• RUB:
    5.63
  • USD:
    477.15
  • EUR:
    522.43
Басты сайтқа өту
Пікір 07 Наурыз, 2022

Уәде қағаз жүзінде қалмауға тиіс

105 рет
көрсетілді

Партия атауының Amanat болып өзгеріп жатқанының өзі жақсылықтың нышанындай көрінеді. Бұл – ұлтымыз үшін өте киелі ұғым. Президент айтқандай, егемендігіміз, елдігіміз бен бірлігіміз, кең-байтақ жеріміз – бізге бабалардан жеткен аманат болса, осы аманатқа қиянат жасамай, болашаққа мирас етуіміз керек.

Қазір әлемдегі ахуал өзгеріп жатыр. Осындай аумалы-төкпелі заманда Жаңа Қазақстан құруға жұмыла кірісіп жатырмыз. Халық өзгеріс күтіп отыр. Партияның аты өзгерген соң, заты да өзгереді деп сеніп отыр. Президентіміз өте дұрыс айтты. Партияның жұмысы ашық болуы керек, партия мүшелері халықтың мұңын естуі керек, кері байланыс жасауға тиіс. Жоғарыдан тапсырма күтіп отыратын күн артта қалды.

Енді сайлау кезінде халыққа берген уәделерді іс жүзінде іске асыратын уақыт келді. Президент те берілген уәделер қағаз жүзінде қалмауы тиіс екенін атап көрсетті.

Съезде партия жұмысын модер­низациялаудың жеті бағыты аталды. Бұл партияға, оның мүшелеріне жаңа мақсаттар мен нақты міндеттер жүктейді. Заман, уақыт, дәуір өз­ге­ріп, талап жаңарған сәтте әрқайсы­сымыз ісімізбен елімізді дамытуға үлес қосуымыз қажет.

Қазақстанның Азаматтық альян­­сының қатарындағы 3 мың ҮЕҰ-ның ұжымдық еңбегі елеулі.  Азаматтық қоғам – ҮЕҰ ғана емес, саяси партиялар, этномә­де­ни бір­лестіктер, кәсіподақ ұйым­да­ры, діни бірлестіктер, ақпарат құ­рал­дары, азаматтық белсенділер. Біз өңірлерде не болып жатқанын, ха­лық­ты қандай мәселелер тол­ғандыратынын жақсы білеміз.

Бүгінгі таңда қоғамда саяси жа­ңару туралы үлкен үміт бар. Адамдар өз құқықтарын қорғауға бел буды. Олар өзгерісті күтуде. Бұл жағдайда мемлекеттік органдардың жаңа өмір мен сын-тегеуріндерге бейімделе білуі ерекше маңызды болып отыр.

Белгіленген реформаларды табысты жүзеге асыру үшін азаматтық қоғам күш-жігерді біріктіруге тиіс. Өзара сенім негізінде қоғам мен мем­лекетті ортақ мүддеге жұмылдыру өте маңызды.

 

Бану НҰРҒАЗИЕВА,

«Қазақстанның Азаматтық альянсы» ЗТБ президенті