• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Пікір 07 Наурыз, 2022

Amanat партиясының қоғамдық қабылдауы

698 рет
көрсетілді

Премьер-Министрдің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов Amanat партиясының республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінде азаматтарды қабылдады.

Екі сағаттан астам уақытқа созылған қабылдауда Премьер-Ми­нистрдің орынбасары 6 азаматтың мәселесін қарады. Астана, Алматы, Қызылорда және Петропавл қала­ларының, Шығыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарының тұрғындары өздерін толғандыратын мәселелерін жеткізді. Кездесуде қосылған құн салығы бойынша тіркеу шегін төмендетуді ескере отырып, қоғамдық тамақтану саласындағы салық саясаты, Көкшетау қаласы мен облысты газдандыру жобасын жүзеге асыру және қаржыландыру тетігін анықтау, сондай-ақ Алма­тыда Қытайдан келетін техника мен қосалқы бөлшектердің көр­месін өткізу және т.б. мәселелер талқыланды.

Шығыс Қазақстан облысы әкім­дігіне Бақыт Сұлтанов Өскемен қаласы тұрғындарына арналған, жеке бизнес салып жатқан қысқы ойын-сауық кешеніне өндірістік инфрақұрылым жүргізу және электр беру желісін монтаждау мәселесін қарау мерзімін созбауды тапсырды. Қаржы министрлігіне Amanat партиясының ұсынылған қоғамдық қабылдау бөлмелерінде қоғамдық тамақтану кәсіпорындары (МКК) үшін салық салу (арнайы салық режімі және ҚҚС бойынша есепке қою) мәселелері бойынша ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тап­сырды. Сондай-ақ ол жұмысқа «Ата­мекен» ҰКП-ны тарту қажеттігі ай­тылды.

«Біздің кәсіпкерлер ҚҚС режімі қоғамдық тамақтану саласының барлық қатысушысына әсер етеді деп қауіптенеді. Бүгін Қаржы министрлігінен бірнеше кәсіпкер ҚҚС-қа көшу шарттары бойынша толық түсініктеме алды. Енді мұны нарықтың барлық қатысушысына міндетті түрде түсіндіру қажет. Оған салалық қауымдастықтарды, бірінші кезекте мейрамхана бизнесі қауымдастығын тарту қажет», деді Б.Сұлтанов.

Сондай-ақ вице-премьер Ақтөбе әкімдігіне қала тұрғыны көтерген мәселені шешу бойынша (орындалған жұмыстың актілеріне қол қою бюрократия салдарынан ұзап жатыр деп шағымданды) берген тапсырмасын партиялық бақылауға алуға шақырды. Бақыт Сұлтанов барлық өтінішке толық жауап берді. Amanat партиясының қабылдау бөлмесінде көтерілген барлық мәселе Премьер-Министр орынбасарының жеке бақылауына алынды. Жауапты тұлғаларға тиісті тапсырмалар берілді.