Қостанайда Халықаралық әйелдер күні қарсаңында өткен мерекелік жиында көпбалалы аналар алтын мен күмістен алқа тақты. Салтанатты іс-шара барысында облыс әкімі Архимед Мұхамбетов батыр аналарға жеті «Алтын алқа» және тоғыз «Күміс алқа» табыс етті.
Өңірдегі барша әйелдер қауымын атаулы мерекемен құттықтаған аймақ басшысы әйел заты қазіргі қоғамның қай саласында болсын ерекше орын алатынын атап өтті.
– Егер Қостанай облысы туралы айтатын болсақ, біздің әйелдер өңірдің қоғамдық және саяси өміріне белсенді қатысады. Бүгінде барлық деңгейдегі мәслихаттардың 267 депутатының 40 пайызы әйелдер. Қазір облыста 5,5 мыңнан астам мемлекеттік қызметші бар десек, оның 60%-ы – қыз-келіншектер. Жергілікті атқарушы органдарда 155 әйел басшылық лауазымдарда қызмет атқарады. Оның ішінде облыс әкімінің орынбасары, 6 облыстық басқарманың басшылары, қала және аудан әкімдерінің 22 орынбасары және аппарат басшылары, 31 ауылдық округ әкімі бар. Қазіргі Қазақстанның азаматшалары аса белсенді әрі жан-жақты. Әйелдер саясат, бизнес, білім мен ғылым, өнер мен мәдениет, спорт сияқты маңызды салаларда жоғары табыстарға қол жеткізіп, биіктерден көрініп келеді. Алайда әйелдің басты миссиясы – отбасы жылуы мен ошақтың берекесін сақтау болып қала береді, – деді Архимед Мұхамбетов.
Мерекелік жиынға Қостанайға алыстан арнайы шақырылған аты аңызға айналған актриса Меруерт Өтекешева да қатысты. Облыс әкімі көпшілік алдында қадірлі қонаққа ілтипат білдіріп, құрмет көрсетті.
– Меруерт Қаратайқызы Өтекешова әйгілі «Қыз Жібек» фильмінде басты рөлді сомдаған біртуар өнер қайраткері. Қыз Жібек даналықтың, сұлулықтың, кіршіксіз сүйіспеншіліктің эталоны болып саналады. Осында отырған ару аналарымыздың бәрі де ұлттық кино тарихындағы қайталанбас ғажайып туындыны көп мәрте қайтара көріп, Қыз Жібекке қарап бой түзеді десек қателеспейтін шығармыз. Ал Меруерт Қаратайқызы бізге дейінгі және бізден кейінгі замандағы қазақ қыздарына үлгі болып қала береді, – деді аймақ басшысы.
Облыс әкіміне, жалпы Қостанай жұртшылығына ризашылық білдірген Меруерт Өтекешова Тобыл өңіріне осымен екінші рет келіп отырғанын айтты.
Сән-салтанат пен алқызыл гүл шоқтарына толы мерекелік іс-шараның соңы өңір өнерпаздары әзірлеген концерттік бағдарламаға ұласты.
ҚОСТАНАЙ