• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Экономика 07 Наурыз, 2022

S&P халықаралық агенттігі растады

146 рет
көрсетілді

2022 жылғы 4 наурыз күні S&P халықаралық рейтинг агенттігі Қазақстан Республикасының тәуелсіз кредит рейтингінің «BBB-» деңгейінде растады, болжамы «тұрақты». Кредит рейтингіне орнықты фискалдық позиция, ауқымды сыртқы резервтер, мұнай нарығындағы жағымды жағдай сияқты факторлар қолдау көрсетті.

 

S&P пікіріне қарағанда, геосая­си жағдай Қазақстан мен Ресей арасындағы тығыз саяси, қаржы­лық және экономикалық қарым-қаты­нас­тар­ға қарамастан мемлекеттің кредит рей­тингіне ықпал еткен жоқ. Ресейге қатысты қабылданған экономикалық санк­циялардың қосымша әсері реттеуге келеді және Қазақстан үшін ең маңызды экспорт нарықтарына қолжетімділігін шектемейді.

Кредит рейтингінің сақталуының ше­шуші факторы ретінде мемлекеттік бо­рыш деңгейінің төмендігі мен айтар­лық­тай өтімді активтермен ерекшеленетін мемлекеттің тұрақты фискалдық позициясын қарастыруға болады. S&P сарапшыларының пікіріне сүйенсек, Ұлттық қордан бюджетке аударылатын трансферттердің көлемін шектейтін бюджеттік ережені басшылыққа алу және мұнай өндірісінің көлемін арттыру Қазақстанға  тұрақты фискалдық позициясын сақтауға мүмкіндік береді. Қазақстанның сыртқы резервтерінің көлемі айтарлықтай деңгейде сақталған, ал сыртқы қаржыландыруға мұқтаждығы төмен.

2022 жылы ІЖӨ-нің өсімін S&P 3,6% деңгейін құрайды деп болжайды. Агент­тік инфляция 2021 жылы Ұлттық банк орнатқан 4-6% дәлізден жоғары орта есеппен алғанда 8%-ды құрағанын және бұл жағдай іске асырылып отырған ынталандырушы фискалдық саясат пен импорттық тауарлардың бағасының өсуіне байланысты орын алғанын атап өтті. S&P болжамына сәйкес, инфляция өсімі 2025 жылға қарай баяулап 5%-ды құрайтын болады. Агенттік құбылмалық жағдайында Ұлттық банк бағалар тұрақ­тылығын сақтап қалу мақсатында база­лық мөлшерлемені 13,5%-ға дейін жоғарылатқанын атап өтті.

Сарапшылар Ұлттық банктің өз мандатын нығайту мен транспаренттігін күшейтуге бағытталған әрекетіне оң бағасын берді. S&P сарапшыларының пікіріне қарағанда, Ұлттық банктің 2023 жылы экономиканы қолдау бағдар­ламаларынан шығу бойынша жоспарлары, Қаржы министрлігімен бірігіп ішкі қайталама нарықтағы өтімділікті арттыру мақсатында табыстылық қисығын құруға бағытталған жұмысы монетар­лық саясаттың трансмиссиялық арнасын күшейтетін болады. Сонымен қатар Ұлттық банк құзыретінен қаржылық рет­теу бойынша қызметінің шығарылуы макроэкономикалық тұрақтылыққа баса назар аударуға мүмкіндік берді.

S&P сарапшылары айырбас­тау ба­ғамының еркін өзгермелілігі эко­номи­ка­ның сыртқы қысымға бейім­де­луіне кө­мектескенін атап өтті. S&P баға­лауынша, теңге бағамы 2022 жылдың екінші жартысында нығаяды.

Агенттік сарапшыларының пікірін­ше, кредит рейтингінің динамикасы мем­ле­кеттік басқару, мемлекеттік институт­тар саясатының одан әрі жетілдірілуі мен монетарлық саясат тиімділігі және банк секторының жағдайына тәуелді.