Халық қаңтардың қасіретін ұмыта қойған жоқ. Партия құрылтайында көтерілген көптеген мәселе мен қаңтар оқиғасына түрткі болған әлеуметтік шиеленістің тамыры ішкі саясаттағы әрі қоғам мен билік арасындағы қарым-қатынастағы дағдарыста жатқаны анық.
Партияның кезектен тыс съезінің басты жаңалығы ұйым атауының Amanat деп өзгертілуі болды. Көпшілік мұны жылы қабылдады.
Президент саяси реформаларды жариялауды 16 наурызға жоспарлап, партияның ішкі құрылымдарына жаңа саяси модельге өтуге екі апта уақыт бергені белгілі. Қалыпты саяси жүйені жаңарту бір күндік яки бір айлық мәселе емес, бірізділікпен табанды түрде жүзеге асыруды талап етеді.
Сонымен қоса партияның жаңа атауы Аmanat қоғамда пікірталас тудырғаны рас. Дегенмен мақсат партияның атауын ғана өзгерту емес, құрылымын, жұмыс стилін, халықпен байланысын қайта қарау жаңғырту аса маңызды.
Бұл қадамды алдағы саяси өзгерістердің алғашқы жаршысы ретінде қабылдаған абзал. Сол себепті бұл съезді толыққанды саяси оқиға деп бағалауға әлі ерте болар. Жақында Президенттің саяси реформалар жөніндегі жоспары жарияланады. Сол кезде еліміздің саяси аренасындағы соңғы өзгерістердің логикалық тізбесін қарап, белгілі бір пікір қалыптастыруға болады. Десе де жастар бұл шешімдердің елімізде үлкен саяси өзгерістерге жол ашқанын көргісі келеді.
Уәлихан БАХРЕТДИНОВ,
«Ұлан-ғайыр дала елі» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі