• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
14 Мамыр, 2010

ҮКІМЕТ “Егемен Қазақстанның” апталық қосымшасы

547 рет
көрсетілді

БАҒАНЫ БАСЫНДЫРУҒА БОЛМАЙДЫ Үкімет бұл мәселені тағы қолға алмақ Алыпсатарлардың араны тағы ашылды. Үстіміздегі жылы өткен төрт айдың ішінде былтырғы жылдың желтоқсан айымен салыстырғанда, инфляция көлемі 3,6 пайызға өсті. Былтырғы жылдың сәйкес мерзіміндегі бұл көрсеткіш 2,8 пайызды құраған болатын. Инфляцияның осынша көтерілуіне бірінші кезекте азық-түлік бағасының қымбаттауы себеп болып отыр. Инфляцияның өсуіне азық-түлік бағасы­ның қымбаттауының үлес салмағы сәуір айында 52 пайызды құрады. 2009 жылдың сәйкес мерзімінде бұл көрсеткіш 35 пайыз болған. Халық арасында “жұт кезінде қарға-құзғындар тойынады” деген сөз бар. Осы қағиданы ішкі рынокта қалыптасқан ахуалды өз пайдасына жаратып, халық үстінен қалтасын қалыңдататын бизнес­менсымақтарға қаратып айтуға болады. Баршаға белгілі, төрткүл дүниені тығы­рыққа тіреп, әлемнің дамыған эконо­микаларының өзін тізерлеткен жаһандық қаржы дағдарысы бізге де жеткен сонау 2007 жылы ішкі рынокта қалыптасқан тапшылықты пайдаланып, алыпсатарлар еліміздегі қаптаған қара базарларда бағаны шектен тыс өсіріп жіберген болатын. Сонда Елбасының тікелей тапсырмасымен ел Үкіметі бағаны ауыздықтауға бел шеше кірісті. Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов­тің жетекшілігімен жұмыс жасаған мем­лекеттік комиссия қаржы тапшылығына байланысты ішкі және сыртқы рынок­тарда қалыптасқан күрделі ахуалға қарамастан, қысқа мерзімде жағдайды қалпына келтіріп, араны ашылған саудагерлердің тәбетін тежеген еді. Үкімет басшысы осы аптада өткен Үкімет отырысында атап көрсеткендей, тиісті министрліктер мен ведомос­тво­лардың, жер-жерлердегі әкімдіктердің бұл мәселеде тізгінді босатып алғанын пайда­ланып, бақылаусыз қалған базарлар мен қаптаған сауда орталықтарындағы алыпса-тарлар тағы да тойымсыз құл­қынның жетегімен жүгенсіз кетіп барады. Тұрғын­дарға ауадай қажет әлеуметтік азық-түлік түрлерінің бағасын негізсіз қымбаттатып жіберген. Мәселен, 2009 жылдың желтоқсан айымен салыстыр­ғанда, биылғы жылдың сәуір айында көкөніс пен жеміс-жидектің бағасы 16,5 пайызға, қант 9 пайызға, ет және ет өнімдері 5,5 пайызға, жұмыртқа 5,3 пайызға, сүт өнімдері 4 пайызға қым­баттаған. Қалтасы қалыңдар ғана жейтін жерік астың бағасын емес, қарапайым халық көп тұтынатын бұл азық-түлік түрлерінің бағасын осынша қымбаттатуда гәп бар. Себебі, саудагерлер қара халық­тың қалтасын тақырлаудың арқасында ғана еселенген пайдаға кенеле­тінін жете түсініп алған. Оған әлеуметтік емес азық-түлік түрлерінің және азық-түлік емес тауарлардың бағасы осы мерзімде бар болғаны 1,6 пайыз ғана көтерілгені айғақ болса керек. Тиын сауған саудагерлерден қулық аспайтынын мына бір мысалдан-ақ көруге болады. Өткен сәуір айында Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстарында картоп бағасы күрт көтеріліп, тиісінше 38 және 19 пайызға қымбаттаған. Мәселенің астарында Қырғызстанда қалыптасқан ахуал жатқанын жұрт кейін түсінді. Аталмыш облыстар тұтынатын картоптың басым бөлігі көрші қырғыз елінен жеткізіліп келген көрінеді. Соңғы айларда бұл елде орын алған бүлікке байланысты шекараның жабылуынан картоп тасымалы күрт тоқтатылған. Көктен сұрағанын жерден берген соң саудагер атаулыға не тұрыс?! Картоп бағасын бір күнде аспандатты да жіберді. Өндірушіден тікелей – тұтынушыға деп, ұрандатқанымызға да талай жылдың жүзі болды. Яғни, ауыл еңбеккерлері өздері өсірген өнімдерін тікелей тұты­нушыға жеткізіп, өз еңбектерінің игілігін көрсе деген игі мақсаттан туған бастама ғой бұл. Сол үшін барлық өңірлер­дің әкімдіктеріне ауыл еңбеккерлерінің өздері өндірген тауарларын өздері сататын коммуналдық базарлар жүйесін кеңейту тапсырылған еді. Амал не, баяғы жартас – бір жартас. Бүкіл еліміз бойынша бар болғаны 70 қана коммуналдық базар ашылған. Жабайы нарықтың салдарынан “жауыннан кейінгі саңырауқұлақша” қаптаған делдалдар үстемдігінің мұрты қисаяр емес. Елімізде өндірілген тауарлардың да, шеттен импортталатын тауарлардың да бірде-бірі жең ұшынан жалғасқан делдалдарсыз сауда сөрелеріне жетпейді. Мәселен, Қытайдан импортта­латын қызанақ Үрімшіден өткенде 80 теңге болса, Астана қаласына жеткенде 350 теңгеден асып жығылады. Қазақстанда өндірілетін барлық сиыр етінің 30 пайызы Шығыс Қазақстан және Алматы облыстарының үлесіне тиесілі. Өкінішке қарай, биылғы көктемде болған табиғат апатынан бұл өңірлердің тұрғындары орасан зардап шегіп, мал басы үлкен шығынға ұшырады. Бұл апаттың салдарынан болатын қиындық кесірі әлі алда. Шығынға ұшыраған мал басын толтыруға уақыт керек. Иман мен сауап­тан жұрдай болған алыпсатарлар апаттың ауыртпалығын дереу өз пайдасына шешіп, базарлардағы сиыр етінің бағасын 800 теңгеден асырып жіберді. Қанттың бағасының қымбаттауына делдалдардың тигізіп отырған кері ықпалы мол. Сонымен бірге, қант бағасының күрт көтерілуіне әлемдік рынокта қант жасай­тын шикізат бағасының өсіп кетуі де әсерін тигізбей қалған жоқ. Соның салда­рынан 2009 жылғы сәуірмен салыс­тырғанда, биылғы сәуірде қант бағасы 40 пайыз қымбаттаған. Тығырықтан шығар жол қайсы? Сейсенбі күні өткен Үкімет отырысында басынып бара жатқан баға мәселесін реттеудің жолдары барынша кеңінен талқыланды. Бұл ретте Премьер-Министрдің ұсынысымен дағдарыс кезінде, яғни 2007-2008 жылдары бағаны реттеу мақсатында қолданылған тәжірибелерді қайта жаңғырту туралы шешім қабылдан­ды. Сонымен бірге, бұл орайда Парламент Мәжілісінің қарауында жатқан “Сауда қызметін реттеу мәселелері туралы” Заңның да зор ықпалы болатындығы атап көрсетілді. Заң қабылданған жағдайда Үкімет әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бөлшек саудада күрт қымбат­таған жағдайда, 45 күнге дейін бағаның мүмкін болатын жоғары шегін белгілеу жөнінде өкілеттік алмақ. Бұл алыпсатар­лардың шектен шығуын тежейтін тетік болар еді. Осыдан біраз жыл бұрын еліміздің барлық өңірлерінде әлеуметтік-кәсіпкер­лік корпорациялары (ӘКК) құрылып, оларға бизнестің әлеуметтік жауапкер­шілігін арттырады деген үлкен үміт жүктелген болатын. Сонымен бірге, ол­арға жергілікті жерлерде көкөніс өнім­де­рін сақтау және жеткізу орталықтарын ашу, инфрақұрылымды дамыту міндеттері тапсырылған. Өкінішке қарай, барлық облыста құрылған ӘКК-лер бұл сенім үдесінен шыға алмады. Бүгінде олардың аты бар, бірақ осы жылдар ішінде атқарған істері жоқтың қасы. Солай бола тұрса да, биылғы жылы республикалық бюджеттен ӘКК-лердің дайындау-қызмет көрсету орталықтарын құру үшін 5,6 миллиард теңге қаржы бөлінді. Бұл қомақ­ты қаржы өңірлерде көкөніс сақтау қой­маларын, көкөніс таситын жүк рефри­жераторлар