Бүгін, 29 наурыз күні футболдан Қазақстан премьер-лигасында үшінші турдың ойындары ойналды. Ол өткен турдағы бірдей ұпаймен алға ұмтылған 7 команданың 4-ін іріктеп шығарды. Бұл туралы ras.kz хабарлады.
Бар-жоғы 4 гол соғылуын тіркеген өткен турға қарағанда, бұл жолы алаңдар берекелі болды. Дәлірек айтқанда, алдыңғыдан 10 доп артық соғылып, жалпы сан 14-ке жетті. Бұған қоса, екі ойында ірі есеп өмірге келді.
Бүгінгі тур сағат 15:00-де «Ертіс» - «Атырау», «Тобыл» - «Жетісу» арасындағы мачтармен басталды. Бір қызығы, екі кездесуде де меймандардың мерейлері үстем көрінді. Бұлардың біріншісінде атыраулықтар 11-минутта Милош Трифуновичтің соққан голы арқасында 1:0 есебімен жеңіске жетті. Хазар теңізінің жағасынан келген футболшылар бұл ойында айтарлықтай басымдық танытты. Ал Жетісу жігіттері жеңістің есебін бұдан да гөрі сенімді ете білді. Олар 45-минутта Заречный, 74-минутты Шафф салған доптардың көмегімен 2:0 деген есепті таблода жандырды. Соңғы гол пенальтиден салынды.
Арада бір сағат өткенде, алаңға «Тараз» - «Шахтер» командалары шықты. Бұл кеншілердің нағыз «шынжырдан босанып» кеткендей дауылды ойыны болды. Қарағандылықтар ойынның 70-минутында алаң иелерін 5:0 етіп ұтып тұрды. Соңғы голды тараздықтар 80-минутта салып, ойынның өздері үшін 1:5 есебімен болып аяқталуына қол жеткізді. Ал есеп 15-минутта Вичюстің голымен ашылды. 42-минутта Қонысбаев есепті 2:0-ге жеткізді. Содан соң екінші таймда Саломов екі рет (55, 67-минуттар) алаң иелері қақпашысына дарбазадан доп алдырса, 70-минутта Финонченко көзге түсті.
Келесі сағатта (17:00) «Ақтөбе» - «Спартак», «Астана» - «Қайсар» командалары матчтарын бастады. Қазір топ басында келе жатқан ақтөбеліктер чемпионат дебютантын 3:0 етіп тізе бүктірді. Ойында Зенькович дубль (17, 58) жасаса, Шабалин (47) бір гол соқты. Екінші ойынның соңында жанжал туып кете жаздады. Алаң иелері негізгі уақыттан кейінгі қосымша уақытта аяқ астынан пенальтиге қол жеткізіп, кездесуді 1:0 етіп, өз пайдасына шешіп кетті. 11 метрлік айып добын Дамир (менің аттасым!) Кояшевич салды.
Ал бәрінің соңынан, 18:00-де ойындарын бастаған «Қайрат» пен «Ордабасы» арасындағы текетіресте қонақтардың жеңіске жеткені аян болды. Түстіктен келген меймандар 84-минутта Юнузович салған доптың арқасында жеңіс тойын тойлады.
Үш турдан кейін топ басына «Ақтөбе», «Астана», «Атырау» және «Жетісу» командалары бөлініп шықты.
Дамир Қожамқұл.