Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев электр энергетикасы саласын дамыту мәселелері жөнінде өткен кеңесте елдің дамуы энергетика саласының тұрақтылығына тікелей байланысты екенін атап өткені мәлім. Сонда Президент генерациялайтын стансалардың тозуы 50 пайыздан асып кеткенін атап көрсетті.
Электр энергиясына арналған тарифтер бірнеше рет көтерілгенімен, бұл әрекет саланың жағдайын жақсарта алмай тұр. Бүгінде материалдық-техникалық база шамамен 80 пайызға тозған. Бұл көрсеткіш жылдан жылға көбейіп келеді.
Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарының бірқатар ауданын орын алуы мүмкін технологиялық өшірулерді жою үшін электр желілік «Көкшетау Энерго» компаниясы жөндеу және апатты жөндеу бригадаларды қажетті материалдармен және құралдармен қамтамасыз ете білді. Сондай-ақ жедел кезекші-диспетчерлік қызметтер мен жөндеу бригадаларының құрамы 120-дан аса апат және өртке қарсы жаттығулар өткізді. Өткен жылы тұтынушыларға берілген электр энергиясының көлемі 1 млрд 400 млн кВт*сағ шамасында болды. Бұл көрсеткішті 2020 жылдың сәйкес мерзімімен салыстырсақ, өсім көлемі 12,3 пайызды құрайды. Есептік техникалық шығындар рұқсат етілген дәлізде болды. Бұл компанияда коммерциялық шығындар жоқ деген ұғымды білдіреді.
Жұмыс істеп тұрған электр құрылғыларының қабілеттілігін арттыру мақсатында, сондай-ақ 2021-2022 жылдардың күзгі және қысқы маусымына дайындыққа орай «Көкшетау Энерго» серіктестігінің бөлімшелері кешенді жөндеу жұмыстарын жүйелі түрде жүргізді. Айталық, өткен жылы компанияның мамандары 35 кВ және одан жоғары кернеулі 62 подстансаға, 3,3 мың шақырым әуе, 29 шақырым кабельдік желілеріне, 700 данаға тең 10/0,4 кВ трансформаторлы подстансаларға техникалық қызмет көрсетті. Бұл көлем – өткен жылдардағы көрсеткішпен салыстырғанда, 52,8 пайызға жоғары. Статистикалық мәліметке қарасақ, 10/0,4 кВ қуатты электр желілерінің бойындағы апатты жағдайлардың көпшілігі дәл осындай желілердің бойында орын алатыны белгілі. Өткен жылы 50 шақырымдық электр желілері жаңартылды. Жаңғырту негізінен тұрғын үйдің кіреберісіне дейін тартылған кабельдерге қатысты. Мұндай жұмыс Көкшетау қаласы мен екі облыстың бірқатар ауданында қолға алынды. Энергетиктер ескірген темір-бетонды бағаналарды алмастыру жұмысын әлі де жүргізуде. Соңғы үш жыл ішінде 7 мыңға жуық осындай темір-бетонды тіректер жаңасымен алмастырылды.
Жаңғырту жұмыстары трансформаторлық подстансаларға да қатысты. Мәселен, Көкшетау қаласындағы екі КТП алмастырылды. Оның қызмет аясына №21 мектептің маңында орналасқан 400-ден аса абонент кіреді. Дәл осындай жұмыс Щучье, Тайынша қалалары мен Краснояр, Саумалкөл ауылдарында және Бестөбе кентінде де жүргізілді. Осы жылы осындай 9 трансформатор подстансасы орнатылды.
