақаев пен шопан Жазылбек Қуаныш­баевтың аманатын жерде қалдырмайық. Аманат – орындалуымен құнды.

Қуандық Түменбай,

жазушы