• RUB:
    5.63
  • USD:
    477.15
  • EUR:
    522.43
Басты сайтқа өту
Пікір 04 Наурыз, 2022

Елдің бірлігі – шешуші фактор

420 рет
көрсетілді

Тарихқа көз жүгіртіп қарап отырсақ, мына біздің ұлан-ғайыр жеріміз ата-бабаларымыздың ұрпаққа қалдырып кеткен үлкен мұрасы, баға жетпес мирасы, қасиетті аманаты. «Біздің атамекеніміз осы, мынау біздің жау қолынан аман сақтап қалған жеріміз енді сендерге аманат» деп табыстап кеткендей көрінеді.

Қазіргідей қауіп-қатерге толы заманда, тәуелсіздігімізді енді бекемдей түсеміз деген уақытта дүние қайтадан дүрбелеңге түсіп жатыр. Бүгінгі буынның, қазіргі ұрпақтың мойнында тұрған бас­ты міндет – сол бабалардың аманатын, қасиетті жерімізді сақтап қалу, тәуелсіздігімізді қорғап қалу. Бұл міндет бейбіт жолмен, келі­сіммен және тұрақ­тылық­пен ымыраға келу арқылы ғана шешіледі.

«Еліміздің егемендік ал­ға­нына 30 жыл өтті. Бірақ көп нәрсе­ әлі де жасалған жоқ деген­ді» жиі айтамыз. Халық арасында осындай қа­нағат­сыздыққа толы әңгімелер әлеуметтік желі мен ауызекі тілде өте жиі айтылып жүр. Жеке басым осындай пікірлерге қосыла алмаймын. Себебі тарихи тұрғыдан алған кезде 30 жыл деген мемлекет үшін өте қысқа мерзім. Кез келген мемлекеттің тарихына көз жүгіртіп қарайтын болсақ та 30 жыл өте аз уақыт. Адам өмірі 60-80 жыл болатын болса, мемлекеттердің ғұмыры 300-500, тіпті 800 жылға дейін кетеді. Тарихы 2 мың жылды қамтитын мемлекеттер де бар. Ал 500-800 жылдық ғұмыры бар мемлекет үшін 30 жыл дегеніңіз түк те емес. Сондықтан да тәуелсіз қазақ елінің гүлденуі, өзінің кемеліне келу уақыты әлі алда деп санаймын. Сол себепті де біз Қазақстан өзінің кемеліне келгенше жатпай-тұрмай, шаршамай еңбек етуіміз қажет. Ол уақытты көру біздің ұл-қыздарымызға, ұрпағымызға бұйырса дейміз. Сондықтан біз бабаларымыз аманат еткен асыл мұрасын келер ұрпаққа, болашағымызға аман-есен табыстап кетуіміз керек. Сонда ғана Ұлы даладағы миссиямыз толық орындалады деп есептеймін.

Қазір қоғамда «30 жылда еш­қан­дай жетістікке жеткен жоқ­­пыз» деген сияқты апа­тия­­лық кө­ң­іл күй байқалады. Осы ретте тарихқа тағы бір көз жүгіртіп, бізден 30 жыл бұ­рын тәуелсіздіктерін алған Аф­­ри­­каның бірқатар елін мы­сал­­ға алуға болады. Олар бұ­­рын­­ғы күйінен де айы­рылып қал­ды. Бұл – шындық. Көбі әлі күнге дейін кедейшілік пен қа­йыр­шылықтан көз аша алмай келе жатыр. 60-жылдары тәуел­сіз­ді­гін алған Африканың көп елін­де соғыс оты тұтанды. Яғни ел­дің дамуы тәуелсіздік­ке неше жыл толғанына қатыс­ты емес. Мем­ле­кеттің өсіп-өр­кендеуі уа­қыт­ты дұрыс пайда­лануға және ішкі бірлікке байланысты құбылыс.

Біздің отыз жылдағы жеткен  жетіс­тіктеріміз аз емес. Соның ішінде ең маңыздысы шекарамызды шегендеу екені белгілі. Бұл бізге көп мәселенің түйінін тарқатып берді. Қазіргі геосаяси қақтығыстардың басым бөлігі осы территориялық дау-дамайдан басталып отырғанын да көріп отырмыз.

Осындай қақтығысқа себеп болатын екінші мәселе – этностық шиеленіс. Бізде отыз жылда тұтас республиканы қамтыған үлкен этностық қақтығыс бола қойған жоқ. Осы бағыттағы алауыздықтың алдын алу үшін елдің бірлігі, тұтастығы ауадай қажет. Сол себепті татулық пен тыныш­тықты дәріптеп, одан әрі дамытуымыз керек. Бұл біздің әлемге көрсеткен жолымыз, қазақстандық үлгі ретінде болашақ буынға қалдырған аманатымыз болары сөзсіз.

 

Уайыс ЕРСАЙЫНҰЛЫ,

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі