Жуырда Алматы қаласындағы «Алатау» дәстүрлі өнер театрында «Әгугәй мен Игигәй» музыкалық ертегісінің премьерасы өткен еді. Биылғы «Балалар жылы» аясында ұсынылған қойылым режиссері әрі инсценировка авторы – Нұржан Тұтов.
Айта кетейік, бұл режиссердің дебюттік қойылымы. «Қасқыр мен егінші», «Алдар көсенің айласы», «Күй құдіреті» атты танымдық ертегілер дәстүрлі әндермен әрленіп, Әгугәй мен Игигәй кейіпкерлері арқылы бір желіде баяндалған.
Италиян театрларының элементтері астасқан қойылым актер образдары, костюмдер стилі, көше театрын бейнелейтін арбалардың безендірілуімен ерекшеленді. Ансамбльдің сүйемелдеуі спектакль көркемдігін арттырып, балаларға арналған туындының тың бағытын аңғартады. Режиссер ойдан шығарылған кейіпкерлерге Әгугәй мен Игигәй есімдерін таңдау арқылы халық әндеріне басымдық бергендей.
Үш ертегіні бір арба арқылы көрсете білген қойылымның алғашқысы – «Қасқыр мен егінші». Жақсылыққа жамандықпен жауап беруге болмайтынын айтатын бұл ертегіде түлкі образы балаларға көңіл күй сыйлап, тәрбиелік жағынан да жақсы әсер қалдырды. Ал сахнаға халық ертегілерінен танымал әрі көпшіліктің сүйікті кейіпкері – Алдар көсе шыққанда кішкентай көрерменнің қуанышы ерекше болды.
Сондай-ақ «Күй құдіреті» аңыз ертегісі – Ақ бөкен бейнесімен есте қалып, образ жасауда костюмер мен хореографтың еңбектері анық көрінді. Яғни жануарды бейнелеуде бірлескен жұмыс сахналық сұлулықты бере алған.
Айта кетейік, әні мен биі, ойын-сауығы ұштасқан қойылымды еңбектеген баладан бастап тамашалай алады. Театр репертуарындағы бұл жаңалық бүлдіршіндерге тәрбиелік мәні мен мазмұны жағынан олжа болмақ.