14 наурыздан бастап Франция билігі коронавирус пандемиясымен күресу мақсатында енгізілген қатаң шектеулерді алып тастауды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Egemen.kz.
Францияда вакцинация сертификаттары мен медициналық маскаларды кию міндеті алынып тасталады. Бұл туралы бейсенбі күні Франция Премьер-Министрі Жан Кастекс мәлімдеді.
«Біз санитарлық шараларды жеңілдетудің жаңа кезеңіне аяқ басқалы отырмыз», деді ол француз телекомпаниясына берген сұхбатында.
Алдыңғы апталарда Франция үкіметі санитарлық шараларды кезең-кезеңімен алып тастауға кіріскен еді. 28 ақпаннан бастап вакцинация талап етілген қоғамдық орындарға бетпердесіз кіруге рұқсат етілді, ал 2021 жылдың 10 желтоқсанында жабылған түнгі клубтар 2022 жылдың 16 ақпанында қайта ашылды.
Жан Кастекс санитарлық талаптар мен карантиндік шаралар медициналық мекемелерде, сондай-ақ қарттар үйлерінде әдеттегідей сақталатынын атап өтті. Сонымен қатар медицина қызметкерлері үшін вакцинация міндетті болып қала береді. Қоғамдық көліктер мен денсаулық сақтау мекемелерінде маска тағу режимі сақтала бермек.