Компанияның ең негізгі энерго нысандары 2021 жылға жоспарланған инвестициялық бағдарламалар шеңберінде қамтылды. 110/35/10 кВ «Тихоокеанская» подстансасы «Көкшетау Энерго» серіктестігімен, «Солтүстік Қазақстан электр желілері компаниясы» акционерлік қоғамының 110 кВ желісімен жалғасады. Жаңғырту аясында бұрынғы майлы ажыратқыштар жаңа заманғы вакуумдық ажыратқыштармен алмастырылды. Осындай іс-қимылдың нәтижесінде, жаңа қалып жүзеге асырылды. Тайынша және Ақжар аудандарының электр желілерінде де осы сипаттағы жұмыс жүргізілді. Қазіргі уақытта қажетті құрылғылар алынып, дайындық-монтаж ісі қолға алынды. Осындай мақсатты жүргізілген іс-шаралар арқылы компания өз тұтынушыларын сапалы және сенімді энергиямен жабдықтауда.
Түрлі қиындықтар мен кедергілерге қарамастан, компания заманауи жаңа техниканы белсенді пайдалануда, сол арқылы техникалық қызметкерлер үшін қолайлы және жайлы еңбек жағдайын тудырып отыр. Биыл компания МТЗ-82 базасында ұңғыма қазғыш, асфальтталған жерлерде жылға қазуға арналған қондырғысы бар, жоғары вольтты сынақтарға арналған жылжымалы электр зертханасын, оған қажетті барлық техникалық қондырғыны, ГАЗ-33098 ВИПО базасында автогидрокөтергішті, жүк көтеру мүмкіндігі 25 тоннаға еркін жететін «КамАЗ» көлігі базасындағы автокранды, сондай-ақ «Фермер» «Патриот» УАЗ 4 автомобильді, 2 бұрғылау машинасын және JAC S7 автомобильдерін сатып алды. Жоғарыда аталған барлық іс-шаралар компанияның инвестициялық бағдарламасының аясында жүзеге асырылды. Ал жаңа тех-
никаны сатып алуға 200 млн теңгеден астам қаражат жұмсалды. Тек соңғы үш жылдың ішінде компанияның гараждары 30 бірліктен астам арнайы техникамен және жеңіл автокөліктермен толықтырылды. Бүгінгі таңда кәсіпорын жұмысшыларының орташа еңбекақысы 133 964 теңгені құрайды. Мәселен, статистикалық көрсеткіштің соңғы үш жылын алатын болсақ, компания қызметкерлерінің жалақысы 2,5 еседен астам өскендігін байқауға болады. Қарапайым электр монтерінің жалақысы 2018 жылы 57 мың теңгені құраса, биыл бұл көрсеткіш 126 мың теңгені құрады.
Шалғайдағы ауылдық округтерді электр қуатымен жабдықтау мәселесіне айрықша назар аударылуда. Бұл орайдағы негізгі мақсат – энергия шығынын азайту. Анығырақ айтсақ, 110 кВ-ға арналған қосалқы станса ұстау экономикалық жағынан тиімсіз. Осыған байланысты ұжым мамандары Солтүстік Қазақстан облысының аудандарында жоғарыда аталған типтегі стансаны оңтайландыру жұмыстарын әрі қарай жүргізбекші.
Енді бірауыз сөзді кадр мәселесі төңірегінде айта кетелік. Кадр жетіспеушілігі – энергетика секторының өткір мәселесі. Серіктестікте қызметкерлердің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуға көңіл бөлінуде. Бұған дейін жалақының төмен болуы кадрлардың тұрақтамауына әсер етіп келген болатын. Сонымен қатар дәстүрлі оқыту әдісімен университеттер тек теориялық білімі бар жас мамандарды оқытып шығарады. Университеттер ескірген технологиялармен оқытады. Ал өндірісте олардың бейімделуі басталады, өйткені маманға біліммен қатар тәжірибе мен іскерлік қажет. Өндіріс неғұрлым күрделі болса, соғұрлым ұзақ бейімделу болмақ. Бұл факт халықаралық оқыту тәсілін қолдана отырып, мамандарды даярлау процесін қайта қарауды талап етеді. Бес, тіпті одан да көп уақыт ішінде білікті кадр даярлау мүмкін емес.