паркін қалыптастыруға жұм­салуы тиіс. Еліміздің көкөніс қоймаларына деген сұранысы 684,2 мың тоннаны құрайды. Қазір жұмыс істеп тұрған көкөніс өнімдерін сақтайтын қоймалардың сыйымдылығы 382 мың тоннадан аспайды. Сондықтан Үкімет индустриялық-инновациялық бағдарлама негізінде өңірлерде көкөніс сақтау орталықтарының жүйесін кеңейтуді белгілеп отыр. Қант бағасын реттеу үшін де Үкімет қолында тиімді тетіктер бар. Отырыста Экономикалық даму және сауда министрі Жанар Айтжанова атап көрсеткендей, мемлекетіміздің материалдық қорында осыдан екі жыл бұрын төмен бағамен са­тып алынған қанттың мол көлемі сақтал­ған. Еліміз бойынша қанттың бағасын түсіру үшін мемлекеттік қордағы осы тауарды тиімді пайдалану мүмкіндіктері қарастырылуда. Еліміздің ішкі рыногында шексіз үстемдігін жүргізіп, “әй дейтін әже, қой дейтін қожа” көрмей жүрген делдалдардың жүгенсіз әрекетіне тосқауыл қоятын уақыт та жетті. Ол үшін шеттен импортталатын және өзімізде өндірілетін азық-түлік тауарларының тұтынушыға тікелей жетуін бақылауға алу керек. Бұл облыс әкімдік­тері мен толып жатқан құқық қорғау органдарының кезек күттірмес міндеті. Үстіміздегі жылдың алғашқы төрт айында өсіп кеткен инфляция деңгейіне реттелетін табиғи монополистер тарифтерінің көтерілуі де зор ықпал етті. Жалпы инфляция деңгейіндегі олардың үлес салмағы 26,7 пайызға жетіп отыр. Атап айтқанда, жыл басынан бері электр энергиясының тарифы 12,5 пайыз, суық су 10,6 пайыз артқан. Қазіргі уақытта күнделікті өмірді электр жарығынсыз елестету мүмкін емес. Жарты сағат жарық өшсе, тіршілік те тұралап қалатындығын көріп жүрміз. Осыны түсінген қуат көздерін тарату саласындағы монополистер тарифтерін өсіру мақсатында ойларына келгендерін жасайды. Олардың бұл келеңсіз қадамын тиісті атқарушы органдардағы, Парламент­тегі кейбір лоббисттер де ақтағысы келеді. Олар еліміздегі электр жүйелерінің ескір­гендігін, коммуналдық инфрақұрылымның тозғандығын желеу етіп, тарифті арттыру­ды ақтамақ болады. Тіпті, кейбір шенеу­ніктер шетелдердегі электр энергиясы тарифін алға тартып, мәселен, Германияда электр энергиясының 1 кВт/сағаты 30 еуроценттен жоғары, ал еуропалық орташа баға 15-18 еуроцент деңгейінде деп білгішсінеді. Ал сол шенеуніктер еуропа­лықтардың жалақысының дәрежесімен біздің қарапайым еңбеккерлер алатын жалақы деңгейін біле ме екен? Мәселе, мұнда да емес. Монополистердің тозығы жеткен электр желілерін, тарату құбыр­ларын тарифті қанша қымбаттатса да толық алмастыра алмайтындығы анық. Бұл ретте Мемлекет басшысы жылу, жарық және су жүйелерінің мекемелерін жекешелендіріп алған инвесторлардың осы салалардың инфрақұрылымын жаңғыртуда ешқандай қадам жасамай отырғандығын, осылай бара беретін болса бұл страте­гиялық мекемелерді қайтадан мемлекет құзырына алу қажеттігін атап көрсеткен болатын. Олар ескірген инфрақұрылымды тариф есебінен емес, банктерден несие алып, инвестициялар тарту арқылы жаң­ғыр­туы қажет. Электр қуатын өндіру және тарату орындары, жылу орталық­тары, су тарату мекемелері мемлекеттің страте­гиялық кәсіпорындары қатарына жатады. Ендеше, алдағы уақытта мұндай маңызды кәсіпорындарды мемлекет меншігіне қайтару керек. Өйткені, халық мүддесін көздейтін мұндай ірі мекемелерді жаң­ғырту тек мемлекет қолынан ғана келеді. Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.