• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Әлем 06 Наурыз, 2022

Украина-Ресей: Дағдарыстың шешімі табылар емес

1119 рет
көрсетілді

Украина халқының алғашқы жарылыстан бері тыныштық пен ұйқыны ұмытып, жертөле мен метрода тығылуға мәжбүр болғанына он күннен асты. Ресей армиясы бірнеше қаланы атқылап, маңызды стра­­тегиялық аймақтарда, бейбіт аудандарда қиян-кескі ұрыс жүр­гізіп жатыр.

 

Украина мен Ресей арасындағы келіссөздердің екінші раундының нәтижесі бойынша гуманитарлық дәліз құру туралы келісім жасалғаны мәлім болды. Келіссөзден кейін Ресей президентінің көмекшісі – Ресей делегациясының басшысы Владимир Мединский тараптар келіс­сөздер барысында 3 түрлі мә­селені – әскери, халықаралық-гу­манитарлық және болашақта шие­леністі саяси реттеу мәселесін тал­қы­ға салғанын айтты. Алайда келесі күнгі оқиғалар гуманитарлық дәліз туралы келісімнің орындал­ма­ға­нына көз жеткізді.

Украина аумағында соғыс өрті тұтан­ғанына он күннен асты. Ша­буыл тоқтамады. Украинаның бір­қа­тар қалаларындағы атыс туралы хабарламалар бар. Ресей армиясы Киевтің солтүстік-батыс шетіндегі Ирпен қаласын атқылағаны туралы айтылды. Елдің оңтүстігіндегі ахуал тіпті күрделі. Мариуполь қа­ла­сында атыс жалғасып жатыр. Бейбіт халықты қаладан шығару үшін атысты тоқтата тұру туралы ке­лісім жүзеге аспағанға ұқсайды, Ресей әскері бірден қайта атқылауға көшкен. Украинаның шығысында орналасқан Харьков пен Сума да оқ астында қалған. Харьков қаласы ұрыстан кейін қатты зардап шеккені байқалады. Украина астанасынан солтүстік-батысқа қарай Гостомель әуежайының айналасында да ауыр шайқастар жалғасқан. Ресей әскері Киевті қоршауға алу үшін соққылауды жалғастырып жатыр. Дегенмен, Киев пен Харьковты үздіксіз бомбалағанмен, екі қала да Украинаның бақылауында екені хабарланды.

Ресей жалға алынған ұшақтар­да орындалатын көптеген халық­ара­лық рейстерді тоқтатуға тырысып жатыр. Бұл қадам санкциялар қол­данылатын елге келген кезде ұшақ­тар­ды алып қоюдың алдын алуға бағытталған. Ресейдің мемлекеттік авиация басқармасы шетелде жалға алынған әуе кемелері бар ресей­лік авиакомпанияларға 6 нау­рыз­дан бастап және шетелдер­ден Ре­сейге 8 наурыздан бастап жолаушы­лар мен жүктердің рейс­те­рін тоқ­та­та тұруды ұсынды. Ре­сей­дің «Аэро­флот» ұлттық авиаком­па­ния­сы 8 нау­­рыздан бас­тап Бе­ла­русь-Ресей ба­ғы­тынан басқа бар­лық ха­лық­ара­лық рейстер­ді тоқ­та­ту­ды ұй­ғарды. Бұл ше­шім жұмыс­қа ке­дер­гі келтіретін «қо­­­сымша жағ­дай­лар» себебінен қа­был­­данды деп түсіндірілді.

Сондай-ақ АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен Польша-Украина шекарасында Украинаның Сыртқы істер министрі Дмитрий Кулебамен кездесу үшін арнайы келді. Д.Кулеба АҚШ-қа көрсеткен кө­мегі үшін алғысын білдіріп, соны­мен бірге одан әрі әскери қолдауға, атап айтқанда, Украина әуе кеңіс­ті­гін ұшуға тыйым салынған аймақ ретінде мойындауды сұрады. Алай­да бұл мәселеде НАТО-ның қолы байлаулы екені айтылған. Өйткені бұл әрекет арқылы Украина мен Ресей арасындағы дағдарысқа НАТО мүшелері де араласқанын біл­ді­реді делінді. Осылайша АҚШ Украинаның барлық тілегін орындай алмайтынын білдірді. Украина президенті В.Зеленский осы үшін де Батыс елдерін сынға алған еді. Ресей президенті В.Путин де Батыс ел­дерін Украина әуе кеңістігінде ұшу­ға тыйым салынған аймақ құ­ру­ға көмектескен елдер соғысқа ара­­ласты деп саналатынын ескертті.

Израиль премьер-министрі Наф­тали Беннеттің Кремльге Вла­димир Путинмен кездесуге бар­ғаны бел­гі­лі болды. Келіссөздер ша­ма­мен екі жарым сағатқа со­зыл­ған. Н.Беннет кеңсесі бұл туралы Кремльдегі кездесуден бұ­рын АҚШ-қа хабарлағаны айтыл­ды. Израиль үкіметі бұл дағда­рыс­та шынымен делдал бола ала ма, жоқ па деген пікірталастар бол­­ға­ны белгілі. Келіссөз туралы ұсы­­ныс білдірген өзге де елдер бар. Де­генмен, бүкіл әлем Мәс­кеу­ден теріс айналып жатқан тұста Из­раиль премьер-министрінің жеке ұшып барғаны Н.Беннет ұсы­ны­сын жеңіл қабылдамау керек еке­нін көр­сет­кендей.