– Әлем өзгеруде. Демек біз де заманауи қызмет көрсетуге тиістіміз. Энергетиктерден саланы басқарудың заманауи тәсілдерін жүзеге асыру талап етілуде. Оған айтарлықтай қаражат қажет, – дейді серіктестік басшысы Досымхан Аралбаев, – 2019 жылы «Көкшетау Энерго» серіктестігінде заманауи биллинг жүйесі жобасы іске асырылуда. Бұл жүйе тұтынушылар тарапынан да оң бағасын алып отыр. Біз ескірген абоненттік және өнеркәсіптік сектор бағдарламаларынан бас тартып отырмыз. Жаңа жүйе интернет және пайдаланушының тиісті рұқсаты болған кезде кез келген компьютер немесе смартфон арқылы жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Біздің қызметкерлеріміз де қашықтықтан жұмыс істей алады. Жұмыс сапасына нұқсан келмейді.
Салада қордаланып қалған мәселелер де аз емес. Жасыратыны жоқ, соңғы жылдары электр энергетика саласын түбегейлі жаңғырту туралы аз айтылып жүрген жоқ. Бұл орайда желілердің тозуы, техникалық мүмкіндігінің заман ағысына ілесе алмауы, инвестициялардың аздығы туралы мәселелер туындауда. Алдымен электр желілерінің тозуының белең алуы туралы таратып айта кетелік. Мамандардың айтуына қарағанда, ағымдағы тарифтік саясат қолданыстағы желілерді қайта құру бойынша ауқымды жұмыс жүргізуге мүмкіндік бермейді екен. Жаңғырту көрмегендіктен желілерді дамыту жүзеге асырылмай, керісінше, тозуы жиілеп барады. Бүгінгі таңда серіктестік 16 мың шақырымнан асатын әуе желілері арқылы қызмет етуде. 0,4-10 кВ кабель желілері 332 шақырымды құрайды. Оның үстіне 3 мыңға жуық қосалқы станса бар.
Кәсіпорын электр желілерін өз күшімен жөндеп, қанағаттанарлық жағдайда ұстауға тырысқанымен, бұл орайдағы шаруа айта қаларлықтай емес. Желілердің тозығы жеткен. Тіпті қырық жылдан астам жұмыс істеп тұрған желілердің бір бөлігі 80 пайызды құрайды. Электр энергиясын беру тарифіне енгізілген жаңғырту бағдарламасы барлық электр қондырғыларын жылына шамамен 0,5 пайыз жаңартуға ғана мүмкіндік береді. Соңғы бес жыл ішінде электр жабдықтарын жаңғыртуға инвестиция құйылғанымен, жалпы көлемнің 4,2 пайызы ғана ауыстырылған. Қазір қаржыландыру тек жеке жабдықтың жұмысын сақтау үшін ғана жеткілікті. Мұндай жағдайда физикалық тозу ұлғайып, апат көбеймек. Демек электр энергиясымен жабдықтау сапасына сенім азаяды.
Ауыл тұрғындарының үдере көшіп, қатары сиреп қалуы да өз әсерін тигізуде. Кейбір шағын ауылдардағы отбасы саны елуге де жетпейді. Міне, осының нәтижесінде, электр энергиясын тұтыну көлемі азаятындығы белгілі. Шағын ауылдарды электр қуатымен қамтамасыз ететін 110 кВ, 35 кВ қосалқы стансалар босқа жұмыс істейді. Әрі шағын ауылдар шалғайда орналасқандықтан, желілердің ұзындығы да айта қаларлықтай. Осылайша, тұтынушыларға электр энергиясын жеткізу шығындары 100 есеге дейін көбейетіні бар. Осындай олқылықтарға қарамастан серіктестік шалғайдағы елді мекендерді электр энергиясымен қамтамасыз етуді тұрақты жүзеге асыруда.