Тобыл қаласындағы Нұржан Наушабаев мектеп-гимназиясының 5-сынып оқушысы Әдия Еркін Мәскеу қаласында көркемсуреттен өткен бүкілресейлік жас таланттар байқауының жеңімпазы атанды. Оншақты аталым бойынша онлайн режімде ұйымдастырылған өнер байқауының басты мақсаты – балалар шығармашылығын ынталандыру.
Әдия шығармашылық байқауға «Қысқы ертегі» деп аталатын суреттер топтамасын жіберіпті.
– Қазылар алқасы жүздеген туындының ішінен менің суреттерімді таңдап алып, бірінші орынға лайық деп таныпты. Бұл ұстазым, сурет пәнінің мұғалімі Ләйла Оспанова апайым екеуміздің ортақ жеңісіміз деп білемін, – дейді жас суретші.
Әдияның мектеп ішінен ашылған шығармашылық орталыққа барып жүргеніне көп бола қойған жоқ. Бұған дейін төрт жылдай бимен айналысты. Осыдан біраз жыл бұрын оқушылардың «Салтанат» би ансамблінің құрамында жүріп Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Майра Ілиясованың жетекшілігімен өткен «Жұлдыз болғың келе ме?» атты республикалық балалар байқауында бірінші орынды жеңіп алғаны бар. Алайда уақыттың тығыздығына байланысты би үйірмесімен қош айтысып, былтыр 1 қыркүйектен бері көркемсурет үйірмесіне барып жүр.
– Өзінің суретке әуелден қабілеті бар. Бірінші сыныптан бастап-ақ неше түрлі мультфильм кейіпкерлерінің суретін салуды ұнататын. Баланың ыңғайын байқаған соң, сурет үйірмесіне барып, мұғалімі Ләйла Темірбекқызының қолына табыс еттім. Содан қалмайды. Бала болған соң анда-санда тұмауратып, сырқаттанып қалады. Ондай кездерде сабаққа бармаса да, суретке барып келеді, – деді Әдияның әкесі Ерлан Есімханов.
Қостанай облысы