Мәскеу Украинаға қолдау біл­дір­­ген елдерге шүйліге бастаған се­кілді. Ресейдің Сыртқы істер ми­нистр­лігінің өкілі Мария Заха­ро­ва Ресей Ұлыбританияның Киев­пен немесе өзі айтқандай, «Украи­наның ұлтшыл күштерімен» ынты­мақ­тастығын ұмытпайтынын мәлім­де­ді.

«Роскомнадзор» Ресей аумағында Meta компаниясына тиесілі Facebook пен Twitter әлеуметтік желі­лерін блокқа қойғанын айта кет­кен жөн. Одан бөлек кейбір бұ­қаралық ақпарат құралдарының жұ­мысы тоқтатылып, Украинадағы «арнайы операция» жайлы жалған ақ­парат таратқандарға қылмыстық жаза қолданылатын болды. «Арна­йы операцияны» соғыс деген қол­данушылар, басылымдар немесе қаза болған сарбаздар туралы ресми ақпаратпен сәйкес кел­мейтін мә­лі­мет таратқандар жауап­кер­ші­лік­­ке тартылады.

Владимир Путин Украинадағы соғыс туралы «жалған ақпарат» тарат­қаны үшін айыпталған адам­дар үшін 15 жылға дейін бас бос­тан­дығынан айыруды қарас­ты­ра­тын заңға қол қойған соң Ресейден CBS News, BBC-дің АҚШ-тағы хабар тарату серіктесі және ABC News шетелдік бұқаралық ақпарат құ­рал­дары жұмысын тоқтататынын мәлімдеді.

Украинамен қатар Еуроодаққа кіруге Молдова мен Грузия да өтініш білдірді. Болашағын Еуропалық одақпен байланыстырғысы келе­тін елдер бұл мемлекеттердің бағыт-бағдары демократия жолына сай келетінін және халқының қалауы осы екенін айтты.

Еуроодақ елдері үшін соңғы күн­дер күрделі болғаны анық. Ұйым шекарасында, Еуропа аума­ғын­да болып жатқан соғыс жылдам әрекеттерді қажет етті. Санкциямен қатар, Украинадан қашқан азаматтарды қабылдау керек болды. БҰҰ-ның Босқындар жөніндегі агенттігі жақында украин босқындарының саны 1,5 миллион адамнан асуы мүмкін екенін хабарлады. Еуроодақ шекарасына келген босқындарға бір жыл қалуға мүмкіндік беретіні белгілі болды. Сондай-ақ әлемнің ірі қалаларында мыңдаған адам Ресейдің Украина аумағына басып кіруін айыптап, көшеге шығып, қолдау білдіруді жалғастырып жатыр. Тбилиси, Прага, Франкфурт, Вильнюс, Лион, Братислава Лис­сабон, Люцерн, Лондон, Сеул, Джакарта, Ла Пас және басқа да қала тұрғындары шеруге шығып жатыр.

Келіссөздердің үшінші раунды дүйсенбіде өтеді деген ақпарат бар. Осыған дейінгі екі кездесудің айтылған уақытта өтпегеніне қа­рап, бұл келіссөздің де нақты қашан өтетінін айту қиын. Және осы­ған дейінгі келіссөздердің аса сәтті өтпе­­генін, соңғы кездесуде келісіл­ген­­дей бейбіт тұрғандардың кетуіне жол берілмегенін ескерсек, алдағы келіссөздің қалай өтетінін болжау мүм­кін емес. Екі тараптың да ұс­та­ны­мы белгілі.

Ресейдің әрекетін тоқтатып, тұ­сау­ға тырысқан санкциялар әлі де жалғасып жатыр. Киім, жиһаз, авто­көлік, технология, жеңіл өнеркәсіп салаларындағы белгілі компаниялар бірінен соң бірі жабы­лып, енді бірі уақытша жұмысын тоқтатып жатыр. Ресей үкіметі Батысты «эко­номикалық қарақшылыққа» қатыс­ты деп айыптап, Мәскеудің жауа­бы көп күттірмейтінін мәлімдеді.

Украинадағы жағдайға әлемнің ірі державаларының барлығы алаң­да­ғанда одан Қытай елі де тыс қал­мады. Бастапқыда Ресейдің әре­ке­тіне бейтарап қараған Қытай екі елге келісімге келу керек деген де пікір білдірді. Дегенмен Батыс ел­дері секілді қарсылық біл­дір­ме­гені үшін сынға қалып жатыр. Қытай билігі 2022 жылы ұлттық қорғаныс шығындарын 7,1 пайызға, яғни 1,451 триллион юаньға (229 миллиард доллар) дейін арттыруды жоспарлап отырғаны белгілі болды. Алайда Қытайдың Ресеймен жақын қарым-қатынасы Батыс елдерін алаңдатып отырғаны анық.

Ресейдің мұндай басқыншылық әрекетке баруы мүмкін екенін ес­керт­­­кен АҚШ-тың барлау қыз­ме­­тінің мәліметіне көпшілік сенім­сіз­дікпен қарады. Өкінішке қарай, Ресей Украинаға соғыс ашты. Ке­ліс­сөздер әзірге нақты нәтиже бе­ріп жатпағанын көріп отырмыз. Керісінше, соңғы кездесудегі гу­ма­­нитарлық дәліз туралы келісім орын­далмады. Әзірге Еуразия ке­ңіс­­тігіндегі ең ірі дағдарысты сырт­­тай бақылап, экономикалық шы­ғы­нын болжаудан басқа қолдан келер шара жоқ секілді.