• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 06 Наурыз, 2022

Шаң баспаған шкаф

451 рет
көрсетілді

Баянауыл ауданына ат басын бұрған кез келген мейман ең әуелі әулие ақын, ұлы ойшыл, энциклопедист, тарихшы, философ Мәшhүр Жүсіп Көпеевтің кесенесіне баруды аңсап тұрады. Одан бөлек, Ескелді шатқалындағы мемориалдық музейде ғұламаның бірегей заттары сақтаулы.

 

Музейдің экскурсия жетекшісі Мәдина Пазылованың айтуынша, қорда Мәшhүр Жүсіп жазып қалдырған қолжазбалар көнелігіне қарамастан, көпшілігінің сапасы көңіл толарлық. Жазу барысында көк, қызыл, қара және өзге де сиялар өнбеген, тек су тиген беттерінің шеткі тұстары ғана өшіріліп қалған не үзілген екен.

– Қазіргі таңда музейде бойтұмар, тақия, қоржын, омырауша, шалбары мен белбеуі сынды өзге де жеке заттары қойылған. Сондай-ақ мазар үйінде кітап салынып тұрған шка­ф бар. Бұл шкафқа кіші ұлы Мұхаммед-Фазыл ие болған. Ал музейге экспонат ретінде 2019 жылы ақынның немересі Қажымұқан Пазылов өткізген. Мұны «буфет шкафы» деп атайды. Себебі оның ішінде ыдыс-аяқ сақтайтын болған, – дейді ол.

Мәшhүр Жүсіп көзі тірісінде мәңгілік мекенін екі бөлмелі етіп салдырған. Мазар сәулет өнеріне жатпаса да, бабамыз оның беріктігіне, құрылысты орындаушы адамдарға аса үлкен мән берді. Кіре беріс бөлмесіне Құран, кітап, ыдыс-аяқ, ертоқым, ат әбзелдері, насыбай үккіші мен шақшасын, сондай-ақ тұтынған заттарын сақтауды тапсырды. Мұнысы олай-бұлай жүрген жолаушылар пайдалансын деген мақсатты көздеген екен. Сол себепті бабамыздың әр жазбасы мен заттары, кітаптарының бізге және бізден кейінгі ұрпаққа берер тәрбиесі мен даналығы мол.