• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Парламент 08 Наурыз, 2022

Сенат Төрағасы аруларды мерекемен құттықтады

346 рет
көрсетілді

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай фейсбук әлеуметтік желісінде аруларды құттықтап, жазба қалдырды, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Құрметті ханымдар!

Баршаңызды Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Қазақ – ежелден ананы қадірлеген, қыз баласына ерекше құрметпен қараған халық. Отан-Ана, Жер-Ана, Ана тілі деп, өзіміз үшін ең қымбат, ең асыл құндылықтарды анамен байланыстыруымыз соның айғағы. Өйткені, ана – үйдің берекесін арттырып, шаңыраққа жылу сыйлайтын ең аяулы жан. Олар тек отбасының ғана емес, тұтас ұлттың ұйытқысы.

Қазіргі таңда елімізде әйелдер қауымының мемлекет және қоғам өмірінде алатын орны ерекше. Сіздер барлық маңызды салада нәтижелі еңбек етіп, елдіктің жүгін ер азаматтармен бірдей арқалап келесіздер. Шын мәнінде, аруларымыздың ақыл-парасаты мен ерік-жігері жұртты әрдайым алға жетелейді.

Бүгінде еліміз дамудың жаңа кезеңіне қадам басып отыр. Мемлекет басшысының бастамасымен «Жаңа Қазақстан» құруды қолға алдық. Осындай аса маңызды кезеңде де нәзік жандарымыз белсенділік танытып, ел үшін еселі еңбек ететініне ешқандай күмәніміз жоқ.

Президентіміз атап өткендей, алдағы уақытта мемлекет тарапынан әйелдердің құқығын қорғау, оларға өз мүмкіндіктерін толық пайдалану үшін тиісті жағдай жасау, көп балалы аналарға қолдау көрсету сияқты жұмыстар жалғаса береді. Бұл бағыт – еліміз үшін қашанда маңызды басымдықтардың бірі.

Бүгінгі мейраммен құттықтай отырып, баршаңызға зор денсаулық, құт-береке, шаттық пен бақыт және толайым табыс тілеймін! Мереке құтты болсын» деп жазды Мәулен Әшімбаев.